Білгірлер тобы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән / сынып

Ана тілі, 4-сынып

Сабақ тақырыбы

«Үлек» (Мамытбек Қадылбеков)

Түрі

Аралас сабақ

Типі

Жаңа сабақ

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға бағыт-бағдар бере отырып, өздігінен жұмыс істеуге үйрету; ой-өрісін дамыту; білім, іскерлік дағдыларын қалыптастыру; өзіндік талдау жасап, жинақтай білуге дағдыландыру; жеке және топтық жұмыста шапшаңдық танытып, өз ойын әдеби тілмен өрнектей білуге машықтандыру.
  • Әңгіменің тақырыбы мен жазушының идеялық мұратын мәтінге сүйене отырып ашу.
  • Әңгіме арқылы еңбекқорлыққа, мейірімділікке баулу; ел намысын қорғайтын азамат болуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • 1 Схема
  • 2 Таблица
  • 3 Энциклопедия
  • 4 «Қазақстанның үй жануарлары»

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Кезекшінің рапорты тыңдалады, оқу құралдары дайындалады.

2) Психологиялық дайындық

Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Қосып едім екеуін —
Болып шықты он саусақ.

Өлеңді алдымен баяу, кейін шапшаң, соңында өте жылдам айтқызып, оқушылардың көңіл күйін көтеру ұсынылады.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: «Жылқы» (С. Мұқанов).

  • Әңгімені жоспар бойынша мәнерлеп оқу.
  • Бөлімдер бойынша мазмұндау.

І топ — «Білгірлер»

Жылқы туралы қосымша әдебиеттерден жинақталған мәліметтерді ортаға салады.

Жылқы — ер қанаты

Қазақ халқы жылқы малын ерекше құрмет тұтады. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, жылқыны жабайы күйінен алғаш қолға үйреткен — біздің ата-бабаларымыз. Содан бері халықтың тіршілігі жылқымен бірге дамыды деуге болады. Сондықтан жылқы туралы аңыз-ертегілер, өлең-жырлар, әндер және қанатты сөздер өте көп. Ең бастысы, «жылқы — ер қанаты» деген ұғым берік орныққан.

Жылқы — өнерпаз түлік

Жылқының циркте өнер көрсететінін бәріміз білеміз. Дегенмен иесін үстіне мінгізіп алып, керулі арқанның үстімен жүретін жылқыны көру түгілі, естімегендер де бар. ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген итальяндық үйретуші-бапкердің сәйгүлігі осылай өнер көрсеткен екен.

Жылқы жылы туғандар туралы

Жылқы жылы туғандар тіршілікке икемді, ойы ұшқыр келеді деген пікір бар. Жылқы қандай іске де бірден кірісетін, еңбекқор, желдей еркін жануар. Сондықтан оған тән қасиеттерді адам бойынан да көруге болады: жомарт, жұғымды, күш-қуаты мол, сенімді; ақшаны орнымен жұмсайды; ойын-сауықты жақсы көреді; жұрт назарында болуды ұнатады. Дегенмен көп сөйлеп, жұртты жалықтыратын тұстары да кездесуі мүмкін, сондай-ақ өзін ерекше бағалау мен мазасыз мінез кейде қиындық тудырады.

ІІ топ — «Ойыншылар»

Топтастыру жұмысы.

«Жылқы» кластері

  • Үй жануары
  • Қымыз
  • Көлік
  • Еті желінеді
  • Қайратты
  • Сүті қоректік
  • Жүк тасиды

ІІІ топ — «Алғырлар»

«Жылқы» тақырыбы бойынша сурет салу.

ІV топ — «Тапқырлар»

Мәтін бойынша «Құлыншақ» тақырыбында шағын өлең құрастыру.

4) Жаңа тақырып

Тақырып: «Үлек». Автор: Мамытбек Қадылбеков.

1) «Ойшылар»: топтық талдау

Әр топ жаңа сабақты топтық талдау арқылы меңгереді. Оқушылар ассоциациялық әдіс арқылы автор туралы білетін мәліметтерін айтады.

2) Ой қозғау: мәтінге дейінгі сұрақтар

Үлек дегеніміз не?

Үлек — үй жануары. Басқа түйелерге қарағанда, бір өркешті болады. Адамға қызмет етеді, шөлге төзімді. Бойы биік, табаны жалпақ, маңғаз келеді.

А) Мәтінмен жұмыс

Мәтін бөліктерге бөлініп, топтарға оқытылады (Jigsaw әдісі). Жұмысты бастамас бұрын әр оқушы өз тобына тиісті бөлімді мұқият меңгеруі керек екені ескертіледі: кейін сол бөлікті басқа оқушыларға түсіндіруге жауапты болады. Мәтінді тұтас түсіну әр оқушының ынтасына байланысты.

B) Топпен жұмыс: сұрақтар мен тапсырмалар

І топ: үй жануарлары туралы мақал-мәтелдер

  1. Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
  2. Семіздікті қой көтереді.
  3. Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ.
  4. Мал баққанға бітеді.
  5. Тай тулап үйірінен шықпас.
  6. Нар жолында жүк қалмас.