Наймандар еліне саяхат
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырып
Наймандар, керейіттер, жалайырлар
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Көрнекіліктер мен ресурстар
Карта, бүктеме материалдары, интернет ресурстары, слайдтар, сызбалар, хронологиялық кестелер, шығармашылық топтардың материалдары.
Термин
Шерби — ұлыс істерін басқаратын қызметшілер.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға орта ғасырлардағы найман, керейіт, жалайыр мемлекеттерінің құрылу тарихын, қоғамдық құрылысын, шаруашылығы мен мәдениетіндегі ерекшеліктерін түсіндіру.
Дамытушылық
Қазіргі қазақ халқының әлеуметтік-этникалық құрылымының орта ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы тайпалық бірлестіктермен байланысын талдатып, қорытынды жасау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік
Ұлтжандылық сезімді қалыптастыру, Отанды сүюге, туған жерге сүйіспеншілікті арттыруға, патриоттық тәрбие беруге және өз құқықтарын білуге баулу.
Сабақтың құрылымы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгелдеу.
- Оқу құрал-жабдықтарын тексеру.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Қарахан дәуірі — отандық тарихтың жаңа кезеңін меңгеруге бастайтын маңызды баспалдақ. Қарахан мемлекетінің тарихына қысқаша шолу жасап, оқушылардың тақырып бойынша білімін сұрақтар арқылы тексеру.
III. Жаңа сабақ
- «Саяхат» әдісі арқылы тақырыпты ашу.
- Өзіндік және топтық жұмыс.
IV–VI. Қорытынды бөлім
- Сабақты қорытындылау.
- Білімді бағалау.
- Үй тапсырмасын беру.
Топтарға бөлу
I топ
Наймандар
II топ
Керейіттер
III топ
Жалайырлар
Үй тапсырмасын тексеруге арналған сұрақтар (Қарахан мемлекеті)
Негізгі сұрақтар
- Дамыған ортағасырлық мемлекеттерге қандай мемлекеттер жатады?
- Қарахан мемлекеті Қазақстанның қай бөлігінде құрылды?
- Мемлекеттің қоғамдық құрылысында қандай ерекшеліктер болды?
- Қарахан билеушілерінің Самани әулеті мен Мауаураннахрды бағындырудағы әрекеті немен аяқталды?
Тереңдету сұрақтары
- Мемлекеттің Шығыс және Батыс болып бөлінуінің себебі неде?
- Қарахан мемлекетінің құлауына не себеп болды?
- Мемлекеттің шаруашылық бағыттары қандай болды?
- Ислам дінінің мәдениеттің дамуына әсері неден көрінді?
- Мемлекеттің негізін кім қалады?
Жаңа сабақ: тәсіл және құзыреттіліктер
Орта ғасырлардағы Қазақстан аумағында мемлекеттік бірлестіктердің пайда болуы мен олардың қоғамдық-саяси өмірін оқушы неғұрлым терең таныған сайын, отандық тарихты меңгеруге қызығушылығы арта түседі. Сабақта интербелсенді технологиялардың үш құзыреттілігі жүйелі қолданылады.
1) Ақпараттық құзыреттілік
- Ақпарат көздерін дұрыс анықтау.
- Ақпаратты жоспарлап, өз бетінше жинау.
- Жүйелеу және талдау жасау.
- Проблеманы шешуде қолдану.
2) Қарым-қатынастық құзыреттілік
- Өз көзқарасын дәлелмен білдіру.
- Жауапкершілікпен қарап, шешім шығару.
- Жұмысқа мақсат қоя білу.
- Өз бетінше қорытынды жасау.
3) Мәселені шешу құзыреттілігі
- Сөз сөйлеуді жоспарлау.
- Қоғамдық қатынастарға қатысты ұғым-терминдерді орынды қолдану.
- Негізгі ойды шындық тұрғысынан анықтау.
- Топтық зерттеу мен пікірталас мәдениетін меңгеру.
Жаңа сабақтың жоспары
Негізгі бөлімдер
- Тайпалардың орналасуы.
- Найман, керейіт, жалайырлардың саяси тарихы.
- Қоғамдық құрылысы.
- Шаруашылығы.
Талдау бағыты
Үш тайпаның қазақ халқының әлеуметтік-этникалық құрамындағы орнын атап, қазақ руларының шежіресіне қысқаша шолу жасалады. Қалибек Данияровтың «Шыңғысхан тарихы» еңбегіндегі деректермен таныстырып, тайпалардың қоныстанған аймақтары картадан көрсетіледі. Сабақ «саяхат» форматы арқылы ұйымдастырылады.
