Сүйкімді тілі
Қазақ тілі (7-сынып) • Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Турлыбекова С.К.
Біздің өміріміздегі музыка: Қазақ халқының ұлттық аспаптары
Бұл сабақта оқушылар ұлттық аспаптар туралы тыңдалым, оқылым және айтылым арқылы ой қорытып, тілдік нормаларды сақтай отырып пікір білдіреді. Сонымен қатар, ақпарат көздерінен алынған мәліметтердің стилін анықтап, өзге материалдармен салыстыруға үйренеді.
Оқу мақсаттары
- О2: стильдік ерекшелікті анықтау
- Ж4: грамматикалық нормаларды сақтау
Сабақ мақсаты
- Сөз таптарының түрленуін, сөз тіркесінің байланысу түрлері мен тәсілдерін ажыратады.
- Теледидар және өзге ақпарат көздерінен алынған мәліметтердің стилін анықтап, басқа деректермен салыстырады.
Тілдік және оқу контексті
- Тілдік мақсат: қажетті терминдерді меңгереді.
- Алдыңғы тақырып: қазақтың атақты әншілері.
Сабақ барысы: 1-сабақ
Қызығушылықты оятудан бастап тыңдалым, тапсырмалар және шағын сұхбатқа дейінгі жұмыс кезеңдері.
Қызығушылығын ояту
- Қазақ әндерінен попурри тыңдап, ән атауларын анықтайды.
- Екі топқа бөлінеді.
- Құндылықтарды еске түсіру үшін бағыттаушы сұрақтарға жауап береді.
- Жетістік критерийімен және сабақ мақсатымен танысады.
Талқылауға сұрақ
Ұлттық аспаптар туралы не білесіз?
Мағынаны тану кезеңі
Оқушылар бейнебаян көреді және ұлттық аспаптар тақырыбын нақты тапсырмалар арқылы бекітеді.
Тапсырма 1: Сәйкестендіру
Суреттерді дұрыс атауларымен сәйкестендіріңіздер.
Тапсырма 2: «Адасқан сөздер»
Сөйлемдерді дұрыс құрастырыңыз:
- Әртістер өнер көрсетті.
- Жас көрермендер өнерпаздардың концертіне риза болды.
- Ұлттық аспаптар оркестрі концертті ашты.
- Мен бұл сабақта ұлттық аспаптар туралы білдім.
Тапсырма 3: Сұхбат
Бейнебаян бойынша екі сыныптасыңыздан шағын сұхбат алыңыз. Жауаптарды жалғастырып жазыңыз:
Жетістік критерийі
- Тыңдалымдағы мәліметті түсінеді.
- Ұлттық аспаптардың біреуіне сипаттама береді.
Сабақ барысы: 2-сабақ
Ой қозғау, оқылым мәтіндері және топтық стратегиялар арқылы мазмұнды терең түсіну.
Ой қозғау: жұмбақтар
Жұмбақ 1
Тартылған екі арқаны ұзын бойға, Сөйлеуге сондай шебер тапсаң ойла. Әр жерде аршындалған балдағы бар, Ойнайды он бармағың білсе қайла.
Жауабы: домбыра
Жұмбақ 2
Созылған үні, Сүйкімді тілі. Үрлесең ойнайтын, Аспаптың бірі.
Жауабы: сыбызғы
Жұмбақ 3
Жеті шектен жеті түрлі үн шығар, Әуезінен жеті тарау мұң шығар. Ойнап кетсең, түрлі-түрлі жыр шығар, Бұл қандай аспап?
Жауабы: жетіген
Оқылым: аңыздар
Ұлттық аспаптардың шығу төркінін түсіндіретін аңыздар – халықтың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын танытатын құнды мұра. Төмендегі мәтіндер топтық талқылауға арналған.
Домбыра туралы аңыз
Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Ол биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын мекендеген бұғы-маралды аулап, кәсіп етеді екен. Бір күні жолы болып, теңбіл марал атып алады. Маралды етекке түсіру үшін оның ішек-қарнын алып тастайды.
Араға айлар салып, аңшы жігіт баяғы орынға қайта барғанда, құлағына ызыңдаған дыбыс естіледі. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек-қарнын қарға-құзғын іліп әкетіп, қарағай бұтағына қос тін болып керіп тастаған екен. Жел тербеген сайын ол ішектер ызыңдап, жанға жайлы үн шығарады.
Дыбыс бірде уілдеп, бірде сарнап, бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігіттің көңілін сан күйге бөлейді. Сонда ол: «Мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын табайын», – деп, ішекті үйіне алып келеді. Сөйтіп аспап жасап, қос ішекті тағады. Тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді.
Бұл үн аңшы жігіттің ғана емес, тыңдаған жанның бәрінің көңілін баурап алады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын ұлттық аспабына айналады.
Жетіген туралы аңыз
Ерте кезде бір ауылда қария өмір сүріпті. Оның жеті ұлы болған екен. Бір жылы қатты жұт болып, ел аштыққа ұшырайды. Сол күндері қарияның үйін қайғы торлайды.
Үлкен ұлы Қания қайтыс болған соң, қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған ішек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды. Екінші ұлы Төралымнан айырылғанда екінші ішек тартып, «Қанат сынар» күйін шығарады. Үшінші ұлы Жанкелдіге «Құмарым», төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», алтыншы ұлы Жұлзарға «Күн тұтылуы» атты күй арнайды.
Ең кіші ұлы Қиястан айрылғанда, жетінші ішекті тартып: «Жеті баламнан айрылып, құса болдым», – деген күй орындайды. Қайғыға толы сан түрлі дыбысты төгілте отырып, орындаушы әуен арқылы балаларының бейнесін елестетеді.
Бұл әуендер кейін дамытылып, күй-пьеса түрінде «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атаумен жеткен деседі. «Жетіген» атауы «жеті» және «ән» деген ұғымнан құралған деп түсіндіріледі.
Топтық жұмыс тапсырмалары
- 1 Мәтінді топпен бірге оқыңыздар (10 минут).
- 2 «ДЖИГСО» тәсілі бойынша мәтінді бір-біріңізге түсіндіріңіздер.
- 3 Әр топ мәтін мазмұны бойынша 3 сұрақ дайындаңыздар.
- 4 Мәтіннен сөз таптарының түрленуіне 2 мысал келтіріңіздер.
Бағалау (жетістік критерийі)
- Мәтіндегі ақпаратты түсінеді.
- Мәтін мазмұнына сұрақ қоя алады.
Музыкалық тыңдалым
«Қарақат» попурриі (жетіген аспабымен).
Ескерту: тыңдалымнан кейін әсер мен байқаған ерекшеліктерді қысқаша жазу ұсынылады.
Кері байланыс
Мен үшін болған жаңалық…