Балаларға көлік туралы түсінік беру

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Н. Бекежанов атындағы қазақ орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Қайықбаева Гүлбарам

Тақырыбы: Көліктер

Бұл сабақта балаларға көлік туралы түсінік беріледі, көлік түрлері ерекшеліктеріне қарай топтастырылып (жерде, суда, әуеде), сондай-ақ атқаратын қызметіне қарай салыстыра білуге үйретіледі. Олардың маңызын түсіндіру арқылы оқушылардың ұғымы кеңейтіледі, қызығушылығы дамытылады және жол ережелерін сақтауға тәрбиеленеді.

Сабақтың мақсаттары

Танымдық

  • Көлік туралы бастапқы түсінік қалыптастыру.
  • Көлік түрлерін жердегі, судағы және әуедегі көліктерге бөлу.
  • Көліктердің қызметін салыстырып, айырмашылығын айту.

Тәрбиелік және дамытушылық

  • Көлік қызметінің қоғам үшін маңызын түсіндіру.
  • Оқушылардың қызығушылығын арттыру, сөздік қорын дамыту.
  • Жол ережелерін сақтауға баулу.

Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын.

Көрнекіліктер

Тақырып мазмұнына байланысты слайдтар, таратпа материалдар.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, сабаққа назарын аудару, жұмысқа дайындық.

II. Тұлғааралық байланысты орнату

Балаларды топқа бөлу, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру.

III. Сыныптың білім деңгейін анықтау

Өтілген материал бойынша сұрақтар

  • Біздің еліміз қалай аталады?
  • Еліміздің рәміздерін ата.
  • «Отан», «Қазақстан», «Астана» сөздеріне сөйлем құра.
  • Отан туралы тақпақтар айт.

Отан туралы тақпақ

Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың.
Отан – өлкең, астанаң,
Отан – аудан, ауылың.
Отан – осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл.
Отан деп өс, жас қауым,
Оны ардақтап сүйе біл.

IV. Сабақ тақырыбын ашу

Балалар, сендер саяхатқа шыққанды ұнатасыңдар ма?

Саяхатқа немен шығуға болады? (автобуспен, машинамен, ұшақпен және т.б.)

Осыларды бір сөзбен қалай атаймыз? Көліктер.

V. Қызығушылықты ояту: жұмбақтар

Өздігінен жүрмейді, жарыспайды,
Кісі мінсе, жарыстан қалыспайды.
Аяғы екеу болғанмен ізі жалғыз,
Сағатта талай жерді қарыштайды.

Жауабы: велосипед

Бір жануар домаланған екі көзді,
Адамның ықпалымен жүреді өзі.
Сияды ішіне оның төрт-бес кісі,
Жарқырап түнде жортса екі көзі.

Жауабы: автомобиль

Қанаты бар, жаны жоқ,
Табаны бар, аяғы жоқ.
Өзі ұшады, аспанда жүреді,
Теңізден де, таудан да өтеді.

Жауабы: ұшақ

Пырылдар көкте інелік,
Інелік емес, үй делік.

Жауабы: тікұшақ

Үйрек емес, қаз емес,
Балық емес судағы,
Өзі жүзе біледі.
Жемі көмір және май,
Шешуін кім біледі?

Жауабы: пароход

Негізгі бөлім: көліктердің қызметі және дамуы

Бүгінгі сабақта көшедегі көліктердің атқаратын қызметтері туралы толығырақ мәлімет аламыз. Көлік — адамдарды және жүктерді бір жерден екінші жерге жеткізетін маңызды құрал.

Ежелгі көліктер

Ежелгі замандарда негізгі көлік ретінде жегін және мініс малдары пайдаланылды: түйе, жылқы, піл, есек, сиыр, бұғы, ит және т.б. Мініс малы шөлді, орманды, батпақты, таулы-қырқалы аймақтарда ұзақ уақыт бойы басты көлік қызметін атқарды.

Қазіргі көліктер

Ғылыми-техникалық жетістіктердің нәтижесінде көлік малын біртіндеп автомобиль, пойыз, ұшақ сияқты заманауи көліктер алмастырды. Дегенмен мініс малы бүгінгі күні де көлік ретінде қолданылады: әсіресе автомобиль мен трактор бара алмайтын қиын жерлерде.