Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланы

Ұйымдастыру мәліметі

Өңір
Шығыс Қазақстан облысы
Қала
Зайсан
Мектеп
М. Әуезов атындағы орта мектеп
Лауазым
Бастауыш сынып мұғалімі
Мұғалім
Байкадамова Айман Дубековна
Тақырып
«Желтоқсан — ерлік тарихымыз»

Мақсаты

Желтоқсан оқиғасы туралы білімді кеңейту; елін, жерін сүюге, ұлтжандылыққа, Отанын қадірлей білуге тәрбиелеу.

Көрнекілік

  • «Желтоқсан құрбандары» слайдтары.
  • Желтоқсан оқиғасы туралы бейнекөрініс.
  • Ұран сөз жазылған баннер.

Желтоқсан — тәуелсіздіктің бастауы

Желтоқсан — тәуелсіздігіміздің бастауы, егемендігімізге негіз қалап берген сара жол.

Сұрақ-жауап

Мұғалімнің сұрағы

Тәуелсіздік дегенде ойымызға қандай сөздер келеді?

Балалардың жауабы

Шеру, әскери адамдар, су шашқан полицейлер, мұз, аяз және т.б.

Мұғалімнің пікірі

Иә, дұрыс. Бұл сөздердің бәрі — тарихи шындық.

Түйін ой

Тәуелсіздік — ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік — ең қадірлі құндылық.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Тәуелсіздік күні — қазақтың мемлекеттік жалауы желбіреген тарихи күн, халқымыз үшін зор мәртебе.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — республиканы толық қамтыған саяси-әлеуметтік көтеріліс. Желтоқсан жаңғырығы Алматы, Өскемен, Маңғыстау және өзге де қалаларда жалғасты.

Сол бір қанды шеру қалай басталды? Осы тұста Желтоқсан оқиғасы туралы бейнекөрініс көрсетіледі.

Оқушылардың оқуы (өлең жолдары)

1-оқушы

Сол күндерді есіме жиі алам,
Желтоқсанның он жетісі — топ алаң.
Тоғышардың түсіне де кірмеген,
Басталды бір сұмдық у-шу, зобалаң.

2-оқушы

Тұтқиылдан түскен суық мәлімет,
Тарап елге: «күшпен қабыл ет».
Жаңа алаңға қалың жастар қаптады:
«Қайда, қайда жариялылық, әділет?»

3-оқушы

Дүр сілкінді желтоқсанда қоңыр аймақ,
Әйтпесе тілім қайтіп қанат жаймақ?
Ұран жазып, қып-қызыл ту көтеріп,
Жастар шықты алаңға «Елім-ай!»лап.

4-оқушы

1986 жылы 17 желтоқсанда қазақ жастары қазақ және орыс тілдерінде жазылған ұрандарды ұстап, шеруге шықты: «Әр республикаға — өз басшысы!», «Қазақстан жасасын!», «Езу мен қанаусыз еркін, ерікті даму үшін!».

5-оқушы

Алаңға шығып, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып тоңы еріді кеңестің,
Содан кейін басталды еркіндік асқарым.

6-оқушы

Желтоқсан — заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың.
Желтоқсан — Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира —
Құрбаны болғандар жаланың.

8-оқушы

Желтоқсан оқиғасы Қ. Рысқұлбеков, Л. Асанова, С. Мұхаметжанова, Е. Сыпатаев тәрізді батырлардың бар екенін дәлелдеді.

Осы тұста «Желтоқсанда үзілген жауқазындар» слайдтары көрсетіледі.

Еске алу сәті

Енді Желтоқсан құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алайық.

Жалғасы (өлең жолдары)

9-оқушы

Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанда мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы.

10-оқушы

Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздіктің туы тұрды қолыңда.
Жеңіп шықтың, бас имедің қасарып,
Сойыл, таяқ ойнаса да басыңда.

11-оқушы

Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың.
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде Желтоқсанның ызғарын.

12-оқушы

Тегеурінді соққыларды жайратқан,
Ақша қарға судай ақты қайнап қан.
Қайдан білсін қызбаланған ерлерім,
Айырыларын Сабира, Ербол, Ләззаттан.

Көрініс: «Желтоқсанда үзілген жауқазын»

Автор сөзі

(Сабираның суреті көрсетіледі.)

Сабира — Өскемен қаласында бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын оқу орнының студенті еді. Көп ұзамай Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы алыстағы Алтайға да жетті. Студент жастар қала орталығындағы Ушанов алаңына шеру тартты. Олардың арасында әділет жолын іздеген Алматы жастарының бейбіт шеруін жүрегімен қолдаған Сабира Мұхаметжанқызы да болды.

Сабираның оқу орнында ата-аналарды шақыртқан үлкен жиналыс өтті. Ақ самайлы, ақ сақалды әкесін көргенде, Сабираның намысы жүрегін жарып жібере жаздады.