Қазақ ғарыш мектебінің негізін салушы екеніне көздерін жеткізу
Ашық тәрбие сағаты
«Аты алтынмен апталып тарихқа енген, қазақтың тұңғыш ғарышкері атындағы мектебім!»
Сабақтың мақсаты
Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының соңғы (72-ші) ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы туралы рухани-танымдық білім беру: туып-өскен ортасы, білім алған мекемелері, қызмет еткен орындары, сондай-ақ Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге және әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға қосқан үлесін таныту. Қазақ ғарыш мектебінің негізін салушылардың бірі екеніне көз жеткізу.
Т. Әубәкіровтің өнегелі өмірі мен ерлігін насихаттау арқылы оқушылардың ойлау, талдау және шығармашылық дағдыларын қалыптастыру.
Қиындықты жеңіп, армандаған мамандығына жеткен азаматтың бейнесі арқылы шәкірт жүрегінде сүйіспеншілік сезімін оятып, үлгі алуға, құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Слайд көрсету
- Суреттер
Сабақ барысы
І. Мұғалімнің кіріспе сөзі. Тақырып аясын ашу, оқушыларды ойға жетелейтін эпиграфпен сабақтың мәнін тереңдету.
Эпиграф
Біз болашағымызды ғарышпен тікелей байланыстырып отырған елміз. Білесің бе, Байқоңырдан осы отыз жылдың ішінде ғарышқа кімдер ұшпады? Ал сол жердің иесі — қазақтар. Біз ғарышкерлеріміз қашан шығады деп армандаумен келеміз. Өзің туған халықтың, егеменді Қазақстанның арманын орындаудан неге бас тартпақсың?! Оның үстіне сен барлық жағынан дайын тұрсың... Керек десе, Кеңес Одағының Батырысың!.. Қалай да осы қазір ұшуға тиіссің!
Тоқтар Әубәкіров: өмір жолы мен ерлік белестері
Балалық шағы мен қалыптасуы
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 1-Май ауылында дүниеге келді. Бұл — соғыс енді аяқталып, ел ішінде батырлық пен ерлікті дәріптеу ерекше мәнге ие болған кезең еді. Әкесі Оңғарбай мен анасы Қамия талай ауыртпалықты бастан өткерген. Отбасында тоғыз ұлынан айырылған қасіретті күндерден кейін дүниеге келген перзентінің аман болуын тілеп, азан шақырып, Тоқтар есімін қойған деседі.
Ата-анасы ерте дүние салған соң, Тоқтар апасы Бикен мен жездесі Нығметтің тәрбиесінде өседі. Ерте жетімдік көрген бала мінезі тұйықтау, сабырлы болып қалыптасқанымен, ішкі мақсаты берік, талабына адал болып ержетті.
Өлең жолдары (оқушы оқылымы)
Қанатым! Қарағайым! Өзің едің!
Бір қуаныш, шаттықты сезінемін:
Ұшқыш болсаң, жайлап ұш, тек ақырын,
Сонда тыныш көз ілемін.
Анасының тілегі аппақ еді,
Пейілі сары май мен мақта еді.
Қарқаралы топырағы тебіреніп,
Ұлына ақ жол тілеп жатқан еді...
Еңбек жолының бастауы және әскери білім
1962–1965 жылдары Теміртау құйма-механикалық зауытында токарь болып еңбек етті. Есімі облыстық Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды.
1965 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен РСФСР-дың Краснодар өлкесіндегі Армавир қаласында орналасқан ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищеге аттанды.
1965–1969 жылдары Армавир әуе қорғанысы ұшқыштарының жоғары әскери оқу орнында оқып, ұшқыш-инженер мамандығын меңгерді. Осы кезеңде МиГ ұшағымен мінсіз ұшу, үздіксіз жаттығу және тәжірибе жинақтау оның өмір салтына айналды.
Әскери қызмет және сынақшы ұшқыштың ауыр мектебі
1969–1975 жылдары Кеңес Одағының әскери-әуе күштерінің Қиыр Шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары қызметтерін атқарды.
1976 жылы А. И. Микоян атындағы авиаконструкторлық бюроға қызметке қабылданды. Бұл кезең Тоқтар үшін ең қатал сынақтардың уақыты болды: сынақшы ұшқыштың жұмысы — тәуекел мен жауапкершілікті қатар көтеретін тағдырлы жол.
Шеберлік шыңы: рекордтар, жаңа үлгілер, ғарышқа жол
Білімі мен мамандануы
- 1976 — Авиация өнеркәсібі министрлігінің сынақшы ұшқыштар мектебі (сынақшы ұшқыш).
- 1976 — Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебі.
- 1979 — Мәскеу авиация институты.
Ерлікке толы белестер
- 1988 — Кеңес Одағында алғаш рет әуеде қонбай, ұшаққа екі мәрте жанармай құю арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын сәтті орындады.
- 1989 — авиатасушы крейсердің алаңқайшасына МиГ-29К реактивті ұшағын жоғары дәлдікпен қондырған алғашқы сынақшы ұшқыш болды.
- Реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.
- 1990 — ғарышкерлер құрамына қабылданды.
Қорытынды өлең (оқушы оқылымы)
Арман қуып жасынан,
Көктен көзін алмаған.
Ұшқыш болды жас ұлан,
Аспанда еркін самғаған.
Бабасындай асауға
Салған құрық — бұғалық.
Ұшақтарды сынауға
Артқан еді құмарлық.
Самғап ұшу аспанда
Қауіпті еді, қатал-ды.
Ерлігі елден асқанда,
Ол ғарышкер атанды.
Талай істе ғажап, тың,
Туған ұлы қазақтың,
Тұңғыш ұшты ғарышқа.