Бала тілегі

Шығыс Қазақстан облысы, Зырян қаласы

«№ 9 орта мектеп» КММ

Матаева Аглиман Бултуқановна

Тақырып Тәуелсіз елдің татулығы жарасқан сыныбы

Бұл тәрбие сағаты оқушылардың тәуелсіздік, татулық, әдептілік және білімге ұмтылыс туралы түсінігін кеңейтуді көздейді. Негізгі ой — бақыттың өлшемі тек жеке жетістік емес, ел ішіндегі бейбіт өмір, бірлік, еңбек және жауапкершілік екенін ұғындыру.

Сабақтың мақсаты

1) Татулық туралы түсінікті тереңдету

Оқушылардың татулық туралы мағлұматын кеңейту, Отанды көркейтуге өз үлесін қосуға баулу.

2) Ой-өріс пен дүниетанымды дамыту

Тарихи оқиғаларға сын көзбен қарау, өз ойын еркін айту дағдыларын қалыптастыру.

3) Адамгершілік және патриоттық тәрбие

Отанға сүйіспеншілік, азаматтық ұстаным, жауапкершілік және өзара құрмет құндылықтарын нығайту.

Қолданылатын құралдар

  • 1 Қанатты сөздер, мақал-мәтелдер
  • 2 Көркем әдебиеттер
  • 3 Интерактивті тақта, слайд
  • 4 Оқушылардың суреттері (көрме ұйымдастыру үшін)

Сабақтың өтілу барысы

1-кезең

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Балалар, біздің туып-өскен жеріміз — Қазақстан Республикасы. «Ата-бабам тарихы — менің тарихым» демекші, ел басынан қандай ауыр кезеңдер өтті? Оқушылар өз білгендерін ортаға салады.

Көптеген ғасырлар бойы дана басшыларымыз кең-байтақ жерімізді сырттан төнген қауіп-қатерден қорғап келді. Жер бетінде азаттықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Қазақ халқы — ержүрек, достыққа адал, бауырмал, қонақжай халық.

Қазақстанда ынтымағы жарасқан көптеген ұлт өкілдері тұрады. Еліміз бүгінде дүниежүзінің көптеген мемлекетімен достық байланыс орнатып, әлем таныған елге айналды.

Талқылау сұрағы

«Тәуелсіздік» ұғымын қалай түсінесіңдер?

Азат Еркін Біреуге тәуелді емес Өз жері бар Мемлекеттік нышандары бар Байлығын өзі пайдаланады
2-кезең

Тәуелсіздікке апарған жол: Желтоқсан оқиғасы

Тәуелсіздіктің қазақ халқына қандай қиындықпен келгенін түсіну үшін тарихи деректерге назар аударамыз.

1-оқушының мәліметі

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналды. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 99 адам сотталды: Қазақ КСР Жоғарғы Соты — 11 адамды, Алматы қалалық соты — 59 адамды жазаға тартып, 2 адам ату жазасына кесілді. 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 1990 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 46 адам ақталды.

2-оқушының мәліметі

Бұл көтерілістің алғашқы құрбандарының бірі — Қайрат Рысқұлбеков. Ол әділетсіз айыптауға қарсы тұрып, соңғы сөзінде жастарды қайсарлыққа шақырған.

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең — алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Еркек тоқты — құрбандық,

Атам десең — атыңдар!

Қайрат Рысқұлбековтің ақтық сөзінен

Есте қалатын ой

Қайрат Рысқұлбеков — Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қайсар ұл, ұлттық батыр ретінде ел жадында мәңгі сақталды.

Арманның орындалуы

Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова және Қайрат Ноғайбайұлы секілді жастардың аңсаған үміті бүгін ақиқатқа айналды: Қазақ елі тәуелсіздігін алды, көк Туымыз асқақ желбіреді.

3-кезең

Бақыт ұғымы және «бақытты сынып» бейнесі

Сұрақ

Өздеріңді бақыттымыз деп санайсыңдар ма? Оқушы үшін бақыт дегеніміз не?

  • Білім алатын мектебіміз бар.
  • Мектебіміз жаңа заманға сай.
  • Компьютер және интернет қолжетімді.
  • Ата-анамыз, туған-туыстарымыз қасымызда.
  • Елімізде бейбітшілік орнаған.
  • Денсаулығымыз мықты.

