Байтақ елдің ырысына айналып, Бақыт нұры себелеп тұр төбеден
Музыка баяу ойналып тұрады. Сахнада әже газет оқып отырады. Немересі келіп, тарих туралы және еліміздің қалай тәуелсіздік алғаны туралы сұрайды. Әже ел тарихын балаларға баяндап береді.
Тәуелсіздік — бабалар аманаты
Тәуелсіздік бізге жайдан-жай келген жоқ — талай бабамыз қанын төгіп, терін төкті.
Сонда да қасиетті қазағым туын жауға таптатпай, үмітін үзген емес.
Бабалардың ғасырлар бойғы арманы бүгінгі еркіндікпен жалғасты: көк байрағымыз егемен елдің аспанында желбіреп тұр.
Әженің сөзі
Құрметті оқушылар, «Бостандық» деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күнде де, бір жылда да аяқталған жоқ — талай ғасырларға созылды. Сол ұзақ күресті біз «тарих» дейміз. Ендеше, тарих беттеріне зер салайық.
Ғасырлар сынағы: ел болу жолындағы күрес
1227 жылдан кейін
Моңғол-татар шапқыншылығы, Шыңғыс хан жорықтары қазақтың халық болып қалыптасу үдерісін шамамен 150–200 жылға кешеуілдетті. Осы кезеңде Отырар опаты орын алды.
Көрініс:
«Отырар опаты»
Қазақ хандығы
Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек еді. Аласапыран заманда кең байтақ жерімізге көз алартушылар көп болды, жаугершілік елдің берекесін қашырды.
Елім деген елдің еңсесі
Қан да төгілді, көз жасы да тыйылмады. Ел басына күн туған шақтар аз болған жоқ.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» — жоңғар шапқыншылығының қасіретті кезеңі халық жадында мәңгі қалды.
Көрініс:
«Ақтабан шұбырынды»
Бірлікке бастаған тұлға
Тарыдай шашырап, жер бетінен жойылып кетер шақта қазақтың басын қосып, тәуекелге бел буған — Абылай хан. XVIII ғасыр — халық үшін «бар болу немесе жоқ болу» деген таразыға түскен, жанкешті күреске толы кезең болды.
Үміт іздеп, Еділ, Жайық, Ертіс бойын жағалап, Ресеймен мәміле жолын да қарастырған күндер болды. Алайда уақыт өте Ресей империясы өз мақсаты үшін жерімізді отарлап, халықты аяусыз езгіге ұшыратты.
Отаршылдыққа қарсылық және қасірет
Орыс үкіметінің озбыр саясатына қарсы Исатай мен Махамбет, Кенесары, Сырым, Есет, Нұрмұханбет бастаған көтерілістер найзағайдай бұрқ етті. Бірақ күрес ауыр болды: ел отарлық бұғауда қалды.
Зардап
Қуғын-сүргін күшейіп, ойшыл-зиялылар репрессияға ұшырады.
Айрылыс
Ана — жарынан, бала — анасынан айырылған тағдырлар көбейді.
Жара
Халық санасында қорлықтың ізі, жүректе өшпес мұң қалды.
Көрініс:
«АЛЖИР»
XX ғасыр: соғыс, сынақ, рухани күрес
1941–1945
Ұлы Отан соғысы — ерлікке толы қаһарлы жылдар. Қазақстандықтар әртүрлі майдандардағы ірі шайқастарға қатысып, жаппай ерлік көрсетті. Шамамен 500 қазақстандық жауынгер мен офицер ерекше танылды, соның ішінде 98 қазақ «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды.
Көрініс:
«Ұлы Отан соғысы»
1949 жылдан бастап
Қазақстан аумағы атом полигонының сынақ алаңына айналды. Бұл кезең халық денсаулығына да, табиғатқа да ауыр із қалдырды.
1954–1956, 1970–1980
Қазақстан жеріне өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстандырылды. 1970–1980 жылдары тіл мен салт-дәстүрден айрылу қаупі күшейіп, рухани әлсіреу тереңдей түсті.
1986: Желтоқсан — намыстың жаңғырығы
1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутқа созылған пленум өтті. Сол жерде Дінмұхамед Қонаев қызметінен алынып, республикаға мүлде белгісіз Колбин тағайындалды. Жанартаудай бұғып жатқан ұлттық ыза-кек сыртқа бұрқ етіп, қазақ жастарының көтерілісі басталды.
Көрініс:
«Желтоқсан көтерілісі»
Желтоқсан құрбандары
Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова және басқа да боздақтар тәуелсіздік жолында мерт болды. 1986 жылғы 16 желтоқсан — азаттық үшін арпалыстың соңғы нүктесіне айналған тарихи белес еді.
1991: Тәуелсіз елдің таңы
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялады. Егемен ел болдық. Өзгенің қабағына қарап күн кешетін кезең артта қалды. Ел байлығы өз халқына қызмет ететін жаңа дәуір басталды. Қысқасы, егемен ел болудың ауыр белесінен өттік. Бүгінгі таңда Қазақстан дамыған мемлекеттердің қатарында.
Оқушылардың тілегі
1-оқушы
Тамыры жаһандағы бар қазақтың — соғады Отаным деп бір жүректен. Бостандық, Тәуелсіздік деген ұғым қандай қасиетті, қандай құдіретті!
2-оқушы
Биіктей бер, асқақта, жомарт халқым! Өркендей түс — тозақты күн артта қалды. Уа, тәңірім, бізді баққа жолықтыр! Бүгін міне, тәуелсіздік, ағайын!
3-оқушы
Уа, дариға! Еркіндік пен егемендік! Қадіріңді түсінбейін неге мен?! Байтақ елдің ырысына айналып, бақыт нұры себелеп тұр төбеден.
4-оқушы
Жаңа ғана қазағымның таңы атты — ел үшін мақсат еткен игі іс сауапты. Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам тәуелсіздікті сақтау үшін жауапты!
5-оқушы
Мен қазақпын — биікпін, байтақ елмін. Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім, мәңгі өлмеске. Жаса, жаса мәңгіге, туған елім!