«Саяхат» бөлімі: үш тайпа, үш бағыт
I топ: Наймандар еліне саяхат
Найман мемлекетінің шығу тегі туралы әртүрлі пікір бар: тарихшылардың бір бөлігі оларды түрік тектес халықтарға жатқызса, кей деректер монғол тектес топпен байланыстырады. «Найман» сөзі монғолша «сегіз» деген ұғымды білдіреді және тайпалық одақ құрамындағы сегіз тайпаға қатысты айтылады. XII ғасырдың ортасына қарай наймандар өз мемлекетін құрды. Олар негізінен Орхон өзені мен Алтай тауы аралығында өмір сүрді.
Саяси дамуындағы тұлғалар
-
Наркеш Дайын
Алғашқы хан ретінде мемлекетті біршама нығайтты; егіншілік пен отырықшы-қалалық өмір салтының орнығуына ықпал етті.
-
Білге хан
Мемлекетті дамытты; халықты топтастырып, бейбіт тіршілікті орнықтыруға күш салды; қарақытай үстемдігінен құтылды; сауданы дамытты.
-
Бұйрық хан
Ел екіге бөлінді; Алтайдағы Қара Ертіс бойындағы Орүнгу маңын мекендеді; мемлекет әлсіреді, керейіттер шабуылы күшейді.
-
Даян хан
Мемлекет әлсіреген кезеңде далалық өлкелерде қоныстанды.
1201 жылы қырғыз, меркіт, найман тайпалары монғол тайпаларының күшеюіне қарсы құрылтай өткізгені айтылады.
II топ: Керейіттер еліне саяхат
Керейіттер — қазақ халқының қалыптасуына үлес қосқан түрік тілдес ірі тайпалардың бірі. Жазба деректерде керейлер туралы мәліметтер X ғасырдан бастап кездеседі. Тайпа атауы Керулен (Керлин) өзені бойын қоныстанумен байланыстырылады. Көршілері: батысында — наймандар, солтүстігінде — меркіт бірлестігі. Керейіттер мемлекетінің орталығы қазіргі Ұланбатыр маңындағы Хантәңірі тауының шығыс беткейіндегі Битөбе өңірі ретінде көрсетіледі. Олар Орхон, Керулен, Селенгі, Аргун өзендерінің бойында қоныстанған.
Құрамындағы сегіз аймақ
- Керей
- Жиркиы
- Қоңқай
- Сақай
- Тутау
- Албат
- Тунхай
- Қыркун
Мемлекетті дамытуға үлес қосқан билеушілер
-
Маркус хан
Керейіттердің күшейген кезеңі; орталығы Битөбе өңірі ретінде айтылады.
-
Құршақұз хан
Бір орталықтан басқаруға ұмтылды, бірақ көрші тайпалардың шабуылдары кедергі келтірді; хандықты оң, сол және орта бөліктерге бөлді.
-
Тоғырыл хан
Мемлекет дамып, басқару жүйесі нығая түсті; Шыңғысханмен одақтас, достық қатынаста болды.
III топ: Жалайырлар еліне саяхат
Жалайырлар X–XIII ғасырлар аралығында Солтүстік Моңғолияда — Орхон өзенінің жоғарғы ағысында, сондай-ақ Селенгі мен Хилок өзендері бойында мекендеген. Олардың тайпалық бірлестігі туралы мәліметтер моңғол деректерінде жиі ұшырасады. Жалайырлар моңғолдармен тығыз байланыста өмір сүрген.
Жамұқа туралы дерек
Жалайырлар тарихында Жамұқа тұлғасы ерекше аталады. Ол Шыңғысханмен жақын қатынаста болған. 1201 жылы Аргун өзені бойында құрылтай шақырып, өзін гурхан деп жариялап, таққа отырғаны айтылады. Бұл жағдайдан кейін Шыңғысхан керейіт ханы Тоғырылмен одақ құрып, Жамұқаны жеңіп, жалайырларды өз қол астына қаратқан.
Қорытынды ой
«Моңғолдың құпия шежіресі» деректерінде бұл үш тайпаның меркіт, таңғұт, моңғол тайпаларымен көрші қоныстанғаны, олардың бірде тату, бірде соғыс жағдайында болғаны баяндалады. Тайпалардың өзара тұрақты бірлікке келе алмауы ірі, біртұтас мемлекеттік деңгейге толық көтерілуіне кедергі келтіргені атап өтіледі.
Сабақты түйіндеу (Абайдан)
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
«Жеңді ғой» деп, шайтанға берер көмек.
Бағалау
Оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеруі топтық жұмыс, талқылау және қорытынды жауаптар арқылы бағаланады.
Үй тапсырмасы
- §11 оқу.
- Хронологиялық кесте бойынша жұмыс.
- Тақырып бойынша тест құрастыру.
Автор туралы
Мекеме
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Б. Өтеп атындағы өнер мамандандырылған мектеп-интернаты КММ
Пән мұғалімі
Мухидинова Гүлзада Сабырқызы (Тарих пәні)