Оқылым дағдылары

Оқылым дағдысын меңгертудің негізгі жолдары

Оқылым дағдылары мәтінді әр мақсатпен оқуға мүмкіндік береді: бірде мәтіннің жалпы идеясын тез танимыз, бірде нақты деректі іздейміз, ал кейде әр сөйлемнің мәнін терең талдаймыз.

1) Мазмұнын түсіну үшін оқу (көз жүгіртіп оқу)

Мәтіндегі жалпы идеяны түсіну үшін мәтінді жылдам оқып шығу.

2) Нақты ақпаратты табу үшін оқу

Мәтіннен керекті деректі тез табу. Бұл жерде тұтас мазмұнды толық түсіну міндетті емес.

  • пайыздық көрсеткіштер;
  • жылдар;
  • қажетті сөздер мен атаулар.

3) Детальді оқу

Әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу.

Мысал: келісімшарт талаптарын немесе нұсқаулықты дәл түсіну.

4) Сөз мағынасын мәнмәтін арқылы анықтау

Таныс емес сөздің мағынасын болжау үшін оның айналасындағы сөздер мен сөйлемдерге назар аудару.

5) Мәтін құрылымын түсіну

Мәтін бөліктерінің ұйымдасуын тану: кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды.

6) Болжай білу

Оқылым алдында оқушылар мәтінді оқымай тұрып, тақырыбына, берілген иллюстрациясына немесе тірек сөздеріне сүйеніп, мазмұны мен көтерілетін мәселе туралы ой қозғайды.

Бұл тәсіл мәтінді қабылдауды жеңілдетеді және қызығушылықты арттырады.

7) Мәтін түрлерін ажырату

Сипаттау, хабарлау, талқылау сияқты мәтін түрлерін тану.

8) Экстенсивті оқылым

Үлкен көлемді мәтіндерді оқу: мақала, роман, әңгіме.

9) Интенсивті оқылым

Мәтіндегі сөйлемдердің грамматикалық құрылымын және белгілі бір тақырыпқа қатысты сөздерді талқылау үшін оқу. Мақсат — оқушылардың тілді дұрыс қолдану дағдысын тереңдету.

Оқылымға арналған сабақ құрылымы

Оқылым алды тапсырмалар

  • тақырыпты ашуға бағытталған жаттығулар;
  • сөздерді алдын ала үйрету;
  • мазмұнды болжауға арналған сұрақтар.

Оқылым тапсырмалары

Әртүрлі оқылым дағдыларын дамытуға арналған сұрақтар мен тапсырмалар. Алғашқысы жалпы мазмұнды түсінуге, кейінгілері нақты ақпаратты табуға бағытталғаны тиімді.

Оқылымнан кейінгі тапсырмалар

Мәтінде көтерілген мәселе мен деректерге қатысты талқылау сұрақтары. Сұрақтар оқушылардың жаңа сөздер мен ұғымдарды қолдануына, сондай-ақ өз өмірлік тәжірибесімен байланыстырып, көзқарасын білдіруіне мүмкіндік беретіндей құрастырылуы қажет.

Сыныптар бойынша оқылым мақсаттары

5-сынып: «Киім. Сән. Талғам»

  • 5.2.3.1 — жарнама құрылымы мен ресімделуі арқылы жанрлық ерекшеліктерін ажырату.
  • 5.2.5.1 — мәтін мазмұнын түсінуге және нақты ақпаратты анықтауға бағытталған сұрақтар құрастыру.

7-сынып: «Көшпенділер мәдениеті»

  • 7.2.3.1 — хроника құрылымы мен ресімделуі арқылы жанрлық ерекшеліктерін ажырату.
  • 7.2.4.1 — идеясы ұқсас публицистикалық және көркем әдебиет стиліндегі мәтіндерді тақырыбы, құрылымы, мақсатты аудиториясы және тілдік ерекшелігі бойынша салыстыра талдау.

7-сыныпқа арналған тапсырма үлгісі

Оқылым алдындағы тапсырма

Талқылау сұрағы:

  • Публицистикалық стиль мен көркем әдебиет стилінің айырмашылықтары қандай?

Оқылым тапсырмасы

Екі мәтінді салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын анықта:

  • мәтін түрі;
  • мақсаты;
  • мазмұны;
  • стилі мен тілі.

Мәтін: «Халқын сүйген — салтын сүйеді»

Үлгі мәтін

Бүгін де тәуелсіз ел болып, өз тізгініміз өз қолымызға тиді. Осындай шаттыққа қол жеткізгенімізге 20 жыл болды. Көк байрағымыз самал желмен тербеліп, Әнұранымыз көгімізде қалықтап, Елтаңбамыз төрімізде тұр.

Тарих сахнасынан талай ел, талай өркениет жоғалды. Ал бабаларымыз мыңдаған жыл бойы осы кең далада көшіп-қонып, тілін де, ділін де жоғалтпай, далалық мәдениетін мәпелеп, бізге мұра етіп қалдырды.

Өткен дәуірден жеткен асыл мұраның бірі — салт-дәстүр. Қазақ халқы оны күнкөрісіне, ұрпақ тәрбиесіне, тұрмыстық қажеттіліктеріне және басқа да игіліктеріне жарата білді.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-санамызда күні бүгінге дейін маңызын жоймаған дәстүрлер бар. Ұлы Абайдың: «Адамда әрбір нәрсеге қызығушылық, білмекке құмарлық болады», — деген сөзі бар. Баба-әжелерімізден қалған дәстүрлерді оқып, біліп, үйрену — құнды іс. Ұнағанын күнделікті өмірде қолдануға болады. Қай нәрсені де білгеннің зияны жоқ.

Дереккөз туралы

ОҚО, Мақтаарал ауданы, Т. Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Қалиева Мейрамкүл.

Материал: «Оқылым дағдысын меңгерту жолдары».