Менюдің қасиеттері

Сабақ туралы мәлімет

Пәні: Информатика Сыныбы: 7 Сабақ тақырыбы: Терезе және оның элементтері мен құрылымы. Файлдар, бумалар және жарлықтар.

Сабақтың типі

Практикум элементтері бар, көрсете түсіндіру.

Сабақтың әдісі

Сөздік және практикалық әдістер (білім көзіне қарай топтастыру).

Оқыту ресурстары

  • Кітап, ережелер
  • Интерактивті тақта
  • АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар)

Құзыреттілікке бағытталған мақсаттар

  • Ақпараттық құзыреттілік: Windows терезелері, көрсету нұсқалары, басқару тәсілдері, меню және Windows анықтамалығымен жұмыс істеу мүмкіндіктерімен танысу.
  • Коммуникативтік құзыреттілік: терезе ұғымы, меню қасиеттері, негізгі элементтер, құрал-саймандар тақтасының арналуы туралы түсінікті дамыту.
  • Проблемалық құзыреттілік: тапсырмалар арқылы практикалық дағды қалыптастыру.
  • Тәрбиелік мақсат: эстетикалық тәрбие беру.

Пәнаралық байланыс

Физика және математика пәндерімен байланыс орнатылады.

Күтілетін нәтиже

Оқушылар Windows терезелерімен сенімді жұмыс істейді: терезені көрсетудің режимдерін ажыратады, активті терезені анықтайды, менюді қолданады, қолданбаларды іске қосып/жабады, айналдыру жолақтарын пайдаланады.

Білуі тиіс

  • Windows терезесі ұғымы.
  • Терезелерді көрсету нұсқалары.
  • Активті терезе ұғымы және оның белгілері.
  • Менюдің қасиеттері мен анықтамасы.
  • Қолданбалармен жұмыс істеу негіздері.
  • Терезенің негізгі элементтері.
  • Құрал-саймандар тақтасының арналуы.
  • Команданың активті/активті еместігінің белгілері.

Үйренуі тиіс

  • Терезелерді экранда үш түрде көрсету (толық экран, қалыпты, белгіше).
  • Активті терезені анықтау және терезені активтеу.
  • Терезелердің ашылмалы (созылған) менюін қолдану.
  • Windows анықтамалығымен (оқулығымен) жұмыс жасау.
  • Маус көмегімен қолданбаларды іске қосу.
  • Айналдыру (шиыру) жолағын қолдану.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  • Оқытушы: сыныпқа кіріп, амандасады; тазалықты тексереді; кезекшіден жоқ оқушылар тізімін алады.
  • Оқушылар: орнынан тұрып амандасады; жоқ оқушылар туралы ақпарат береді.
  • Нәтиже: зейін сабаққа шоғырланады, тәртіп пен дайындық қамтамасыз етіледі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Ауызша сұрақ-жауап арқылы тексеру.

III. Жаңа материалды түсіндіру

Негізгі ұғымдар: терезе, активті терезе, меню, қолданба, құрал-саймандар тақтасы, айналдыру жолағы.

Терезелер

Терезе — Windows ортасының негізгі ұғымы. Ол жақтаулармен шектелген экранның төртбұрышты бөлігі. Терезелердің әрбір түрін оқушыларға компьютерде тәжірибе арқылы көрсету маңызды.

Терезені көрсету нұсқалары

Толық экран

Терезе жайылып, экранды толық алады.

Қалыпты

Терезе экранның бір бөлігінде орналасады.

Белгіше

Терезе белгіше түрінде жинақталады.

Терезені басқару батырмалары

  • Терезені есептер тақтасына жию (минимизациялау).
  • Терезені толық экранға жаймалау/қалыпты күйге келтіру.
  • Терезені жабу (қолданбаның жұмысын аяқтау).

Ескерту: Тақырып жолының сол жағында терезені толық басқаруға арналған жүйелік меню батырмасы бар. Онда басқару батырмаларына ұқсас командалар орналасады.

Өлшемін өзгерту және жылжыту

Терезені қалыпты күйде мауспен жылжытуға, шекаралары мен бұрыштарын тартып өлшемін өзгертуге болады. Қалыпты нұсқада белгішелер мен терезелерді экран бойынша еркін орналастыру мүмкін.

Активті терезе және меню

Активті терезе

Бір уақытта тек бір тереземен жұмыс істейміз — ол активті терезе. Активті терезе әрқашан басқа терезелердің үстінде орналасады және тақырып жолағы айқынырақ түспен ерекшеленеді.

Активтеудің тәсілдері

  • Терезенің кез келген жерін мауспен шерту.
  • Есептер тақтасындағы сәйкес батырманы шерту.

Меню

Меню — қажетті әрекетті таңдауға болатын объектілер тізімі.

Қасиеттері

  • Меню бірнеше деңгейден тұрады: бас меню және бағыныңқы меню.
  • Кейбір командалар уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін.

Пункт түрлері

  • Нақты операцияны орындайтын команда.
  • Ауыстырып-қосқыш (қосулы/өшулі күй).
  • Таңдау өрісі (параметр таңдау).

Қолданбалармен жұмыс істеу

Әрбір қолданба әдетте жеке терезеде орындалады: ол экранның жартысын немесе түгел экранды алуы мүмкін. Қолданбаны іске қосу — терезені ашу, ал қолданбаны жабу — бағдарламаның жұмысын аяқтау.

