Блок сабақ
1-сабақ: Сыры да көп, сыны да көп сын есім
Білімділік мақсаты
Сын есім туралы жан-жақты түсінік беру, ұғымды кеңейту және білім негіздерін тереңдету.
Дамытушылық мақсаты
Сын есімді ажырату, сөйлеу мен жазуда орынды қолдану, сауаттылықты арттыру, ойлау және пайымдау қабілетін шыңдау.
Тәрбиелік мақсаты
Алғырлыққа, ұшқырлыққа, талаптылыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу; ілім-білімге баулу.
Сабақ барысының жоспары
- 1.Ұйымдастыру кезеңі
- 2.Жаңа сабақты түсіндіру
- 3.Жаттығулар орындату
- 4.Өтілген материалды бекіту
- 5.Өздік жұмыстарын жүргізу
- 6.Үй тапсырмасын беру
Жаңа сабақтың жоспары
1. Сөз және оның мағыналары туралы әңгімелеу
2. Сын есімдер туралы талқылау
3. Сын есімнің анықтамасын түсіндіру және толық түсінік қалыптастыру
4. Сын есімнің сындық белгілері туралы кең мағлұмат беру
5. Жаттығулар арқылы білімді бекіту
6. Үй тапсырмасын беру
Сөз және оның мағыналары
Қазақ тілі — өте бай тіл. Оның сөздік қорында сан мыңдаған сөз бар. Сол сөздер лексика-грамматикалық мағынасы мен атқаратын қызметіне қарай тоғыз сөз табына бөлінеді. Солардың бірі — сын есім.
Кез келген заттың немесе құбылыстың өзге заттан не құбылыстан айырмашылығы болады. Бұл айырмашылық оның сыртқы құрылымынан, түр-түсінен, ішкі-сыртқы сипатынан айқын көрінеді. Мысалы, бір зат үлкен, екіншісі шағын; бірінің түсі ақ, екіншісінікі қара болуы мүмкін. Сондай-ақ бір нәрсе әдемі көрінсе, екіншісі қораш көрінуі ықтимал.
Айырмашылықты көрсететін жұптар
- •биік тау — аласа тау
- •таза бұлақ — лай су
Түйін
Сын есімдер заттың немесе құбылыстың ерекше белгісін айқындап көрсететін сөз табы.
Сын есімнің анықтамасы және сұрақтары
Сын есімдер заттың, құбылыстың сын-сипатын, түр-түсін, сапасын, иісін, дәмін, көлемін, мөлшерін, аумағын және басқа да қасиеттерін білдіреді.
Сын есімнің сұрақтары
Сын есімдер қандай? қай? деген сұрақтарға жауап береді.
Мысал
«Күні де қапырық, түні де қапырық — тамыздың түндері жадымда жатталып қалыпты».
Мұндағы қапырық сөзі тамыз айының сын-сипатын білдіріп тұр, сондықтан ол — сын есім.
Мысал
«Кәрі қыран биік таудың басынан төмен қарай құлдилай жөнелді».
кәрі, биік сөздері қандай? сұрағына жауап беріп, заттың белгісін білдіреді.
Сын есімнің білдіретін белгілері
Түрі
Түсі
Көлемі
Аумағы
Сын-сипаты
Салмағы
Иісі
Дәмі
Реңі
Сапасы
Мөлшері
Басқа қасиеттері
Қысқа мысал
Алма: тәтті, сарғыш, қызыл, көп, шірік, емдік.
Сын есімнің түрлері (анықтамалар)
1) Дара сын есім
Бір ғана түбірден (негізгі немесе туынды түбірден) тұратын сын есім.
Мысалдар: ақ, көк, бойшаң.
2) Күрделі сын есім
Екі сөздің бірігуі, қосарлануы немесе тіркесуі арқылы жасалған сын есім.
Мысалдар: үлкенді-кішілі, кеңпейіл.
3) Негізгі сын есім
Ешбір қосымшасыз негізгі түбір күйінде жұмсалатын сын есім.
Мысалдар: биік, жақсы, таза.
4) Туынды сын есім
Басқа сөз табынан жұрнақ арқылы жасалған сын есім.
Мысалдар: өнерлі, қонақжай, әуесқой.
5) Сапалық сын есім
Заттың сындық белгілерін тікелей білдіретін сын есім.
Мысалдар: көкшіл, биіктеу, ұзын.
6) Қатыстық сын есім
Заттың сындық белгісін басқа сөз табымен байланысы арқылы білдіретін сын есім.
Мысалдар: өнерлі, ұйқышы, білгіш, көреген, ақсақ, түнгі.
Мысалдар (мәтіндерден үзінділер)
«Жауынды жаз өтіп, ыстық шілде жеткен еді».
«Дәурен — ақшыл реңді, қыр мұрынды, денелі бала. Қоңырқай қой көзді, қысыңқы жанары күлімсіреп тұр. Үстіне сұрғылт түсті көйлек киген».
«Қараймын қазір еске солар түсіп, қоңыр күз, қуаң дала неткен ыстық».
«Айбалталы, найзалы топтың басы Ызғұтты болатын».
«Қазанның астын қызыл жалын дамыл алмай жалап тұр. Үлкен үйдің іші сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы екен. Биік төсектің бас жағында жер төсек бар екен».
«Оның дүрдік ерін аузынан тағы бір үрейлі, суық сөзді еститінімді сезгендей, дегбірім қашып тұрмын».
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына».
«Бұл күндері жасы қырық бестерге келіп қалған Сабыр еңсегей бойлы, ірі денелі, иір қара жігіт болатын».
«Күләйдың әкесі еті тірі, пысық болғандықтан, тоқал тамдарын көтеріп, шатырлап, еңселі биік сарайдай қылды».
«Кішкентай, ақ сарылау келген Әбдірахман қазір күлуге, талпынуға жарап қалыпты. Өзінің еті де, түрі де ақшыл келген. Бет бітімі дөңгелек емес, сопақтау және жұқалаң».
«Қалың қоңыр сақалды, мол денелі Құнанбай ол ызасын ұмытпаған болатын».
«Бір семіз қой сойылып, есік алдындағы жерошақта ет асылып жатыр».
«Қартқожаға да бүгін қараңғы елдің ішінде оқу деген жарық сәуле жылт еткендей болды».
«Өркешті, семіз түйелер, қарағай мүйізді ту өгіздер, қамыс құлақ, жүйрік сәйгүліктер әкелінген».