Өзге тілдің бәрін біл, Ана тіліңді құрметте

Мақсат пен тәрбиелік мәні

Тақырып

«Әліппемен аштық білім есігін, тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін».

Мақсаты

  • Оқушылардың Әліппеден алған білімін тиянақтау, оқу дағдысын бекіту.
  • Әліппе оқулығына құрмет пен жауапкершілікті қалыптастыру, оқулықтың мектеп өміріндегі орнын ұғындыру.
  • Оқушының іс-әрекеті арқылы қабілетін таныту, шығармашылығын дамыту.
  • Жаңа оқулықпен (Ана тілі) таныстыру, қызығушылығын арттыру.
  • Ата-ана, Отан, ел алдындағы борышты сезінуге, елін сүюге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Әліппе және Ана тілі макеттері, нақыл сөздер, шарлар, әріп таңбалары, цифрлар және басқа да материалдар.

Техникалық құрал

Мультимедиалық құрал (слайд, музыка, бейнематериал).

Ертеңгілік барысы

Кіріспе сөз (мұғалім)

Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Тәуелсіз еліміздің еңсесі биік, болашағы нұрлы болсын. Осындай мерейлі кезеңде қуанышымызға тағы бір қуаныш қосылып отыр: балаларымыз тұңғыш оқулығы — Әліппені аяқтады.

Кеше ғана ойын баласы болып жүрген бүлдіршіндер бүгінде жауапкершілікке қадам басып, сана-сезімі өсіп, оқу жолындағы алғашқы асуын абыроймен еңсерді. Бүгін олар Әліппеден алған білімін ортаға салады.

Әліппені бітіру — алдағы өмірге бастайтын талай белестің бірі. Бүгін біз сол белестен бірге өттік. Сондықтан бұл — бәрімізге ортақ салтанатты мереке.

Қош келдіңіздер! Ендеше, қол соғып қошеметтей отырып, ертеңгілігіміздің басты иелерін ортаға шақырайық.

Кейіпкерлердің диалогы

Әсем (Әліппе)

Сәлеметсіздер ме, құрметті қауым! Бар кітапқа бас болған — Әліппе, әріп атасы. Бар білімнің бастауы — Әліппе, ғылым анасы. Бүгінгі бас қосуымыздың себебі — менімен, Әліппемен қоштасып, менің ағам — «Ана тілімен» танысу, достасу.

Санжар (Ана тілі)

Көз салып қараңызшы бойымызға, ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға. Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар, Әліппемен қоштасу тойымызға!

Әсем (Әліппе): Қызық екен. Менімен қоштасатын достарым қайда?

Санжар (Ана тілі): Ойнап кеткен шығар.

Әсем (Әліппе): Жоқ, олар білімін арттырып, саналы оқушы қатарына енді.

Санжар (Ана тілі): Ендеше, оларды ортаға шақырайық.

«Әліппемен аштық білім есігін, тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін» атты салтанатты ертеңгілік ашық деп жарияланады.

Оқушыларды таныстыру (слайдпен)

Музыка әуенімен оқушылар ортаға шақырылады, әр бала туралы қысқа сипаттама айтылады.

Жансая

Әліппені көп оқитын, жанға сая болатын.

Асқар

Сабырлы, салмақты, үйренгенін тиянақтайтын.

Бекзат

Анасына қолғанат, іскер.

Жанерке

Сыныптың көркі, еркесі.

Әбубәкір

Талапты, алғыр, дара болар үміт.

Алмас

Өткір тілді, жаттауға жүйрік.

Меруерт

Қылығы сүйсінтер, ерке.

Нұрсұлтан

Есепке икемді, ұқыпты.

Дамир

Өнерлі: ән айтып, би билейді.

Бибінұр

Шебер, пысық, мейірімді.

Ернар

Ақылды, ата-анасының мақтанышы.

Дамиржан

Тәртіпті, айтқан тілді алатын.

Назгүл

Сөзі тәтті, сымбатты, өнерлі.

Абзал

Дос қадірін білетін, бауырмал.

Нұрдәулет

Шуағын шашатын, белсенді.

Ахмад

Қылықтары тәтті, көңілді.

Дәнел

Сыныптың еркесі, алғыр.

Қарлығаш

Әнімен көрінетін нәзік, талпынысты.

«Шашу!»

«Шашу, шашу шашайық! Ақ сандықты ашайық. Бұл мереке, бұл тойдың бастаңғысын жасайық».

Өлеңдер мен әндер: Әліппеге алғыс

Ахмад

Іші толған әріпке —
Жақсы кітап Әліппе.
Әліппені аламыз,
Мектепке біз барамыз.

Бибінұр

Жақсы кітап — Әліппе,
Үйретеді әріпке.
Қуыршақпен қоштастым,
Әліппемен достастым.

Ж. Нұрсұлтан

Мынау менің Әліппем — көгілдір туым түсіндей.
Ақылшы жақын досымдай,
Қымбатты маған кісімдей.

Дәнел

Бірінші беттен елімнің,
Елтаңбасын таныдым.
Көк байрақты қазақтың,
Ұрпағымын, сәнімін.

