ҒҰЛАМАЛАР ҚАҚПАСЫ
Сабақ туралы мәлімет
Өтетін орны
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Үшағаш ауылы — Үшағаш негізгі жалпы білім беретін мектебі
Пән және мұғалім
«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі — Жұмаева Нұрия Сапиоллақызы
Тақырыбы
Тілім — менің тірегім
Мақсаты
Оқушылардың тіл мен Отан құндылықтары туралы түсінігін кеңейту.
Міндеттері
- Ана тілінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Ана тіліне деген қызығушылық пен құштарлықты арттыру.
- Ана тілін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Сабақтың барысы
Шаттық шеңбері
Оқушылар шеңберге тұрып, бір-бірімен және мұғаліммен сәлемдеседі. Мұғалім сабақтың тақырыбын таныстырып, төмендегі өлеңді бірге айтуға шақырады:
Ана тілім — ұраным,
Ана тілім — құралым.
Ана тілім болмаса,
Болмас еді жыр-әнім.
Ана тілім — елдігім,
Ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса,
Бүтінделмес кемдігім…
Сахналау
Ана тілінің маңызын түсіндіру және оқушылардың туған тілін тереңірек тануға қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ сахналау түрінде ұйымдастырылады. Күй: С. Тұрысбековтің «Көңіл толқыны».
Көрініс
Ортаға патша шығады:
Патша:
«Тілдер патшалығына саяхат жасауды көптен көңіліме түйіп жүр едім. Соның сәті бүгін түскен сияқты. Мен қазақ тілі туралы көбірек білгім келеді».
Таным бөлігі
Мұғалім:
«Сонау V–VI ғасырлардан бастап уақыт сынына төтеп беріп, бүгінгі күнге дейін жеткен Орхон–Енесей, Талас сына жазулары қазақ тілінің өркендеп, гүлденген дәуірін айғақтайды».
«Ғұламалар қақпасы»
Мұғалім:
«Қазақ тілі — Әйтеке, Төле, Қазыбек билердей шешендердің, Абай, Жамбыл, Ахмет, Мағжан, Сәкен, Мұхтар сынды алып ақын-жазушылардың, Қажымұқан мен Бауыржандай батырлардың тілі. Қазақ тілі — халқына қызмет еткен Ш. Уәлиханов пен Т. Рысқұловтай арыстардың тілі».
Патша:
«Туған тілім туралы өлең тыңдағым келеді».
Оқушылар орындайтын өлең: «Туған тілім»
Туған тілім — бабам тілі — өз тілім!
Туған тілім — анам тілі — өз тілім!
Туған тілім — далам тілі — өз тілім!
Туған тілім — адам тілі — өз тілім!
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
Талдау сұрақтары
- Неліктен тілді анамен байланыстырамыз?
- Қандай адам өз тілін құрметтейді?
- Неліктен өз тілінде сөйлейтін адам сыйлы болады?
«Қазына қақпасы»: жұмбақ хат
Патша қақпаны ашуға тырысады, бірақ қақпа ашылмайды. Есікті қаққанда, арғы жағынан қағаз түседі. Нөкері оқиды:
«Дүниеде не ащы? Дүниеде не тәтті?»
Мұғалімнің түсіндіруі
Бұл сұрақтың жауабын білу үшін біз Данышпан атаға хат жолдаған едік. Бүгін сол хаттың жауабы келді.
«О, хан ием! Дұрыс сөйлей білудің өзі — өнер. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жанды босатады. Сондықтан тіл — тәтті. Жебе салған жара жазылар, балтамен оталған орман қайта өсер, бірақ тілден тиген жара жазылмас. Сондықтан тіл — ащы».
Осы сәтте қақпа ашылып, «Ана тілім — қазынам» атты кітап патшаның қолына тиеді.
Мақал-мәтелдерді толықтыру
Патша балалардан кітапта берілген мақал-мәтелдердің жалғасын табуды өтінеді:
- 1. Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса, …
- 2. Өнер алды — …
- 3. Жіптің ұзыны, сөздің … жақсы.
- 4. Піл күшті емес, … күшті.
- 5. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы … тарайды.
- 6. Жүйелі сөз — жүйесін табар, жүйесіз сөз — …
Патша:
«Ойпырым-ай! Тілдің құдіреті осы екен. Балалар, сіздерге үлкен рақмет. Енді барып үш ұлымды сынап көрейін».
Әке мен үш ұл туралы мысал
Мұғалім патшаның ұлдарын қалай сынағанын баяндайды.
Әкесі бірінші ұлына қонаққа келеді. Дастарқан жайылып, ет асылады.
Әкесі: «Қарағым, ана еттің жақсы жерінен бір кесіп берші».
Ұлы: «Әрине, санның еті дәмді».
Әкесі: «Енді жаман жерінен кесіп берші».
Ұлы: «Тіс өтпейтін сіңір ғой».
Екінші ұлы да дәл осылай сый-құрмет көрсетеді.
Үшінші ұлына келгенде әкесі:
Әкесі: «Балам, еттің жақсы жерінен берші».
Ұлы: «Тіл» береді.
Әкесі: «Енді жаман жерінен берші».
Ұлы: Тағы да тілден кесіп береді.
Әкесі: «Неге жақсысынан да, жаманынан да тіл бердің?»
Ұлы: «Әке, жақсы да, жаман да, ұрыс-керіс те, өсек те — осы тілден шығады. “Екі елі ауызға төрт елі қақпақ” дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, еш уақытта ұрыс-керіс болмас еді. Басқа пәле — тілден».
Әкесі: «Дұрыс екен, балам. Бүгін көп нәрсені ұқтым. Ақылыңнан ажырама».
Дәйексөз және түйін
Сахналаудан және өмірлік тәжірибемізден түйетін ой: тіл балаға ананың ақ сүтімен бірге, дүниеге келген сәтінен-ақ беріледі. Тіл — адамды танытатын күш: жақсы сөз адамды өсіреді, жағымсыз сөз адамды өшіреді.
Өз тіліңді жетік біліп, дамыту — халқыңды таныту. Ал ана тілі қолданылмай, ұмытылса, ұлттың да әлсірейтіні ақиқат.
С. Торайғыров:
«Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім»
Жаңа ақпарат
Мемлекеттік тіл
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі.
Азаматтық міндет
Ана тілін сүю, құрметтеу және оны мақтаныш ету — әрбір азаматтың парызы.
Тапсырма
«Ана тілің — арың» деген сөздің мағынасын түсіндіріңдер.
Дәптермен жұмыс
Нақыл сөздерді оқып, мағынасын түсіндіріңдер:
-
Ш. Айтматов: «Тілі жоқ жерде — ұлт жоқ».
-
А. Жұбанов: «Әр халықтың ана тілі — білімнің кілті… Біздің жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын».
-
Б. Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту».
Жүректен жүрекке
Қаның, жаның — тіліңде,
Арың, нәрің — тіліңде.
Ұмтыл оны білуге,
Тілден алып ғибрат,
Құлшынасың білімге.
Ана тілің — ертегің,
Ана тілің — өркенің,
Ана тілің — ертеңің.
Қадірле ана тіліңді —
Жүрегіңнің бөлшегін.