Балалық шаққа саяхатАдамның санасында мәңгілік өшпестей естелік қалдыратын, ең керемет, ең ғажап ұмытылмастай сәттер сыйлайтын ол - балалық шағымыз

Балалық шаққа саяхат

Адам санасында мәңгі өшпестей із қалдыратын, ең керемет әрі ең ғажап, ұмытылмас сәттерді сыйлайтын кезең — балалық шақ. Ол бір-ақ рет келетін, қайта оралмайтын, сағына еске алатын ерекше әлем секілді.

Қазір мен 17 жастамын. Осы уақыт ішінде қуаныш пен қайғыны да, мақтау мен даттауды да, өсек пен мадақты да, жеңіс пен жеңілісті де көрдік. Өсе келе қиындықтар мен кедергілердің көбейетіні анық. Кейде шаршап, бәрінен жалығып, оңаша қалып ойға шомғанда балалық шағымды еске аламын. Бір қызығы — бүгінгі өмірдің көп қыры балалық шақтағы әлемімнен мүлде бөлек көрінеді.

Бүгінгі қарым-қатынас пен кешегі тазалық

Қазір көп жағдайда дос досына шынайы сөйлемей, шынайы сезімін білдірмей, өз болмысын ашып көрсете бермейтіндей. Қызғаныш пен көреалмаушылық жиілеп, біреуге қол ұшын созу сиреп бара жатқандай әсер қалдырады. Кейбір достық уақытша ғана болып, артынша алыстап кетеді. Айта берсең — кемшілік аз емес.

Ал балалық шақта жасандылық деген сезім болмағандай. Шынайы күлкі, шынайы махаббат, шынайы достық — бәрі де періште жүрекпен, таза көңілмен жасалатын.

Қайта оралмас күндердің көрінісі

Сол сәтке бір мезет тоқтап, қиялмен уақытты артқа айналдырып, балалық шаққа қайта оралсақ қой… Эх, қайта оралмас балалық шағым-ай.

Ұйқың қанбаса да, ұйқың келіп тұрса да, бәрін ойынға айырбастап таң атпай тұрып кету. Анаң берген бір кесе ыстық сүтті сіміріп алып, далаға шығып достарыңды іздеп, үйіне бару.

Уайым-қайғысыз, ештеңеге бас ауыртпайтын кезең. Таңертең ойын қуып үйден шығып, кеш бата шаршап келіп, ес білмей ұйықтап кету. Ертеңіне — тағы солай.

Бірге доп теуіп, балшық пен құмнан үй салып, бірде ұрысып, бірде төбелесіп, артынша қайта татуласатын достар.

Балық аулай алмасақ та, қолымызға қармақ ұстап отырып алатын кездер. Кешкісін үйдің қасында жиналып, не айтып отырғанымызды өзіміз де білмей, шынайы күле алатын шақ.

Жаз шықпай-ақ канал жағалап жиналып, жүзе алмасақ та суға қойып кетіп, қайта-қайта тұншыға жаздасақ та, суға шомылып асыр салатынбыз. Айта берсең — қызық көп.

Сағыныш пен орындалмас арман

Кейде бір сәтке ғана, мейлі бір минутқа болсын, сол қайта келмес балалық шағыма оралғым келеді. Бірақ, әттең, ол мүмкін емес.

Кішкентай кезімізде тезірек ержетіп, үлкен азамат болсақ, балалық шақтан «құтылсақ» деп армандайтынбыз. Ал қазір — балалық шақ бір мезетке болса да қайта оралса екен деймін: сол кезде жіберген қателігімді түзетсем, тағы бір мәрте асыр салып ойнасам, балалық шағыма қайтадан бір сапар шексем… Бірақ бұл — орындалмас арман, бос қиял ғана. Оған тек ойша ғана барып қайтамыз.

Қаракесек Бейбарыс Жолдасұлы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті

№266 мектеп-лицейі, 11 «В» сынып оқушысы