Нұрдәулет

Әсем ою-өрнекпен көмкерілген Әліппем,
Сен болмасаң білімге бастайтын жолды біліп пе ем?

Назгүл

Енді жаза білеміз, әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз, сүйікті біздің Әліппе.

Жансая

Бүкіл қазақ баласы дәріптеген,
Қоштаспақпыз сүйікті Әліппемен.
Ризамыз бәрімізді таныстырған,
Сөз бен дыбыс, әртүрлі әріптермен.

Алмас (оқушы пікірі)

Біз екі тоқсан бойы көп еңбек еттік: 42 әріпті түгел жаттадық. Әріпті әріпке қосып буын жасадық, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрап, бүгін қысқа әңгімелерді оқи алатын болдық. Енді сіз кетсеңіз, біз не істейміз?

«Ана тілімен» танысу және шарт

Әсем (Әліппе): Қорықпаңдар. Сендерге әрі дос, әрі ағамды ертіп келдім — бұл «Ана тілі». Енді сонымен дос боласыңдар.

Санжар (Ана тілі): Талаптыға бәрі бар — менен оқып алыңдар. Бірақ менің бір шартым бар: тапсырмаларды дұрыс орындаған оқушыға ғана «Ана тілі әлеміне» жолдама беремін.

Тапсырма 1

Әліппе туралы жатқа айтатын өлеңдер.

Тапсырма 2

Қазақ әліпбиін жатқа айту.

Тапсырма 3

«Ойна да ойла»: сурет, әріп, таңбалар арқылы жұбын тауып, топ құру және дәлелдеп сөйлеу.

Үзінділер (оқушылардан)

Ернар: «Бар кітапқа бас болған Әліппе — ғылым анасы. Әліппеден басталған даналықтың данасы».

А. Нұрсұлтан: «Әліппе деген алтын жол, апарады сені алысқа. Жеңіл емес ауыр жол — тырысып бақ намысқа».

Нұрдәулет: «А-ны айтқанда даусым дірілдеді, ұстазым көз алдында күлімдеді...»

Бекзат: «Ыстық әрбір беттерің, жазуыңды ұғамын. Ақыл бердің, Әліппем, тәрбие бердің, Әліппем».

Ұстазға және ата-анаға алғыс

Асқар

Ұстазымыз, сізге алғыс айтамыз — үйретуден жалықпаған еңбегіңіз үшін!

Жанерке

Бәрімізді сүйіп, үйреткен Әліппе мен ұстазға бас иеміз құрметпен.

Мұғалім сөзі

Аяулы оқушыларым, Әліппе досымызбен қоштасатын сәт келді. Оны сендерден кіші іні-қарындастарың күтіп отыр. Әліппеге қандай тілек айтасыңдар?

Абзал

Қош бол, құтты Әліппем, көп нәрсені үйреттің. Таныстырып әріппен, тақылдатып сөйлеттің.

М. Дамир

Қош, Әліппем! Биіктеткен асқарға, қанат берген шарықтауға аспанға. Қоштассақ та ұмытпаймыз өзіңді, тапсырамыз іні-қарындастарға.

Меруерт

Барлық әріп бағалы — айттық әділ бағаны. Әріпсіз сөз болмайды, буын онсыз толмайды.

Әбубәкір (ата-анаға)

Әліппемен қош айтысып қаламыз, енді қолға басқа кітап аламыз. Ата-ана, қуанышқа ортақ бол — сауатты боп шықты, міне, балаңыз!

Қорытынды бөлім: «Ана тілі» аманаты

Санжар (Ана тілі): Туған елдің тілімін, ақылыммен таныламын. Түсіндірер бәріне — Ана тілі пәнімін. Ана тілі — ұраным. Ана тілі болмаса, мықты болмас тұрағым. Балалар, енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендерге көп нәрсені үйретемін. Барлық қазына-байлық оқу-білімде.

Ортақ тапсырма (ата-ана мен оқушы)

  • Берілген әріптерден сөз тіркесін құрастыру.
  • Сол сөздің әр әрпін саралап, мағынасын ашып айту.

«АНАТІЛІ» (саралау үлгісі)

А — аманатты

Н — намыспен

А — абыроймен

Т — тәуелсіз

І — ізгі

Л — лебізбен

І — іске асырамыз

У. Дамир

Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, ана тіліңді құрметте!

Қонақтарға сөз және концерттік бағдарлама

Қуанышымызға ортақ болатын, бізді қорғап-ойлайтын мектеп директоры Жұмагүл Қосжанқызына сөз беріледі.

Сазды бағдарлама

  • «Қара жорға» биі
  • Әндер: «Облака», «Учат в школе», «Болайықшы осындай», «Дудар-ай»

Жабылу сөзі

Мұғалім: «Әліппемен аштық білім есігін, тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін» — себебі Әліппе бәрімізді табыстырды, әріптермен таныстырды. Білім алған адамның болашағы әрқашан жарық!

Барлығы:

Қош бол, сүйікті Әліппе!

Осымен «Әліппемен аштық білім есігін, тербетеміз Тәуелсіз ел бесігін» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Келгендеріңізге көп рақмет!