Тапсырма аты

Сабақтың мақсаты мен мазмұны

Бұл оқу іс-әрекетінің тақырыбы — «Ғ дыбысы және әрпі». Негізгі мақсат — балаларды Ғ дыбысы және оның әріп таңбасымен таныстыру, ойлау қабілеті мен қиялын дамыту.

Сабақ барысында балалардың Ғ дыбысы бар сөздер мен сөйлемдер құрастыруына ерекше назар аударылады, сөздік қорын байытып, байланыстыра сөйлеуге үйретіледі. Сонымен бірге жазуға қолын жаттықтыруға арналған тапсырмалар орындалады.

Көрнекі құралдар

  • Кеспе әріптер мен буындар
  • Жұлдыз және зымыран бейнелері
  • Ғаламшарлардың суреттері
  • Дидактикалық материалдар

Сабақтың барысы

1) Жылулық шеңбері

Балалар, қане, бәріміз Жермен, Күнмен және достарымызбен амандасайық.

Амансың ба, алтын Күн!

Амансың ба, Жер ана!

Амансың ба, достарым,

Сендерді көрсем қуанам!

2) Әңгімелесу: ғарыш тақырыбына кіріспе

Сұрақтар:

  • Аспанда нелер болады?
  • Зымыран бізге не үшін қажет?
  • Зымыранмен кімдер ұшады?
  • Зымырандар ұшатын орынды қалай атаймыз?

Қазақстаннан алғаш ғарышқа ұшқан ғарышкерлер — Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев. Олар ғарышқа ұшып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл кісілер — еліміздің мақтаныштары, ержүрек батырлар, халық қаһармандары.

Осындай батыл, ержүрек болу үшін біз білімді, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары азамат болып өсуіміз керек.

Балалар, сендер де ғарышқа ұшқыларың келе ме? Онда бүгінгі сабақта Тоқтар ағамен бірге ғарыш әлеміне саяхат жасап, қызықты тапсырмалар орындаймыз — яғни ғарышкерлер боламыз.

Ғарышқа бару үшін алдымен «Жұлдызды қалашықта» даярлықтан өтуіміз керек.

3) Даярлық тапсырмасы: жұмбақты дұрыс шеш

Жұмбақ:

Көп әріп ішінде,
Шалғы пішінде.
Тап, мұны түсін де.

Жауабы: Ғ әрпі.

Талқылау:

  • Ғ дыбысы қандай дыбыс?
  • Неліктен ол дауыссыз дыбыс?
  • Оны қандай текшемен белгілейміз?

Кеспе әріптен Ғ әрпінің бас және кіші түрі көрсетіліп, көк үйге орналастырылады.

«Сиқырлы кітапқа» назар аударайық. Тапсырманы сәтті орындадыңдар — енді ғарыш әлеміне ұшуға рұқсат!

Кері санау:

10, 9, 8, 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1 — Кеттік!

4) Ғарыш әлеміндегі тапсырмалар

Біз ғарышқа да келдік. Алдымызда аспан әлемі және ғаламшарлар. Әр ғаламшар бізге құпия тапсырмалар дайындапты.

I тапсырма

Дыбыстық талдау

Суретке қарап, «торғай», «ғарыш», «қарға» сөздеріне дыбыстық талдау жасау. Осы сөздердегі ғ дыбысының орнын анықтап, түсіндіру.

II тапсырма

Буын және сөз оқу

Өткен дыбыстармен ғ дыбысын қатыстырып буындар мен сөздерді оқу.

Буындар:

ға, аға, а-ға

Үлгі тізбектер:

ғ-а → ға

а-ға → аға

Сергіту сәті

Аспан, аспан, арайлым,

Саған жиі қараймын.

Сені көзбен шоламын,

Мен ғарышкер боламын.

III тапсырма

Дидактикалық ойын: «Естелік»

Аспандағы жұлдыздар қандай тамаша! Олар жарқырап тұр. Егер ұнаса, ғаламшардан естелік ретінде жұлдыздар алып кетейік. Ол үшін сұрақтарға жауап береміз.

Сұрақтар:

  • Дыбыстар нешеге бөлінеді?
  • Дауысты дыбысты қандай текшемен белгілейміз?
  • Дауыссыз дыбысты қандай текшемен белгілейміз?
  • «А» дыбысы қандай дыбыс?
  • «Ана» сөзін буынға бөліңдер.
  • «Н» дыбысына сөз құрастырыңдар.

Жарайсыңдар! Жұлдыздарымызды қалталарымызға салып алайық.

IV тапсырма

Тіл ұстарту жаттығуы

Ға-ға-ға — атқа тақты таға.

V тапсырма

Ғ әрпін жазу

Алдымен бәріміз Ғ әрпін ауада жазып көрейік.

Енді дәптердегі үлгі бойынша үзік сызықтарды қосып, ғ әрпін жазамыз.

  • Үлгіге қарап, үзік сызықтарды қосу арқылы әріпті жазу.
  • Сурет бойынша сөйлем құрастыру және ғ дыбысы бар сөздерге талдау жасау.
  • «Артығын тап та қорша» тапсырмасын орындау.

VI тапсырма

Буын құрастыру

Өткен дыбыстар бойынша буын құрастырамыз:

та, па, на, ға

5) Қайту және қорытынды

Барлық тапсырманы жақсы орындадық. Енді мектебімізге қайтуға жиналайық.

Кері санау:

10, 9, 8, 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1 — Кеттік!

Балалар, сендердің білімдеріңнің арқасында бүгінгі ғарышқа сапарымыз сәтті аяқталды. Сендерге көп рақмет!

Қорытынды сұрақтар:

  • Бүгін біз қайда саяхатқа шықтық?
  • Қандай дыбыспен таныстық?
  • Ғ дыбысы қандай дыбыс?
  • Ғ дыбысына сөздер ойлап айтыңдар.

Балаларды мадақтау.