Электронды оқулықтардан тапсырмалар орындау

Сабақ туралы мәлімет

Пәні мен сыныбы

Қазақ тілі, 3-сынып

Тақырыбы

Мәтін

Сабақтың түрі

Жаңа білімді игеру (топтық жұмыс)

Пәнаралық байланыс

Дүниетану, Ана тілі

Әдіс-тәсілдер

  • Дамыта оқыту
  • Сұрақ-жауап
  • Ой шабуылы
  • Түсіндіру

Көрнекілік

  • Суреттер
  • Тірек сызбалар
  • Электронды оқулық тапсырмалары
  • Тест тапсырмалары

Білімдік мақсат

Оқушылардың 2-сыныпта мәтін туралы алған білімдерін негізге ала отырып, ұғымын кеңейту: мәтінді талдау, негізгі ойды табу, қорытынды жасау, өз пікірін қосу, мәтінді жалғастыру, аяқтау және мәтін құрастыру дағдыларын қалыптастыру. Электронды оқулық бойынша тапсырмалар орындату.

Дамытушылық мақсат

Жаттығу жұмыстары арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту, шығармашылыққа баулу және өз бетінше жұмыс істеу дағдысын жетілдіру.

Тәрбиелік мақсат

Жақсы мінез-құлыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу; сөз мағынасын түсініп, байланыстырып сөйлеуге жетелеу; сөздік қорды молайту. Сөйлеу мәдениетін қадағалай отырып, ана тілін сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Сыныптың дайындығын тексеру, топқа бөлу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Алдыңғы тапсырмаларды талдау, кері байланыс беру.

III. Қызығушылықты ояту

1) Мына сөйлемдер мәтін бола ма?

  • Қымыз — шипалы сусын.
  • Біздің мектепте үлкен мұражай бар.
  • Балалар ертегі көрді.

Талқылау сұрақтары: Бұл мәтін бе? Тақырып қоюға бола ма?

2) «Саққұлақ» туралы үлгі мәтін

Саққұлақ — жақсы ит. Ол мал күзетеді. Бір күні қораға қасқыр шапты. Саққұлақ оған тап берді. Қасқыр қорқып қаша жөнелді.

Неге бұл мәтін?

Сөйлемдер өзара мағына жағынан байланысады, тақырып қоюға болады.

Негізгі ойы

Ит — адамның досы әрі көмекшісі.

3) Бүгінгі тақырып: «Мәтін»

Әңгімелеу

Не істеді? Не болды? Қалай болды?

Сипаттау

Қандай? Қайтіп?

Пайымдау

Неліктен? Неге? Себебі қандай?

«Балдырған» журналынан алынған мәтіндерді оқып, түрлерін ажырату.

Мәтін түрлеріне мысалдар

Әңгімелеу

Алматы Іле Алатауының етегінде орналасқан. Бұл — Қазақстандағы ірі қалалардың бірі. Ұзақ уақыт бойы көптеген деректемелерде қаланың атауы «Алманың атасы» деп түсіндіріліп келген.

Пайымдау

Күздің белгісін алдымен ақ қайың сезеді, өйткені басқа ағаштарға қарағанда оның жапырағы ертерек сарғаяды.

Сипаттау

Арпа — бір жылдық шөптекті өсімдік. Ол астық тұқымдастарға жатады. Сабағы түп-түзу, жіңішке. Масағы төрт қырлы немесе алты қырлы болады.

Мәтіннің бөліктері

  1. Басы
  2. Негізгі бөлім
  3. Соңы

Оқулықпен жұмыс: топтық тапсырмалар

Сынып 4 топқа бөлінеді: «Айгөлек», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Тіл ашар».

1-топ: «Айгөлек» — 2-жаттығу

Мәтінді оқып, тақырып қою. Негізгі ойды анықтау.

Егіс даласында

Бірде Науан әжесінің еріп, егіс даласына келді. Ол шашақты басы иіліп тұрған бидай сабақтарын көріп, әжесінен: — Мынау өсіп тұрғандар не? — деп сұрады. — Науанжан, бұл — пісіп тұрған нан, — деп жауап берді әжесі. — Нан болса, таба нан қайда? — Таба нан да осы дәннің ішінде. — Ақ тоқаш ше? — Тоқаш та осы дәннің ішінде. — Бауырсақ ше? — Бауырсақ та осы дәнге сыйып тұр, Науанжан. — Әже, кіп-кішкентай дәнге осынша көп нан қалай сыйып тұр? — деп Науан таңғалды. — «Ас атасы — нан, нан атасы — дән» дейді, Науанжан. Осынша мол дүние, тоқшылық — әрбір дәннің ішінде, — деді әжесі.

Ұсынылған тақырып

Егіс даласында

Тақырып мәтіннің негізгі ойын ашуға бағытталады.

Негізгі ой

Ас атасы — нан, нан атасы — дән.

2-топ: «Балдырған» — 3-жаттығу

Мәтінді көшіріп жазып, тыныс белгілерін дұрыс қою.

