Наурыз той басталды, Текке қарап тұрмаңдар
Тәрбие сағаты
«Наурыз — берекем, Наурыз — мерекем!»
Наурыз — көктемнің келуімен бірге жаңару мен бірлікті дәріптейтін, халқымыздың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. Бұл күні күн мен түн теңеліп, табиғат түлеп, тіршілік қайта жанданады.
Білімділік мақсаты
Халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныта отырып, Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Дамытушылық мақсаты
Оқушылардың халқына деген мақтаныш сезімін қалыптастыру; ана тілі, тарих, өнер, мәдениетті қастерлеуге баулу; сөйлеу мәдениетін жетілдіру, мәнерлеп оқуға дағдыландыру, сахналау өнеріне үйрету.
Тәрбиелік мақсаты
Халық педагогикасына сүйене отырып, ұлттық ойындарды, ұлттық тағамдарды, нақыл сөздерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Сахнаны мерекеге сай безендіру
- Наурыз тақырыбындағы оқушы суреттері
- Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
- Ұлттық тағам түрлері
- Құрақ көрпе
- Қабырға газеті
Жоспар
1) Кіріспе
Наурыз — қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы.
2) Негізгі бөлім
- •Оқушылардың әдеби монтажы
- •Көрініс: «Күн мен түн»
- •Қожанасыр мен Алдаркөсенің қонаққа келуі
- •Қазақтың салт-дәстүрі
- •Тұсаукесер
3) Қорытынды бөлім
- •Көрініс
- •«Ас атасы — нан»
- •Наурыз көже
Тәрбие сағатының барысы
22 наурызда күн мен түн теңеледі: қыс өтіп, көктем келеді, тіршілік қайта басталады. Қазақ халқы бұл мезетті жаңа жылдың бастауы деп қабылдаған. Төрт түліктің қыстан аман шығуы, төлдеп, көбейуі — берекенің белгісі. Наурыз — молшылық пен татулықтың, жаңару мен үміттің мерекесі.
Халқымыздың салтында ойын-күлкінің көркі болып, елді шаттыққа бөлейтін кейіпкерлер — Қожанасыр мен Алдаркөсе. Ендеше, ауылдағы мерекелік думанға қош келдіңіздер!
Оқушылардың жыр жолдары
О, жарандар, жараңдар,
Бәрің мұнда қараңдар.
Наурыз той басталды,
Текке қарап тұрмаңдар.
Әуелесін армандар,
Үміті от боп жанғандар.
Бақ дарып, Қыдыр қарасын,
Мерекеден қалмаңдар.
О, жарандар, жараңдар,
Тамашадан қалмаңдар.
Құс қанатты көңілмен,
Жер әлемді шарлаңдар.
Оятып шың мен асқарды,
Ерітіп мұз бен ақ қарды.
Нұрландырған даланы,
Наурыз — көктем басталды.
Барлығы бірге:
Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке әкелсін!
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Құрметті ұстаздар, қонақтар, ата-аналар! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз — көнеден келе жатқан мереке. Бүгінгі күнге дейін ол көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналды. Бұл — жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлейтін күн.
2-жүргізуші
Уа, халайық! Бұл — Ұлыстың ұлы күні, ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз — күн мен түн теңелер мезгіл. Қар еріп, жер көктеп, тіршілік атаулы жаңаратын шақ. Бұл күні ата-бабаларымыз үй-үйді аралап, Наурыз көжеден дәм татқан.
1-жүргізуші
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын! Өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ақ көңіл, адал жүрекпен табысатын қасиетті күн — Наурыз мейрамы құтты болсын, ағайын!
2-жүргізуші
Кел, балалар, ойнайық, Наурыз тойын тойлайық! Баянды боп мереке, қыр гүліндей жайнайық. Бүгін 3 «Ә» сыныбында өтетін «Наурыз — берекем, Наурыз — мерекем!» мерекелік думанға қош келдіңіздер!
Шашу сәті
22 наурыз — аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін күн. Бұл — жан-жануар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бетіне шаттық орнайтын мезет.
Шақыру
Шашу, шашу шашайық,
Ән-думанға басайық.
Наурыз келді далама,
Жаңа жыл келді ауылыма.
Шашу шаштық — «болсын» деп, аман халқым.
Мұндай дәстүр — жақсы салтым.
Шашуды тер — несібең мол болсын,
Келер жылға жетейік аман-есен.
Бұл әлемде мереке көп — қуанышты, әдемі. Ал біз үшін ең қымбаты — Наурыз мейрамы!
Ән мен күй
Абай атамыз айтқандай: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» Ортаға әнші қызымыз Утепберген Динара шығып, «Дастархан» әнін орындайды.
Би
«Ал, халайық, тұрмайық, әндетейік, шырқайық! Дөңгеленсін бишілер, ортамызды ашайық!» Келесі нөмір — Қазақ биі. Қол соғып, қошеметпен қарсы алыңыздар!
Көктемнің келуі: Наурыз бейнесі
Наурызым, міне, келді жайраңдаған,
Ынтымақ пен достық бір сайраңдаған.
Мол дастархан — ақ ниет, ырыс толған,
Көктемнің бұл күніне қайран қалам.
Наурыз:
Сәлем, анам — алтын Күн!
Сәлем, қарты халқымның!
Уақытыма риза боп,
Бақытыма шалқыдым.
Күн мен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Соны тойлар ел енді.
Наурыз тойы — салтымыз,
Көгерсін деп халқымыз,
Көшеге тал егеміз.
Автор туралы мәлімет
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Игілік ауылы, Т. Әубәкіров атындағы жалпы орта мектеп КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі — Полатова Айгүл Жамантаевна.