Әжені құрметтеу - өмірді құрметтеу

Отбасындағы сыйластық — әдептіліктің бастауы

Бұл тәрбие сағаты отбасындағы сыйластықтың қадірін ұғындырып, әдептілік, ізет, құрмет сияқты адамдық қасиеттердің қайдан бастау алатынын ой елегінен өткізуге арналған. Әке әлпеші мен ана мейірімінен өрбіген тәрбиенің өзегі — үлкенді қадірлеу, туған-туысқа ізет көрсету және жауапкершілікті сезіне білу.

Нақыл сөздер

  • Қызың өссе, гүлдей болсын деп тіле.
  • Отбасының қос шынары — ата мен әже.
  • Ана — жараға жапырақ.
  • Қарындасын сыйламағанның қары сынсын.

Тапсырма

Шығарма жазып келу:

  1. «Қарындасым — қанатым».
  2. «Мен ағатайымды сыйлаймын».

Сынып жетекшісінің кіріспе сөзі

Қымбатты ата-аналар, ұстаздар, ұлдар мен қыздар! Бүгін біз «Отбасындағы сыйластық — әдептіліктің бастауы» атты сынып сағатын өткіземіз. Мақсатымыз — әке мен ананың мейірімі арқылы қалыптасатын туыстар арасындағы сыйластықты, жанұядағы үлгі тұтар тәрбиенің әдептілікке, ізет пен құрметке бастайтын жолын талқылау.

Сабақ барысында ата-аналар мен қатысқан ұстаздарда сұрақтар туындаса, жазбаша түрде жолдауларыңызды сұраймыз.

Әдептілік туралы ой қозғау

Жеткіншектерге сұрақ қойылды: мектепке кіргенде маңдайшада қандай ұлағатты сөз жазылған?

Оқушылардың жауабы: «Әдептілік, ар-ұят — адамдықтың белгісі».

Дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап ана баласын әлдилеп, әдептілікке, инабаттылыққа, адамгершілікке баулиды. Бұл қасиеттер бесік жырымен де бойға сіңеді.

Бесік жыры — тәрбиенің тамыры

Бесік жырын орындау ұсынылды. Біздің мектептегі үлгілі ана, баласын өнер мен іске баулып жүрген, ізетті де инабатты Күлзия апайдың орындауында бесік жыры тыңдалады.

Осындай бесік жырымен бүгінгі қатысып отырған барлығымыз тербеліп өстік.

Пікірталас: Отбасындағы үлкеннің орны

1-оқушы

«Отбасының қос шынары — Алатаудай атам бар, аналардың анасы — ақ жаулықты әжем бар». Ата — береке, мейірім, өнеге. Даналықтың қайнар көзі, қасиетті ісімен сый-құрметке бөленген қария. Әже — бала қамқоры, дастарқанның берекесі.

Атаны сыйлау — елді сыйлау. Әжені құрметтеу — өмірді құрметтеу. Қымбатты ата-анамыз бен ұстаздарымыз, біздің борышымыз — сіздерді қадірлеу!

2-оқушы

Борыш — ата-анаға, үлкенге қызмет ету, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін ақтау. Қайырымды іс-әрекет — парыздың көрінісі. Бізді әлпештеп өсірген ата-ана алдында олардың еңбегін өтеуге қарызбыз.

Егер нағыз адам болғымыз келсе, алдымен ата-ана алдындағы борышты өтеуді мақсат етеміз. Ардақты әке-шешем, атыңызға кір келтірмеуге тырысамын.

Мұғалім

Түн ұйқысын төрт бөліп, бесіктің қасында тербеліп, баласы үшін алаңдап оянған ананың ақ мейірімін бағаламау — қиянат. Кейде тәрбиесіз балалар анасына қарсы сөйлеп, айтқанын тыңдамай жатады. Ондай қылықтан аулақ болыңдар.

Анаңды, әкеңді, қарындас-туыстарыңды әрдайым сыйлап жүріңдер. Әке — тірегің, қамқоршың, асыраушың. Әке — асқар тауың.

Оқушылардың өлең жолдары

3-оқушы

Әкем менің әрқашан
«Әділетті бол» деген.
Ақыл сөзі санамда,
Жүрем әділ жолменен.

4-оқушы

Әкем менің әрқашан
«Бол» дейтұғын тіл алғыш.
Үлкендерден сондықтан,
Алып жүрмін көп алғыс.

5-оқушы

Қандай қымбат сөз еді — «әке» деген,
Әке емес пе, өсіріп, мәпелеген.
Әкесі бар балалар болады ерке,
«Аспандағы айды да әпер» деген.

Музыкалық бөлім

Домбырамен ән орындалады: «Әке арманы».