Шығармадағы негізгі кейіпкерлер
Сабақ тақырыбы: Ж. Аймауытов — «Қартқожа»
Пән
Қазақ әдебиеті, 9-сынып
Оқу мақсаты
Тапсырмалар арқылы «атқарушы» ұғымын меңгерту, тапсырма орындау дағдысын қалыптастыру, тақырыптың мәнін түсіндіру және оның түрлерін ажыратуға үйрету.
Басталуы: «Қайталау — оқу анасы»
Білу: бағыттаушы сұрақтар
- 1 Жүсіпбек Аймауытов кім?
- 2 Автордың қандай көлемді шығармалары бар?
Жүсіпбек Аймауытов туралы қысқаша дерек
Жүсіпбек Аймауытов — жазушы, драматург, ақын, аудармашы, зерттеуші. Ол Баянауыл өңірі, Қызылтау атырабында туған. Алғаш өлеңін 13 жасында жазған.
1914 жылы Павлодар қаласындағы орысша-қазақша екі сыныптық мектепті бітіріп, Семейдегі оқытушылар семинариясына түсіп, оны 1918 жылы аяқтайды. 1913 жылы «Қазақ» газетінде алғашқы мақаласы жарияланды. Алғаш Абайға еліктеп, қалам ұстаған.
Семинарияны тәмамдаған соң Оқу комиссариатының мүшесі болды, «Қазақ тілі», «Ақ жол» газеттерінде әдеби қызметкер ретінде еңбек етті, Шымкент педагогика техникумында директор қызметін атқарды. 1929 жылы репрессияға ұшырап, 1931 жылы атылды.
Ол қысқа шығармашылық ғұмырында педагогика, психология, методика, тәрбие мәселелері бойынша зерттеулер жазып, әдеби сынға араласты. «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» сияқты романдары мен повестері, сондай-ақ драмалық пьесалары мен әңгімелері қазақ әдебиетінде мол мұра болып қалды.
Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін және көркем проза тәсілдерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі — Жүсіпбек Аймауытов.
Түсіну: «Қартқожа» романының мәні
Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романы тұңғыш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. Бұл — қазақ кедейінің өмірін, әлеуметтік арпалыстар кезеңіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде бейнелеген қазақ әдебиетіндегі алғашқы елеулі шығармалардың бірі.
Романда революция алдындағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, әлеуметтік қақтығыстар тұсындағы өзгерістер және азаттық жолындағы күрестен кейінгі жаңаша ұмтылыс шыншылдықпен көрсетіледі. Жазушы тартыстар арқылы қазақ кедейінің қоғамдық теңсіздіктің себептерін ұғынуға талпынуын нанымды суреттейді.
Тарихи оқиғалар желісі
- 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы және оның 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне ұласуы
- Ел ішіндегі әлеуметтік күрестер, «Алашорда» құрылуы
- Ақ әскерлер мен большевиктер тартысы, Қазан төңкерісі және азамат соғысы
Қартқожа да, оның елі мен жұрты да осы оқиғалар аясында есейіп, өмір шындығын танып, алға ұмтылады, болашаққа үмітпен қарайды.
Ортасы: қолдану тапсырмалары
1) Тақырып
Әлеуметтік теңсіздік, білімге ұмтылу.
2) Идея
Революция кезеңіндегі қазақ қоғамының шындығын бас кейіпкердің өмір жолы арқылы жан-жақты бейнелеу.
3) Негізгі кейіпкерлер
- Қартқожа
- Жұман
- Қартқожаның әжесі
- Дәрмен
- Андрей
- Қасен
- Полидуб
4) Қосалқы кейіпкерлер
- Тұңғышбай
- Жеңгесі
- Кенжеқара
- Шідербай
- Шәкірт
- Болыс
- Имақан
- Бәтіш
- Гүлсім
- Қарындасы
- Өшетіл
- Бабатай
5) Әдеби бағыт және жанр
Әдеби бағыт: сыншыл реализм
Жанр: проза (роман)
6) Бас кейіпкер бейнесін мәтіннен тану
«Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта — астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10–11 шамасы болар. Екі жеңі сауыс, бетінің бір жағы сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны… Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа…»
Тапсырма: үзіндідегі детальдар арқылы Қартқожаның мінезін, әлеуметтік жағдайын және ішкі күйін сипаттап жазыңыз.
7) Монологті табу және талдау
«Қартқожа қазағын, елін сүйеді. Байын, жауызын емес, бұқарасын, кедейін, жалшысын, жерін, суын сүйеді. Қазақ пен орыс төбелесіп жатса, орыстікі зорлық деп ұққысы келеді. Бірақ орыстан көрген жақсылығын ұмытпайды, орысты да бауыр тұтқысы келеді. Андрей, Полидубтерге қазақтың неше Жайдарқандарын құрбан қылғысы келеді. Қазақ та орыс та Андрейдің, менің көргенімді көрсе, көзі ашылса, менің жүрегімдей бауырмал жүректері болса, зорлық, қиянат, теңсіздік жоғалар еді-ау деп, бір мезет ойлайды.»
Сұрақ
Монолог қандай жағдайда айтылады (оқиға, кейіпкердің көңіл күйі, ішкі тартыс)?
8) Салт-дәстүр көріністері
- Підияға отыру (өлген адамның күнәсін мойнына көтеру)
- Әмеңгерлік салты
- Тұрмыс-салт көріністері
- Күрес, ән салу
9) Нақыл сөз
Іздесең, табасың
Тапсырма: нақыл сөздің роман идеясына қатысын 2–3 сөйлеммен түсіндіріңіз.
10) Көркемдегіш тәсілдер («Үй іші» бөлімі бойынша)
Эпитет
аз, нашар атаның тұқымы; момын адам; қоңыр адам; біртоға жан
Метафора (ауыстыру)
төрт-бес қарасы; алданышы; азбеніші — ораза ашары; қуаты, қуанышы — үш-төрт қарғасы
Тұрақты тіркес
құтты жеріне қондырды; тұңғышының аяғын шырмады
Синекдоха
әр ауылдың, әр үйдің бір қазан бұзары, бір биі
Ирония
«осы байғұстың…»
Егіздеу (параллелизм)
барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз
Синонимдер
жабықса, тарықса; жыртық- тесік; аман-есен; момын, біртоға; қарағым, шырағым; ұрыс-жанжал
Антонимдер
жазы — қысы
Көнерген сөздер
болыс, ауылнай, молда
Тапсырма
Әр тәсілге мәтіннен кемінде бір мысал тауып, оның көркемдік қызметін (әсерін) қысқаша түсіндіріңіз.