Біздің көл

Ауыл шетінде көл бар. Жазда балалар оның бір жағасынан екінші жағасына жүзіп өтеді. Күзде көл суы суи бастайды. Көл жағалауындағы шөптер сарғаяды. Ағаштар мен бұталардың жапырақтары түседі. Қысқы аязда көл мұз болып қатады.

3-топ: «Мөлдір бұлақ»

Сурет бойынша ертегі құрастыру (үлгі мәтін).

Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда терең апанға түсіп кетіпті. — Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? — депті ешкі. — Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда ыстықтап, сусап өліп едім. Апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, — депті түлкі. Ешкі су ішіп, салқындайын деп апанға қарғып түсіпті. Сонда түлкі ешкінің мүйізіне аяғын тіреп, сыртқа секіріп шығып кетіпті. Ешкі маңырап, апанда қала беріпті.

4-топ: «Тіл ашар»

Өлеңді оқып, берілген сөздерді «дана ағашының» жапырақтарына жазып ілу.

Жүгерідей аппақ,
Ұстап көрсең қатты-ақ.
Су боп еріп кетеді,
Қойсаң тығып сақтап.
Сатыр-сұтыр етеді,
Шекеңе тисе өтеді.
Ауызға салсаң лезде,
Кәмпиттей еріп кетеді.
Төбемізден төнеді,
Төбемізге төгеді.
Табиғаттың маржаны,
Тіпті неткен көп еді.
Табанымды жаралап,
Тердім жарды жағалап.
Тізер едім моншақ қып,
Еритіні жаман-ақ!

«Дана ағашына» ілінетін сөздер

  • маржаны
  • су
  • аппақ
  • жүгерідей
  • қатты-ақ
  • сатыр-сұтыр
  • кәмпиттей
  • моншақ

«Сиқыршы сандық» ойыны: сурет бойынша мәтін құрастыру

Оқушылар суретке сүйеніп мәтін құрастырып, «Айгөлек» журналына жолдады. Төменде топтардың үлгі жұмыстары берілген.

1-топ — Әңгімелеу

Жаз мезгілі

Жаз мезгілі. Балалар ойын алаңына келді. Олар екі топқа бөлініп, футбол ойнады. Жарас бастаған топ жеңіске жетті. Ойын өте қызықты болды.

2-топ — Пайымдау

Өсімдік — тірі табиғат

Өсімдік — тірі табиғат, өйткені ол өседі және қурайды. Айман бөлмесіне гүл өсірді. Гүл тек әсемдік үшін ғана емес, ауаны тазартып, оттек бөлуге көмектеседі.

3-топ — Сипаттау

Піл

Піл — ірі әрі биік жануар. Тұмсығы ұзын, құлағы үлкен, табаны жалпақ. Терісі қалың. Оған жүк артады, кейде адамдар көлік ретінде де пайдаланады. Салмағы өте ауыр.

4-топ — Түсіндірмелі мәтін

Сиыр

Сиыр — үй жануары. Оның еті мен сүті пайдалы. Сүтінен қаймақ, май алынады. Сүтті ұйытып, құрт пен ірімшік жасайды. Сиыр тұратын орын таза әрі құрғақ болуы керек. Уақытында жемін, шөбін, суын берсе, сүті де мол болады.

Электронды оқулық: шығармашылық тапсырмалар

Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында қызықты жұмбақтар шешілді.

Жұмбақтар

  1. Өзі түзу, ізі қисық — бір аттың,
    Өшпес ізін бала кезден ұнаттым. Жауабы: қалам мен жазу
  2. Көлдің ортасынан не табасың? Жердің ортасынан не табасың? Жауабы: «Ө» және «Е» әріптері
  3. Құдықтың ортасында не бар? Құрықтың ортасында не бар? Жауабы: «Д» және «Р» әріптері
  4. Балықта бар да, нанда жоқ,
    Халықта бар да, ханда жоқ. Жауабы: «Л» әрпі

Бағалау және қорытынды

  • Бағалау

    Сабақта белсенділік танытқан оқушылар бағаланады.

  • Үй тапсырмасы

    24-жаттығу: «Керік» сөзіне мәтін құрастыру.

  • Қорытындылау

    Тест жұмыстары арқылы сабақ қорытындыланады.

Қорытынды тест

1) Мәтіннің қандай түрлері болады?

  • а) Әңгімелеу, сипаттау, көркемдеу.
  • ә) Әңгімелеу, сипаттау, пайымдау. Дұрыс жауап
  • в) Пайымдау, дәлелдеу, түсіндіру.

2) Бірыңғай жіңішке айтылатын сөзді тап:

  • а) жапырақ
  • б) инелік Дұрыс жауап
  • в) құлыншақ

3) Ұяң дауыссыз дыбыстарды ата:

  • а) б, в, г, ғ, д, ж, з Дұрыс жауап
  • б) р, л, й, у, м, н, ң
  • в) п, ф, к, қ, т, с, ш

4) Көптік жалғауы жалғанған зат есімді белгіле:

  • а) зейнеткер
  • б) зейнеткерім
  • в) зейнеткерлер Дұрыс жауап

5) Құттықтау мәтінін таңда:

  • а) Біз демалуға орманға бардық.
  • б) Денсаулық, бақыт тілеймін. Дұрыс жауап
  • в) Біздің халқымыз бақытты.