Дара және күрделі сан есімдер
Сабақтың тақырыбы: дара және күрделі сан есімдер
Бұл сабақ жоспары сан есімнің құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінетінін түсіндіруге, олардың жасалу ерекшеліктерін меңгертуге бағытталған.
Білімділік мақсаты
Сан есім туралы түсінікті тереңдету; сан есімдердің дара және күрделі болып бөлінетінін түсіндіру; күрделі сан есімнің жасалу жолдарын таныту.
Дамытушылық мақсаты
Ойлау белсенділігі мен танымдық қызығушылықты арттыру; дәлелдеп ой қорытып, нақты шешім шығаруға үйрету; шығармашылық ізденісті қолдау.
Тәрбиелік мақсаты
Сандардың өмірдегі маңызын ұғындыру; ұлттық құндылықпен байланыстыра отырып өнерді қадірлеуге баулу; еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың ресурстары мен байланысы
Әдістер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, ізденіс, баяндау, талдау және т.б.
Көрнекілік
Интерактивті тақта, бейнесюжет.
Пәнаралық байланыс
Математика, тарих, әдебиет.
Формат
Топқа бөлу, ойын, ауызша жұмыс, жазба тапсырма.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру
- 1 Сәлемдесу, оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- 2 Сынып тазалығына назар аудару.
- 3 Оқушылардың сабаққа дайындығын, құрал-жабдықтарының толықтығын қадағалау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Үйге сан есім туралы ережені оқып келу тапсырылған. Анализ–синтез тәсілі арқылы білім пысықталады: оқушылар сандарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап береді.
Қайталау сұрақтары
- Сан есім дегеніміз қандай сөз табы?
- Сан есім қандай сұрақтарға жауап береді?
- Сан есім қай сөз табымен тікелей тіркесіп қолданылады?
- Сан есімдер сөйлемде қандай қызмет атқарады?
- Сан есімнің зат есімсіз жұмсалуына мысал келтіріңдер.
Сан есім қатысқан мақал-мәтелдер
- «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз.»
- «Жігітке жетпіс өнер де аз.»
- «Жеті рет өлшеп, бір рет кес.»
- «Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды.»
- «Он үште отау иесі.»
Үй тапсырмасы мен жаңа сабақтың байланысы: «99, 32, 25» сандары бар мақал айтқан оқушылар — оң жаққа, «7, 1» сандары бар мақал айтқан оқушылар — сол жаққа шығады. Осы арқылы мұғалім миға шабуыл жасап, оқушылардың тақырыпты өздері табуына жетелейді.
III. Жаңа сабақты түсіндіру
Сан есімдер құрамына қарай дара сан есім және күрделі сан есім болып бөлінеді.
Дара сан есім
Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер дара сан есім деп аталады.
Негізгі
он, екі, бес, мың
Туынды
ондаған, мыңдаған, алтыншы, екеу
Күрделі сан есім
Екі немесе одан да көп түбірдің тіркесуі не қосарлануы арқылы жасалған сан есім күрделі сан есім деп аталады.
Мысалдар
екі мың он үш, 25
Ереже: қосарлану және қайталану арқылы жасалған күрделі сан есімдер дефис арқылы жазылады: қырық-елу, алпыс-жетпіс.
1) Дәптермен жұмыс
159-жаттығу: мәтіннен дара сан есімдерді бір бағанға, күрделі сан есімдерді екінші бағанға бөліп жазыңдар.
Үлгі: Дара сан есімдер
жүзінші, бесінші, үшінші
Үлгі: Күрделі сан есімдер
мың тоғыз жүз қырық екінші
Тапсырма тексеріліп, бекітіледі.
2) Сергіту ойыны
Дара сан есім айтылса — оң қол, күрделі сан есім айтылса — екі қол көтеріледі.
3) «Этномәдени сұрақтар» (ауызша жұмыс)
Қазақ дүниетанымында 1, 3, 5, 7, 9, 40 сияқты сандар киелі деп танылып, түрлі ырым-нанымға арқау болған. Төмендегі сұрақтар сол ұғымдарды еске түсіруге бағытталған.
Жеті ата
ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене
Кие тұтқан сандар
7, 9
Үш арсыз
ұйқы, тамақ, күлкі
Жігіттің үш жұрты
өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты
Төрт түлік
қой, сиыр, жылқы, түйе
Ер қаруы — бес қару
найза, садақ, шоқпар, қылыш, айбалта
Қонақтың төрт түрі
арнайы, қыдырма, құдайы, қылғыма
Үш бәйтерек
Ілияс, Сәкен, Бейімбет
Бес арыс
Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек
Саннан басталатын ұлттық ойындар
тоғызқұмалақ, алтыбақан
4) Бейнесюжетпен жұмыс
Оқушылар жаңалықтарды баспасөзден және телехабарлардан біледі. Мұғалім интерактивті тақтадан бейнесюжет көрсетіп, тыңдалым арқылы есте сақтауды тексереді: бейнематериалда айтылған сан есімдерді өзі тіркескен зат есімімен бірге дәптерге жазып алу.
Тапсырма тексеріліп, бекітіледі.
5) Әдебиетпен байланыс: санамақ
Халық ауыз әдебиетінде және авторлық шығармаларда жиі кездесетін жанрдың бірі — санамақ. Карточкалар таратылып, белгі берілгенде оқушылар сан ретімен оқиды.
IV. Сабақты бекіту
«Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген ойды ұстана отырып, бұл тұста Абайды еске алу орынды. Күнделікті тұрмыста, той-думандарда айтылатын кейбір әндер атауында да сан есімдер кездеседі.
V. Сабақты қорытындылау
Қайталау сұрақтары
- Сан есім дегеніміз қандай сөз табы?
- Қандай сұрақтарға жауап береді?
- Дара сан есім дегеніміз не?
- Күрделі сан есім қалай жасалады?
Жұмбақтарды шешу
1)
Мұз айдында жеті бала асыр сап жүр сырғанап, сырғанамай екі бала жағалауда тұр қарап. Енді осы баланың санын айтсаң жарадың.
2)
Екі аяқ пен екі қол, бір ауыз бен бір тілің. Нешеу болды, қане, бол — санап шығар кім бұрын?
3)
Мына алты ақ алма Нұрбибі мен Жанарға. Үш сарысы — Анарға, қызыл алма — Манарға. Қанша сонда бар алма?
4)
Су құйып ем астауға. Үш қаз ұшты аспанға. Үш қасқалдақ, бір қазан, екі үйрек, бір сазан, бір көксерке, бір қарға. Айт, неше құс ұшып жүр? Неге екенін түсіндір.
VI. Үй тапсырмасы
Міндетті деңгей
Дара және күрделі сан есім туралы ережені қайталау.
Мүмкіндік деңгейі
161-жаттығу: сан есімдерді қатыстырып, «Біздің сынып» тақырыбында шағын шығарма құрастырып жазу.
VII. Бағалау
Оқушылардың жауаптары, дәптер жұмысы, ойын кезіндегі белсенділігі және қорытынды сұрақтарға қатысуы негізінде бағаланады.