Бесік жыры

Сабақ туралы

Тақырыбы

Бесік жыры

Әдіс-тәсілдер

  • Көрнекілік
  • Әңгімелеу
  • Тыңдау және орындау
  • Ойын арқылы үйрету

Көрнекіліктер

  • Бесік
  • Қуыршақ
  • Домбыра
  • Сыбызғы
  • Барабан
  • Сылдырмақ

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Лирикалық сипаттағы әндерді орташа екпінмен, күш түсірмей орындауға баулу; дыбыстың тембрі мен динамикасын естіп, сезіне қабылдауға үйрету. Таныс шығармалардың ырғағын сезіну және музыкалық аспаптармен ансамбльде ойнау дағдыларын қалыптастыру. Би қимылдарын мәнерлеп орындауға үйрету.

Білімділік

  • Өз туыстары туралы әңгімелей білу
  • Өлең-тақпақтарды жатқа айту
  • Жылы лебіз, тілек білдіру мәдениетін қалыптастыру
  • Туыстарға арнап қолдан сыйлық жасауға ынталандыру

Тәрбиелік

  • Анаға деген сүйіспеншілікті ояту
  • Музыкалық қабілеттерін дамыту
  • Мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу
  • Үлкенді құрметтеуге баулу

Сабақтың барысы

1) Кіріспе және өткенді қайталау

Балалар музыка залына көңілді әуенмен кіріп, амандасады. Өткен сабақтың тақырыбын еске түсіріп, қысқаша қайталайды.

Санамақ

Кел, санайық санамақ, Саусақтарды даралап. Бір үйде біз нешеуміз? Кел, санайық екеуміз. Бас бармағым — атам, Балаң үйрек — әжем, Ортан терек — әкем, Шылдыр шүмек — анам, Титтей бөбек — мен.

2) Жұмбақ және тақырыпқа кіріспе

Балалар шеңберге тұрып, жұмбақтың шешуін табады. Осылайша «бесік» ұғымына жетелейді.

Жұмбақ

Тұрады ол әр үйде, Жайлы орын сәбиге. Шаңғы табан үйшік ол, Тербететін әрине.

Жауабы: бесік.

Ғажайып сәт: «Сүйінші, сүйінші — дүниеге сәби келді!» Сәбидің дүниеге келуі — қуанышты хабар. Туыстар бір-бірінен «сүйінші» сұрап, қуанышпен бөліседі.

3) «Бесік тойына» сапар

Әмина әже немересі Айдананы бесікке бөлеу рәсімін жасайды. Балалар қонаққа баруды елестетіп, «пойызға» мініп, әженің ауылына жол тартады. Әже балаларды қарсы алып, амандасады.

Әже балаларға бесіктің бөліктерін таныстырады: ағаш бесік, жабуы, қол-аяқ бауы, көрпеше, жаялық, жастық, түбек, шүмек, айнасы мен тарағы.

4) Аластау және бесікті тербету

Бесікті аршаның түтінімен аластап, тазарту дәстүрі көрсетіледі. Бұл — баланың амандығын тілеп, жамандықтан сақтауға бағытталған ырым.

Аластау сөзі

Алас, алас — баладан алас, Көзі жаманның көзінен алас, Тілі жаманның тілінен алас, Қырық қабырғасынан алас, Отыз омыртқасынан алас, Бісіміллә, келді міне иесі, Көш пәлесі.

Одан кейін сәбиді бөлеу үлгісі көрсетіліп, бесік тербетіліп, тыныштық пен нәзіктікке мән беріледі.

5) Музыка тыңдау: «Бесік жыры»

Балаларға бесік жырының әуені тыңдатылады. Әуеннің жұмсақ тембрі, баяу екпіні және жай динамикасы талқыланады: бесік жырының мақсаты — сәбиді жұбату және тәтті ұйқыға бөлеу.

6) Ән үйрену: «Әлди-әлди»

Балалар «Әлди-әлди» әнін орындайды. Әнді өте ақырын, жай дауыспен айту ескертіледі: «Сәби оянып кетпесін». Бесік жырын ұйықтар алдында айту баланың ұйқысын тәтті етеді.

Орындау талабы: күш түсірмей айту, тынысты дұрыс алу, әуеннің мінезін эмоциямен жеткізу.

7) Ойын: «Қандай аспап?»

Ұлттық аспаптар үш топқа бөлінетіні бекітіледі: шертпелі, үрмелі және ұрмалы. Үнтаспадан аспаптардың дыбысы тыңдалып, балалар қай аспап екенін ажыратады.

Шертпелі

Домбыра

Үрмелі

Сыбызғы

Ұрмалы

Барабан, сылдырмақ

8) Аспапта ойнау: «Үкілім-ай»

«Үкілім-ай» халық әніне ілесе отырып, балалар аспапта ойнап үйренеді. Негізгі назар: ырғақты сезіну, ансамбльге бағыну және тыңдай отырып ойнау.

Дағды: әуеннің соқпағын дәл ұстау, бір-бірін тыңдау, дыбыс күшін (динамиканы) реттей білу.

9) Би: «Қара жорға»

Музыка ырғағына сай қимыл жасап, «Қара жорға» биінің элементтерін мәнерлеп орындайды. Қимылдардың нақтылығы мен ырғаққа сәйкестігі қадағаланады.

10) Қорытынды және кері байланыс

Сұрақ-жауап арқылы сабақ бекітіледі: балалар қайда барды, әже қандай рәсім көрсетті, қандай ән тыңдалды және орындалды.

Кері байланыс: балаларға көңілді және көңілсіз смайл суреттері таратылады. Сабақ ұнаса — көңілді смайл көтеріледі.

Күтілетін нәтиже

Біледі

  • Әуеннің динамикасы мен тембрін ажыратуды
  • Лирикалық әндерді нақышына келтіріп орындауды

Игереді

  • Ырғақты сезінуді
  • Бесік жырының әуенін тануды

Меңгереді

  • Музыка тыңдай отырып, әуен ырғағына сай қимыл жасауды
  • Ансамбльде тыңдап, үйлесіммен ойнауды

Автор туралы мәлімет

Мекеме

Атырау қаласы, Бірлік ауылы, №35 «Балақай» бөбекжай-бақшасы

Саз жетекшісі

Есболғанова Алия Дабысқызы