Ән

«Бала тілегі»

Сендер — осы бақытты дәуірдің бақытты ұландарысыңдар. Ендеше, өз сыныптарыңның қандай болғанын қалайсыңдар?

Білімді Тату Әдепті Тәртіпті Өнерлі
Өлең: «Біздің сынып» (Аманжол Шамкенов)

Жұп жазбастан жүреміз,

Біздің сынып — мақтаулы.

Өйткені біз сүйеміз

Дәйім тәртіп сақтауды.

Біздің сынып — мақтаулы.

Оқуда да алдамыз,

Біздің сынып — өнерлі.

Жақсы үйреніп алғанбыз

Талай би мен өлеңді.

Біздің сынып — өнерлі.

Еңбекке де қолы епті,

Ынтымаққа дос ыңғай.

Біздің сынып — әдепті,

Біздің сынып осындай.

4-кезең

Талдау: әдеп, білім, тәртіп

Әдепті сынып болу үшін

Әдептілік деген не? Ол қайдан басталады? Сәлемдесу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, сөз мәдениетін сақтау — әдептің өзегі.

Білімді сынып болу үшін

Оқушылар өз ойларын ортаға салады. С. Шаймерденовтың «Оқығанның көзі ашық» әңгімесі оқылып, талданады.

Тәртіпті сынып болу үшін

Оқушы ережелері қайталанып, жауапкершілік, уақытты бағалау, бір-біріне кедергі келтірмеу сияқты дағдылар еске түсіріледі.

Мақал-мәтелдер сайысы: әдептілік туралы

Қанатты сөздер
  1. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
  2. Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
  3. «Сіз» деген — әдеп, «біз» деген — көмек.
  4. Жақсылыққа жақсылық — әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық — ер адамның ісі.
  5. Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды.

Өнерліміз — өрге жүзер өнерде,

Білімдіміз — ойда оқу біздерде.

Мақсатымыз — өнерлі боп жақсы оқу,

Өнер, білім — тең таразы біздерге.

Оқушылардың ұстанымы

Шығармашылық сәт

Оқушылар өз өнерлерін көрсетеді (ән, би, көрініс, мәнерлеп оқу).

5-кезең

Қорытынды: ел ертеңі — білімді ұрпақ

Сабақ соңында оқушылар бүгінгі тәрбие сағатында қозғалған негізгі ойларды жинақтайды: татулықтың қадірі, тәуелсіздіктің бағасы, әдептің мәні және еңбектің қажеттілігі.

Оқушылардың түйінді сөзі

  • Қайғы келсе — жеңілмейтін.
  • Бақыт келсе — семірмейтін.
  • Туған елін — қадірлейтін.
  • Біз боламыз — ел ертеңі.

Хормен

Біз — мектептің сенгені.

Сынып туралы шумақ

Біздің сынып — ерекше, тату-тәтті, зерек те. Аямайды бар күшін, сізге көмек керек те. Көп іскер де, шебер де: оқу, еңбек, өнер де. Бағаланған еңбегі — біз мектептің сенгені.

Сұрақ-жауап

Тәуелсіз еліміз қуатты болуы үшін қандай болуымыз керек?

Білімді Еңбекқор Жауапты Тәртіпті
Өлең: «Еңбек сүйсең…» (Нұрхан Жанаев)

Салақ болсаң жасыңнан,

Жалқау болсаң жасыңнан,

Шыбын кетпес қасыңнан,

Ұйқы қалмас қасыңнан.

Таза болсаң жасыңнан,

Сабын қалмас қасыңнан.

Еңбек сүйсең, табылар

Бар жақсылық басыңнан.

Тілек

Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын. Сыныбымыз да мықты, айтулы, татулығымыз жарасқан болсын. Алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Хор

«Елім менің»

Мерейім нұрлана бер, азат күнім,

Көрейін бақытымның азаттығын.

Таңымды тамылжытқан бостандықтан

Танылды бар әлемге қазақ бүгін.

Құттысың, Тәуелсіздік — киелі күн!

Қорытынды әрекет

Сабақ соңында оқушылардың салған суреттерінен көрме ұйымдастырылады.

Құндылық

Бірлік

Ынтымақ — тұрақтылықтың тірегі.

Құндылық

Әдеп

Құрмет — қарапайым әрекеттен басталады.

Құндылық

Білім

Оқу — болашаққа апарар жол.

Құндылық

Еңбек

Еңбек — игіліктің бастауы.