Оқушы зейіндерін сабаққа аудару

Қызылорда облысы, Арал қаласы, №64 орта мектеп. Бастауыш сынып мұғалімі: Абишова Жанар Жұматайқызы.

Пәні: Өзін-өзі тану Сынып: 3

Сабақтың тақырыбы: Ойнай білу де — өнер

Бұл сабақ ойын мәдениетін қалыптастыруға, балалардың достық пен сыйластық туралы түсінігін тереңдетуге бағытталған. Ойын үстіндегі қарым-қатынас — мінездің айнасы, ал өзін-өзі ұстай білу — нағыз шеберлік.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Білімділік

Шыдамдылық, сабырлылық, ақылдылық сияқты адами қасиеттердің өмірдегі маңызын түсіндіру.

Дамытушылық

Жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту, пікір алмасуға үйрету.

Тәрбиелік

Көпшілдікке, әділдікке, кешірімділікке тәрбиелеу.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың типі:
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың түрі:
Аралас
Әдістері:
Сұрақ-жауап, пікірталас (дискуссия)
Пәнаралық байланыс:
Дене шынықтыру
Көрнекіліктер:
Дәптер, оқулық, үнтаспа

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу.
  • Оқушы зейінін сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  1. «Әдеп», «әдемілік» сөздерінің мағынасын түсіндір.
  2. Әдеміліктің үлгісін сен қалай көрсетер едің?

Шаттық шеңбері

Балалар шеңбер құрып, бір-бірімен сәлемдеседі. Барлығы қосылып «Айгөлек» әнін орындайды.

Әңгімелесу

Сабақтың тақырыбы таныстырылады және төмендегі сұрақтар арқылы ой қозғау жасалады:

  • Сендер қандай ойын ойнағанды жақсы көресіңдер?
  • Ойын кезіндегі ең басты нәрсе деп нені санайсыңдар?

Тапсырма: Ойлану жаттығуы

Ойын кезінде достар арасында келіспеушілік пен реніш туындауы мүмкін. Осындай сәттерде сен қандай шешім қабылдар едің?

1) «Аяқталмаған ойын»

Жағдаят бойынша топтық талқылау, ортақ шешім ұсыну.

2) «Кім ақылды?»

Талас тудырған жағдайда әділдік пен сабырды сақтау жолдарын айту.

Мәтінмен жұмыс

Оқушылар мәтінді оқып, талдайды. Сұрақтарға жауап беру арқылы негізгі ойды қорытындылайды.

Дәйексөз

«Бәрінен күшті адам — өзіне-өзі ие болатын адам».

— Сенека

Дәйексөздің мағынасы талданып, балалардың жауаптары тыңдалады. Мұғалім толықтырып, ортақ тұжырым жасайды.

Ойын: Жақсы сөз — жарым ырыс

Мақсаты — ойын кезінде бір-бірін қолдау, жақсы әрекеттерді байқау және жылы сөз айту дағдысын қалыптастыру.

Ойын шарты

Әр оқушы ойын үстіндегі достарының жақсы қылықтарын атап, мақтайды: «Жанар, сен ақылдысың…», «Сен әділ болдың…», «Сен сабыр сақтадың…».

Қорытындылау

Ойын — еңбекке бейімделудің белгісі, денені шынықтырып сергітудің құралы, сондай-ақ ұжымдық және ұйымдастырушылық әрекет.

Бірге ойнағанда әдептілікпен қатар әділеттілік те қажет. Дөрекі сөз айту, даурығу, бір-бірін мазақтау — мәдениетсіздік пен әдепсіздік.

Кешірімді болу, әділ болу, дос көңілін қалдырмау — нағыз адам болуға жетелейді.

Үй тапсырмасы

«Кешірімді болу» дегеннің не екенін түсіндіріп, өз ойыңмен айтып бер.

Жүректен жүрекке

Балалар шеңбер құрып, кезектесіп жақсы тілек айтады:

  • Достықты қадірлей білейік!
  • Әділетті болайық!
  • Мәдениетті болайық!
  • Әдепті болайық!
  • Ойын бәрімізге қуаныш сыйласын!
  • Ойнайық та, тойлайық!

Өлең: Сұлтан Қалиев — «Біз ойнаймыз»

Қызық біздің аулада,

Алуан ойын ойнаймыз.

Астық тасып қамбаға,

Сабан тойын тойлаймыз.