Сібір тарихы еңбегінде Орта жүз туралы жазған мәліметі ерекше бағалы

18 ғасырдағы Қазақстан мәдениеті

Қазақстанның Ресей құрамына енуі елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Осы кезеңде Қазақстанды орыс және шетел ғалымдары жүйелі түрде зерттей бастады. Экспедициялар мен ғылыми еңбектер өлкенің географиясын, этнографиясын, саяси ахуалын және тарихи деректерін кеңірек танытты.

Зерттеу экспедициялары және ғылыми мұра

Князь Александр Бекович-Черкасский экспедициясы саяси қатынастар тұрғысынан сәтсіз аяқталғанымен, Батыс Қазақстан аумағын игеру мен танып-білуде ғылыми жағынан маңызды болды.

И. Д. Бухгольцтің әскери жорық экспедициясы I Петрдің «Азияға жол іздеу» талабымен құрылған арнайы тапсырма ретінде ұйымдастырылды. Экспедиция құрамында болған тұтқындағы швед И. Г. Ренат «Жоңғария картасын» жасады.

Г. Ф. Миллер Қазақ хандығы туралы мәліметтерді оқып, зерттеп, жүйеге келтірген. Оның «Сібір тарихы» еңбегіндегі Орта жүз туралы деректері ерекше құнды. Миллер жазбаларында жоңғар тұтқынынан Абылай сұлтанды босатуға қатысқаны жөніндегі мәлімет те кездеседі.

П. И. Рычков Қазақ өлкесінің этнографиясы туралы терең ғылыми мұра қалдырды. «Орынбор өлкесінің топографиясы» және «Орынбор тарихы» еңбектерінде қазақ тарихының даму кезеңдерін, күрделі түйткілдерін атап өтеді.

П. И. Рычковтың ұлы, капитан Н. П. Рычков «Қырғыз-қайсақ даласы туралы күнделік жазбаларында» Еділ қалмақтарының қазақ даласы арқылы Қытайға ауа көшуі жөніндегі деректерді, Кіші жүз қазақтарының өмірі туралы қызықты бақылауларды келтіреді. Сондай-ақ Әбілқайыр ханның сол кезде жақсы сақталған бейітін сипаттап жазған.

Неміс саяхатшысы әрі натуралист П. С. Паллас «Россия мемлекетінің әр түрлі аймақтарына саяхат» еңбегінде халықтың жағдайын, қоныстануын және әскери бекіністердің салынуын суреттейді.

И. Муравин, Д. Галдышев, Я. Гуляев Әбілқайыр мен Нұралы хандардың ордасында бірнеше рет болып, Орск маңындағы хандар мен сұлтандардың съезіне қатысқан. Олар өлкедегі саяси жағдайды бақылап, сипаттап жазды.

Ауыз әдебиеті және жыраулар дәстүрі

Қазақ мәдениетінің тарихында XVIII ғасыр айрықша орын алады. Бұл кезеңде халық ауыз әдебиеті кең өріс алып, жыраулар мен ақындар ел бірлігі, ерлік және тарихи тұлғалар туралы жырларды молынан таратты.

  • Ақтамберді жырау шығармаларын Қаракерей Қабанбайға, Қанжығалы Бөгенбайға арнаған.
  • Тәтіқара ақын жырларында шақшақ руынан Жәнібекті, дулат руынан Бөкей мен Сағырды, Дербісәліні, уақ руынан Баянды және Бөгенбайдың ерліктерін шабытпен жырлады. Сонымен қатар Абылайдың айрықша қасиеттерін де дәріптеді.
  • Үмбетей жырау Абақкерей руының батыры Жауғашарға, Бекболат биге арнап жыр шығарған. Бөгенбай батырға арналған жоқтауында Абылайдың өмірі мен қызметін, көрнекті қолбасшы Бөгенбайды мақтан тұтты.
  • Бұқар жырау өмірінің соңғы жылдары Абылайдың кеңесшісі болған.
  • Жанақ ақын шығармашылығының ең басты жетістігі — «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» поэмасының кең тараған ерекше нұсқасын жеткізуі.