Ертегінің үзіндісін көрсету

Сабақ барысы

Сабақ қонақтармен сәлемдесуден басталады. Балалар «Шаттық шеңберіне» жиналып, көңіл күйді көтеретін жылы тілектерін бөліседі.

Жыл мезгілі туралы әңгіме

Тәрбиеші: «Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?»
Балалар: «Көктем».

Көктемнің сипаттары: шуақты, жылы, нұрлы, күміс жаңбырлы, әдемі, арайлы.

«Сиқырлы лебіз» сәті

Балалар алақандарына «жинаған» жылы лебіздерін сиқырлы дыбыс белгісі бойынша қонақтарға үрлеп сыйлайды.

Ертегімен байланыс: Маша көмек сұрайды

Ертегіден қысқа үзінді көрсетілгеннен кейін сұрақтар қойылады. Сол сәтте қоңырау сыңғырлап, орманнан хабар келеді: Маша аюдың үйінде қамалып қалғанын айтып, балалардан өзін құтқаруды өтінеді.

Тәрбиеші: «Балалар, Машаны құтқаруға барамыз ба? Қиын кезде достарға көмектесу керек пе?»
Балалар: «Иә!»

Жолға шығу: көлік және қауіпсіздік

Қалай барамыз?

Орман алыс болғандықтан, балалар көлік түрлерін атап шығады. Көп болғандықтан, бәрі автобуспен баруға келіседі.

Зуылдаймыз, зулаймыз,
Сапар шегіп алысқа.
Достарды біз қолдаймыз,
Қиын шақта қорғаймыз.

Өлең жолдары әнмен айтылады.

Бағдаршам ережесі

Жол полициясының ысқырығы естіліп, бағдаршам көрінеді. Балалар түстердің мағынасын еске түсіреді:

  • Қызыл — тоқтаймыз.
  • Сары — дайындаламыз.
  • Жасыл — жүреміз.

Бірнеше бала бағдаршам туралы тақпақ айтып береді. Жасыл жанған соң, сапар жалғасады.

Ормандағы тапсырмалар: кірпі мен түлкі

Балалардың алдынан әсем безендірілген орман шығады. Аюдың үйін табу үшін жол сұрағанда, алдымен кірпі көрінеді. Ол көмектесуі үшін балаларға тапсырма береді.

Дидактикалық ойын: «Көкөністер мен жемістерді ажырат»

Мақсаты: заттарды қасиетіне қарай ажырата білу біліктілігін бекіту.

Сергіту сәті

Аяқпенен топ-топ-топ,
Қолменен хлоп-хлоп-хлоп.
Бір оңға, бір солға,
Айналайық кел, мұнда.

Әнмен орындалады.

Келесі кейіпкер: түлкі

Жолда түлкі кездеседі. Ол да бағыт көрсету үшін балалардан тапсырмасын орындауды сұрайды: «Не артық?» (сурет бойынша).

Аюдың үйі: білімді көрсету арқылы Машаны босату

Әрі қарай аюдың үйі көрінеді. Аю сыртқа шығып, Машаны босату үшін балалардың өзі туралы не білетінін сұрайды: қандай ертегілерді, тақпақтарды айта алады?

Тапсырма мазмұны

  • Балалар аю туралы ертегілерді атайды.
  • «Үш аю» ертегісіндегі кейіпкерлерді атап, заттарды табады.
  • Ыдыстар мен жиһаздарды жалпы атаумен атауды (топтастыруды) көрсетеді.

Балалардың жауаптарына риза болған аю уәдесінде тұрып, Машаны босатады.

Маша: «Балалар, сендерге көп-көп рахмет!»

Маша балаларға сыйлықтарын таратады.

Қорытынды

Балалар автобусқа мініп, топтарына қайтады. Тәрбиеші сабақты қорытындылап, балалардан қайда барғандарын және кімді құтқарғандарын сұрайды. Қонақтармен қоштасып, сабақ аяқталады.

Автор туралы мәлімет

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті, «Балдәурен» балабақшасы КМҚК.
Тәрбиеші: Қаражигитова Раушан Аманқұлқызы.