Тас қақпа

Сабақтың мақсаттары

Негізгі мақсат

Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алған білімдерін, ел тарихы мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін қаншалықты меңгергенін анықтау. Ғасырлар сүзгісінен өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан озық дәстүр үлгілерін пайдалану арқылы жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ету.

Дамытушылық мақсат

Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, тіл байлығын арттыру, шапшаң ойлауға және ойын жинақтап, дәл жеткізе білуге үйрету.

Тәрбиелік мақсат

Ұйымшылдыққа, адамгершілікке, ел тарихы мен мәдениетін, қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Армысыздар, құрметті қонақтар, қатысушылар және көрермендер! Қазақ халқы — салт-дәстүрге аса бай халық. Бұл — мәдениеті жоғары, тәрбиесі терең ел екеніміздің айғағы.

Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Нағашыбай Шайкенов: «Ұлт дәстүрі — заңнан биік», — деген. Демек, салт-дәстүрі берік ел — тұғыры нық ел.

Халқымыз ғасырлар бойы ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, үлгілі жөн-жосықпен ұрпағына сіңіріп, ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп келген.

Бүгін 5-сынып оқушылары арасында мектепішілік «Алтын қақпа» интеллектуалдық ойынын ұйымдастырып отырмыз. Мақсат — тарихымызды, салт-дәстүрімізді қадірлей отырып, оны қаншалықты бағалайтынымызды және қаншалықты білетінімізді көрсету. Ойынымызға қош келдіңіздер!

Ойынды бастамас бұрын дәстүр бойынша әділқазылар алқасын сайлап, таныстырып өтейік.

Өту барысы және негізгі ереже

Тапсырмалар қалай беріледі?

Экраннан тапсырмалар ретімен көрсетіледі. Ойын шарты — жылдам, ұтымды және толық жауап беру.

Ұпай қою тәртібі

  • Әр дұрыс жауапқа — 2 ұпай.
  • Жауабын білетін оқушы белгісін жылдам көтереді.
  • Оқушы орнынан тұрып, сұраққа толық жауап береді — сонда ғана жауап есептеледі.

Ойын құрылымы

Бұл ойын теледидардан көрсетілген «Алтын қақпа» үлгісінде өтеді: алдымен Тас қақпа, кейін Күміс қақпа және Алтын қақпадан өтіп, соңында Алтын сандықты ашуға талпыныс жасалады. Егер сандық ішіндегі сұраққа жауап берілмесе, сандық ашылмай, жабулы күйінде қалады.

Қатысушыларға сөз

Енді ойыншыларға сөз берейік: өздеріңізді қонақтарға және әділқазылар алқасына таныстырып өтіңіздер. Іске сәт!

Ұлы Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды; естіп, көріп, ұстап, татып ескере жақсы-жаманды таниды. Сондайдан білгені, көргені, тоқығаны көп болған адам білімді болады», — дейді. Осы нақылды басшылыққа алып, ойынымызды бастайық.

І тур: «Тас қақпа»

Әр сұрақ — 2 ұпай
  1. 1. «Сүйінші!» хабары қай кезде айтылады, және қуаныш иесі қандай жауап қайтарады?

  2. 2. «Шашу» дегеніміз не?

  3. 3. «Шілдехана» қандай той?

  4. 4. «Баланы қырқынан шығару» деген не?

  5. 5. «Байғазы» деген не?

  6. 6. «Базарлық» деп нені айтамыз?

  7. 7. «Бата» деген не?

  8. 8. Батаның қандай түрлері бар?

  9. 9. «Тілдер айлығы» мерекесі қай уақытта өтеді?

  10. 10. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін қашан алды?

Түйін сөз

Туылған соң адам боп, білімсізден жаман жоқ.

Ел дәстүрін білмесең, жұрт айтады надан деп.

Ата-бабам ардақты, жамандыққа бармапты.

Ардай тұтып үлкенді, ата жолын жалғапты.

Келесі кезеңге өту

Ойынымызды жалғастырайық. Барлығымыз тақтаға назар аударайық. Екінші айналымға келдік: алдарыңызда ұяшықтар беріледі. Әр ойыншы ұяшықты таңдап, сол бойынша қойылған сұраққа жауап береді.