Арайлы алтын күз атты күзгі бал кешіне қош келдіңіздер

Арайлы алтын күз

Мектебімізде өтетін «Алтын күз» мерекесіне ұйымшылдықпен қатыса отырып, оқушылардың санасына күздің байлық, береке, молшылық, шаттық, қуаныш екенін жеткізу. Оқушыларға еркіндік бере отырып, ауызбіршілікке және ынтымақтастыққа баулу.

Жоспар

  1. 1 Таныстыру — оқушылар өздерін жеке-жеке таныстырады.
  2. 2 Өнер сайысы — қатысушылардың өнері тамашаланады.
  3. 3 Мерекелік дастархан мәзірі — күзгі өнімдерден үйден дайындап әкелу.
  4. 4 Сән үлгісі — қатысушылардың шығармашылық жұмыстары.
  5. 5 «Білгенге — маржан» — сұрақ-жауап кезеңі.
  6. 6 Қорытынды

Кештің ашылуы

Кеш жарық, қымбатты ұстаздар мен оқушылар! «Арайлы алтын күз» атты күзгі бал кешіне қош келдіңіздер. Берекелі, мерекелі алтын күз құтты болсын!

Қасиетті күз мезгілін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Күз — жазира даланың дархан дастарханы. Күз — байлық пен молшылық.

Алтын күз біз бен сізге шуақ шашсын, Көңілді серіппелі күйін ашсын. Бақ пенен шаттық бірге қатар қонып, Береке бірлікпенен ортақтассын.

Бағдарламаға назар аударайық

Құрметті көрермен, көңіл қойып, құлақ салыңыздар. Бүгінгі кешімізде әсерлі сәттер, өнердің сан түрі және көңіл сергітер көріністер ұсынылады.

Келтіретін әрдайым сезім күйін, Көресіздер қызықтың неше түрін. Әншінің анықтаған әнін естіп, Көңіліңіз қалар хақ бір серпіліп. Осылай бәрі-бәрі болып жатса, Мақсатқа қалар едік біз де жетіп.

Ал енді бүгінгі «Алтын күзге» қатысушы ханшалар мен ханзадаларды ортаға шақырайық.

Күз келбеті

Салқын сыз, дымқыл тұман соңына ерген, Жылауық бұлттары бар қанат керген. Күз келді мезгілінде кербезденіп, Күн бар ма байлығын ол тегін берген?!

Біз оны күткен едік. Енді еңбекпен келген ырыс-берекені бағалап, маусымның молшылығын бірге тойлайық.

Біз оны күтіп жүрдік әуел бастан-ақ, Кеттік те қызу істі дереу бастап. Астық, жеміс, мақтасын — бар байлығын Алып қалдық еңбекке айырбастап.

Күз айлары туралы

  • Қыркүйек — нағыз сары алтындай сары күз. Бұл — еңбек айы.

  • Қазан — күз маусымының екінші айы, мерекенің бастауы. Бұл кезде дихандар сабантой жасайды.

  • Қараша — атына сай, айнала сүреңсіз тартады. Жапырағынан айырылған ағаш қара суыққа қалтырап, жүдеу далаға өң бере алмай селтиеді.

Сайыс бөлімдері

Таныстыру бөлімі

Қатысушыларды қол соғып қарсы алып, ханшалар мен ханзадалардың өзін таныстыруын тамашалаймыз.

Өнер сайысы

Ән, би, көркемсөз және басқа да өнер түрлері бойынша қабілеттері бағаланады.

Дастархан, сән, білім

Күзгі өнімдерден әзірленген мәзір, шығармашылық сән үлгілері және «Білгенге — маржан» сұрақ-жауап кезеңі өтеді.

Қош келдіңіз, көрермен, күзгі бал кешіне, Отырыңыз қол соғып, шат күлкіге бөлене. Көбейді құт-береке, астық толы қоймамыз, Құтты болсын мереке — алтын күзді тойлаймыз.

Құрметті көрермендер, қатысушыларымызға сәттілік тілейміз. Ендеше, сайысымыздың алғашқы бөлімі — таныстыруға кезек берейік!

Өнер сайысына леп

Ханшаларымыз бен ханзадаларымызды танып-білген соң, сайысымыздың екінші бөлімі — өнер сайысына кезек береміз.

Алтын күз бірде шуақ, бірде салқын, Жер мен көк жалтыраған сап-сары алтын. Ағашта жапырақтар сылдырлайды, Төгілген алтын теңге сансыз жарқын. Сары алтын батсайыдай дала мидай, Үйілген мая-мая қызыл бидай. Қырманда қызыл алтын, қызыл маржан, Жайнайды жаратылыс берген сыйдай.

Автор туралы мәлімет

Өңір
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы
Мектеп
Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп
Лауазымы
Бастауыш сынып мұғалімі — Қайыржанова Жұмагүл