Бірнеше қолданба

Бір уақытта бірнеше тереземен жұмыс істеуге болады, арасына маус арқылы оңай ауысасыз.

Белгіше

Қолданба көбіне атауы мен суреті бар белгішемен көрсетіледі.

Іске қосу тәсілі

Белгішені екі рет шерту немесе командалық жолға атауын енгізу.

Windows қолданбаларында әдетте жоғарғы бөлікте бас меню орналасады. Пунктті таңдағанда ашылмалы (созылған) меню шығады. Сондай-ақ жиі қолданылатын түрі — контекстік (қалқып шығатын) меню.

Көзге арналған жаттығулар

Компьютермен ұзақ жұмыс кезінде көзді демалдыру маңызды. Төмендегі жаттығуларды баяу, асықпай орындаңыз.

  1. 1–4-ке дейін санап, көзді қатты жұмып, кейін ашыңыз. 1–6-ға дейін санай отырып, алысқа қараңыз. 4–5 рет қайталаңыз.
  2. 1–4-ке дейін санай отырып, екі көзді күш салмай бір-біріне қаратыңыз, соңында 1–6-ға дейін санап алысқа қараңыз. 4–5 рет қайталаңыз.
  3. 1–4-ке дейін санап, басты қозғамай оңға қарап бір нүктеге көз тоқтатыңыз. Соңында 1–6-ға дейін санап, алысқа қараңыз. Осыны солға, жоғары және төмен бағытта қайталаңыз.
  4. 1–6-ға дейін санай отырып, көзқарасты диагональ бойынша жүргізіңіз: оң жақ жоғарыдан — сол жақ төменге, кейін алысқа қараңыз; содан соң сол жақ жоғарыдан — оң жақ төменге, кейін алысқа қараңыз. 4–5 рет қайталаңыз.

Көз жаттығуларын орындау кезінде жеңіл жалпы дене жаттығуларын да қосуға болады. Тұрақты гимнастика көзге түскен қысымды азайтып, денені сергітеді.

IV. Бекіту: сұрақтар мен тапсырмалар

Бақылау сұрағы

Қолданба дегеніміз не? Қолданба — Windows жүйесінің басқаруымен жұмыс істейтін бағдарлама.

1-тапсырма: Терезе элементтері

Компьютер экранында терезенің әрбір элементін көрсетіп, олардың қызметін түсіндіріңіз. Қажет болған жағдайда сөзжұмбақ түрінде бекітуге болады.

Сұрақ: Құрал-саймандар тақтасы не үшін керек?
Жауап: Онда жиі қолданылатын командаларға жылдам қатынауға арналған белгішелер мен батырмалар орналасады.

2-тапсырма: Құрал-саймандар тақтасы батырмалары

Төмендегі әрекеттерді құрал-саймандар тақтасындағы қай батырма арқылы орындауға болатынын көрсетіңіз (көрнекілік үшін түрлі түсті қарындаштарды қолдануға болады).

  • Басқа қапшыққа ауысу
  • Буферге жою (қиып алу)
  • Жою
  • Қасиеттер
  • Буферден кірістіру
  • Бір деңгейге жоғары ауысу
  • Орындатпау (болдырмау)
  • Алға қарай өту
  • Буферге көшіру
  • Кері ауысу

3-тапсырма: Айналдыру (шиыру) жолақтары

Сұрақтарға жауап беріңіз: нақты әрекеттер үшін қай басқару элементтері қолданылады?

Әрекет Құрал (нөмір)
Бір жолға жоғары айналдыру 1
Бір жолға төмен айналдыру 3
Бір жолға солға айналдыру 6
Бір жолға оңға айналдыру 4
Нақты бір жерге өту 2, 5
Оңға/солға үздіксіз айналдыру 4, 6
Жоғары/төмен үздіксіз айналдыру 1, 3

4-тапсырма: Терезелер арасында ауысу

Оқулықтың тиісті параграфына сүйене отырып қысқаша конспект жазыңыз және сұрақтарға жауап беріңіз.

Активті терезенің белгілері қандай?

Активті терезе басқа терезелердің үстінде тұрады. Оның тақырып жолағы қоюырақ түспен ерекшеленеді, ал есептер тақтасындағы сәйкес батырмасы басулы күйде көрінеді.

Терезені активті күйге қалай келтіреміз?

  • Терезенің кез келген жеріне шерту.
  • Есептер тақтасындағы сәйкес батырманы шерту.

5-тапсырма: Сұр командалар, белгілеулер және бағыныңқы меню

Сөйлемдерді толықтырыңыз (конспект ретінде де қолдануға болады):

  • Егер команда сұр түспен берілсе, онда ол уақытша қолжетімсіз, яғни активті емес.
  • Команданы активтеу үшін қажетті объектіні ерекшелеу керек.
  • Белгіше функцияның активті күйде екенін білдіреді. Оны алып тастау үшін сол команданы қайта таңдаңыз.
  • Белгіше команданың бағыныңқы менюі бар екенін көрсетеді. Мұндай команданы таңдағанда қосымша меню ашылады.

V. Үй тапсырмасы

  • Windows терезелері: құрылымы мен элементтері.
  • 6-тапсырма (2-бөлім).

Бағалау: орындаған жұмыстар мен жауаптардың сапасына қарай.

VI. Қорытынды

Сабақ қорытындыланады: негізгі ұғымдар қайталанып, практикалық дағдылар бекітіледі. Сабақ аяқталды, сау болыңыздар!