Бір дегенім бала
Оқу іс-әрекетінің қысқаша паспорты
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы, «Балбөбек» балабақшасының І санатты ересектер тобының тәрбиешісі — Шукирбаева Гүлжан Аманқосовна.
Тақырыбы
«Сиқырлы сандық»
Білім беру салалары
Қатынас, Таным, Әлеуметтік орта
Оқу іс-әрекетінің бағыттары
Тіл дамыту, математика, көркем әдебиет
Қолданылған құрал-жабдықтар
Бейнелі суреттер, сандықшалар, көрініске қажетті атрибуттар
Мақсаты
- Балалардың жыл бойы алған білімдерін тиянақтап бекіту.
- Берілген сұрақтарға ойланып, дұрыс жауап беруге дағдыландыру.
- Ойын арқылы ойлау қабілетін, тіл байлығын, танымын дамыту.
Сабақтың барысы: «Шаттық шеңбері»
Арайланып таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Жарқырайды қаламыз,
Жарқырайды бақшамыз.
Қайырлы таң, қонақтар!
Қайырлы таң, балалар!
Тәрбиеші балаларға бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің ерекше болатынын айтып, жыл бойы меңгерген білімді қайталап, бекітуге шақырады.
Слайд: төрт мезгіл
- Бір жылда неше мезгіл бар?
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем мезгілінде неше ай бар?
- Көктем айларын атайық.
Күтпеген қонақ және «Сиқырлы сандық»
Оқиға
Осы сәтте есік қағылып, топқа қолында сандығы бар қуыршақ кіреді. Ол жолда сандық тауып алғанын, бірақ аша алмағанын айтып, балалардан көмек сұрайды.
Сандықтағы жазу
«Бұл сиқырлы сандық. Сандықты ашсаңдар, мол сыйлыққа кенелесіңдер».
Тәрбиеші балаларға сандықты ашуға көмектесуді ұсынады: үстел үстінен бір сан таңдалып, сол санға сәйкес сұрақ слайд арқылы тыңдалады.
1-сан: Тәуелсіздік және Отан туралы
Сұрақ (әдіскер Гүлмира Рахатқызы)
«Тәуелсіздік алдық» дегенді қалай түсінесіңдер?
Балалардың жауабы: Тәуелсіздік — еліміздің еркіндігі, өз жері мен теңдігі өзінде болуы; мемлекеттік рәміздеріміз — Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың бар екені.
Мақал-мәтелдер
- Отан — отбасынан басталады.
- Өзге елге сұлтан болғанша, өз еліңе ұлтан бол.
- Отан — оттан да ыстық.
- Отан үшін отқа түс — күймейсің.
- Өз елім — өлең төсегім.
Сандық ашылып, ішінен тағы бір сандық шығады.
2-сан: Санаймыз, жаттаймыз, бекітеміз
Сұрақ (Айгөлек тобының тәрбиешісі Ынта Дүйсенқызы)
«Сан санайық мүдірмей, онға дейін кідірмей. Қане, кім санайды?»
Тапсырма
Балалар 1-ден 10-ға дейінгі сандарды тура және кері санайды.
Қосымша
Енді асықпай 5 санына дейін санап көреміз.
Санамақ
Бір дегенім — бала, санды дұрыс сана.
Екі дегенім — ешкі, таудан келер кешкі.
Үш дегенім — үйім, үйде жақсы күйің.
Төрт дегенім — түлік, жүргін мұны біліп.
Ортаңғы сандық та ашылып, ішінен кішкентай сандықша шығады.
3-сан: Ойын арқылы ойлану — «Бұл қай ертегі?»
Ұсыныс (ағылшын тілі мұғалімі Гүлдана Бауыржанқызы)
Ойынның шарты: мұғалім бір ертегіден үзінді оқиды, ал балалар ол үзіндінің қай ертегіден екенін табады.
Балалар ойынды қызыға ойнайды. Кішкентай сандықша ашылып, ішінен сыйлықтар шығады. Қуыршақ қуанып, балаларға алғысын білдіреді.
Сергіту сәті
Тәрбиеші балалардың достық, бірлік, мейірімділік туралы түсінігі бар екенін атап өтеді: олар кез келген сәтте көмектесе алады.
Көрініс: «Мейірімділік мекені»
Қуыршақ балалардан: «Достық дегеніміз не?» — деп сұрайды. Тәрбиеші жауапты көрініс арқылы ұсынуды жөн көреді: «Ендеше, балалардың “Мейірімділік мекені” көрінісін тамашалайық».
Мейірімділік мекенінде еңбекқор, жүрегі жылы ана өмір сүріпті. Ол үнемі еңбектеніп, айналасындағы жандарға қамқорлық жасап, бауырмалдық танытып жүреді екен.
Бір күні ана серуендеп жүрген балаларға уылжып піскен алма ұсынып: «Балаларым, келіңдер, мына алманы жей қойыңдар», — дейді.
Балалар алманы жеп болған соң: «Апа, алмаңыз өте дәмді екен. Рақмет!» — дейді.
Ана: «Алғысты маған емес, жақсы алма өсіргені үшін бақшаға айтыңдар», — депті.
Балалар бақшаға келіп: «Бақша, тәтті алма бергенің үшін рақмет!» — дейді.
Бақша: «Оны бізге емес, қара топырақты, қайырымды Жер-Анаға айтыңдар», — депті.
Балалар: «О-о, Жер-Ана! Тәтті алма үшін рақмет!» — дейді.
Жер: «Алғыстарыңды маған емес, Жаңбырға айтыңдар. Жаңбыр болмаса жер көктемейді, бақша гүлдемейді», — депті.
Түйін
«Сиқырлы сандық» арқылы ұйымдастырылған тапсырмалар балалардың білімін жүйелеуге, сөйлеу мәнерін дамытуға, сан ұғымын бекітуге және мейірімділік пен алғыс айту мәдениетін ұғындыруға бағытталды.