Коммуникативтік - тілдік басқа балалармен, ересектермен қатынасты құра білуінің қалыптасуына жағдай жасау
«Шеберлер еліне саяхат» ойын-сауық кеші (ересектер тобы)
Бұл кеш балаларды қазақ халқының мәдени мұрасымен, сәндік-қолданбалы өнер түрлерімен таныстыруға және шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталған. Ойын, тапсырма, қолөнер жұмыстары арқылы балалардың тілдік-қарым-қатынас дағдылары, эстетикалық талғамы мен кеңістікті бағдарлау қабілеті дамытылады.
Мақсаты
- Жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруына және ортаға бейімделуіне ықпал ететін әлеуметтік-рухани сапаларды қалыптастыру.
- Коммуникативтік және тілдік дағдыларды дамыту: балалармен және ересектермен дұрыс қарым-қатынас құра білуге үйрету.
- Сәндік-қолданбалы өнер арқылы әсемдікті сезінуін, ою-өрнекті үйлесімді орналастыруын және кеңістікті бағдарлауын дамыту.
Дамытушылық міндеттері
- Ой-қиялын, шығармашылық белсенділігін және эстетикалық талғамын арттыру.
- Ұлттық киім түрлері туралы түсінік беру, олардың ерекшеліктеріне назар аударту.
- Ою-өрнек элементтерін қолдану туралы ұғымдарын кеңейту: ботагөз, қызғалдақ, қошқармүйіз және т.б.
- Бөліктерді жинақтауда үйлестіруді, композиция құруды үйрету.
Тіл дамыту бағыты
- Ою-өрнек туралы тақпақ, жұмбақ айтқызу; өнер жайлы мақал-мәтелдерді қолдану.
- Сөздік қорын байыту және байланыстырып сөйлеуге баулу.
- Ою-өрнектің мағынасына қарай бөлінуі туралы қарапайым түсінік қалыптастыру.
Көрнекі құралдар
Ұлттық бұйымдар
Қазақтың ұлттық бас киімдері үлгілері, аяқ киім үлгілері.
Ою-өрнек материалдары
Дайын ою-өрнек үлгілері, шаблондар, тақтайшалар.
Қолөнер құралдары
Фольга, біздер, стандартты емес жабдықтар.
Сахналық элемент
Екі есікті үйдің макеті.
Кейіпкерлер
- Айсұлу ару қыз
- Дәу ертегі кейіпкері
- Қоян ертегі кейіпкері
- Қасқыр ертегі кейіпкері
-
Ата-аналар — іс-шараға қатысушы қонақтар.
Сценарий барысы
Тәрбиеші
Құрметті қонақтар, «Шеберлер еліне саяхат» атты ойын-сауық кешімізге қош келдіңіздер! Енді осы қызықты кешіміздің қатысушылары — №27 «Жігер» балабақшасының «Бәйшешек» тобының балаларын ортаға шақырайық.
Сахналық әрекет: қол шапалақтау. Балалар әуенмен кіріп, екі топқа бөлініп тұрады.
Тәрбиеші
Балалар, бүгін біз қызықты ертегілер еліне саяхатқа шығамыз. Жолымызда ертегі кейіпкерлерін кездестіреміз, олар бізге тапсырмалар беруі мүмкін. Сапарға шығуға дайынсыңдар ма?
Балалар
Иә!
Сахналық әрекет
Балалар әуенмен жүріп, үйдің алдына келеді.
Сахналық әрекет: есікті қағады. Есіктен Айсұлу шығады.
Айсұлу
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендер кімсіңдер?
Балалар
Біз №27 «Жігер» балабақшасының «Бәйшешек» тобының балаларымыз. Ал сіз кімсіз?
Айсұлу
Менің атым — Айсұлу. Қазақтың айдай сұлу қызымын. Мені патша сарайына қонаққа шақырған еді, бірақ киетін әдемі ұлттық киімім де, асыл әшекей бұйымдарым да жоқ. Көңілім түсіп жүр. Не істесем болады?
Балалар
Мұңаймаңыз! Үйіңізге барып, демала беріңіз. Біз сізге көмектесеміз.
Сахналық әрекет: Айсұлу үйіне кіреді. Балалар сапарын жалғастырады.
Тәрбиеші
Балалар, біз Айсұлуға көмектесеміз деп уәде бердік. Ендеше, уәдемізді орындайық. Бүгін бізде үш шеберхана жұмыс істейді. Әр шеберхананың өз шеберлері бар, олар сендерге жұмыстың ретін үйретеді. Қалауларың бойынша топтарға бөлініңдер.
Сахналық әрекет: балалар шеберханаларға бөлінеді. Әр үстелде жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар және атауы жазылған кестелер орналасқан: «Зергерлік шеберхана», «Киімдер шеберханасы», «Етік шеберханасы», «Бас киімдер шеберханасы».
Шеберханалар жұмысы
Қызықты ойындар мен шығармашылық тапсырмалар мерекелік көңіл күй қалыптастырады.
1) Зергерлік шеберханасы
әшекей бұйымдарТапсырма: білезік, алқа, сырға, шашбау жасау.
Барысы: балалар алдын ала фольгадан қиылып дайындалған үлгіге шаблон арқылы ою-өрнек түсіреді. Ою-өрнегі бар слюданы фольга бетіне қойып, қарындашпен жүргізеді, кейін өрнек сызықтарының бойын бізбен немесе ұшталған қылқалам сабымен жиі басып шығады.
2) Етік шеберханасы
ұлттық аяқ киімТапсырма: етік, кебіс, мәсі сияқты аяқ киім үлгілерін ою-өрнекпен безендіру.
Барысы: үлгінің ортасына және жиегіне ою-өрнек жапсырады. Желімді дұрыс пайдалану, өрнекті үйлесімді орналастыру және ұқыптылыққа мән беру ескертіледі.
3) Киімдер шеберханасы
әшекейлеуТапсырма: бешпет, көйлек, жеңсіз, шапан үлгілерін ұлттық өрнекпен көркемдеу.
Барысы: түрлі-түсті қарындаштармен балалар өздеріне таныс ою-өрнектерді (қызғалдақ, қошқармүйіз, құсқанаты) киімнің етегіне, жағасына және жиектеріне салады.
Қорытынды идея
Іс-шараның өзегі — балаларды ұлттық құндылықпен табыстырып, қолөнер арқылы шығармашылығын ояту. Ұжымдық жұмыс, тапсырма орындау және көркем безендіру балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, өз еңбегіне қуануына мүмкіндік береді.
Автор: Сыздықова Айсұлу Қайроллақызы
«Шеберлер еліне саяхат» (ересектер тобында өткізілген кеш)