Қазақ тілінің байлығы - қазақ ұлтының байлығы
Ана тілі – жүрек үні
Ана тілі — ұлттың жаны, халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін ең құнды қазына. Тілді құрметтеу — өзіңді, еліңді және өткеніңді құрметтеу.
Жүргізуші сөзі
1-жүргізуші: Қайырлы күн, ұстаздар мен қонақтар! Сіздерге арнап «Ана тілі – жүрек үні» атты тәрбие сағатымызды ашуға рұқсат етіңіздер!
2-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп жазылған.
1-жүргізуші: Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» алғашқы заңы 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданды. Бүгінде елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері қазақ тілін оқып-үйренуде. Қазақ тілін меңгеріп жүрген шетел азаматтары да аз емес.
Тіл туралы қысқаша дерек
2-жүргізуші: Қазақ тілі түркі тілдеріне, соның ішінде қыпшақ тобына жатады.
Түркі тілдес халықтарға мыналар жатады: қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, татар, башқұрт, әзірбайжан, тува, хақас, алтай.
Оқушылардың ой-толғауы
Төмендегі үзінділер ана тілінің қадірі, рухани қуаты және ұлт өміріндегі орны туралы ойды тереңдетеді.
1-оқушы: Жер шарының әр түкпірінде қазақтар өмір сүреді. Шетелде тұратын қандастарымыз да өз тілін «ана тілім» деп қадір тұтады. Қазақ тілі — қазақ халқының ана тілі. Ол халық тарихымен бірге жасап, ұрпақтан ұрпаққа қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етіп келеді.
2-оқушы: Бүгінде қазақ тілі республикада білім мен ғылымның, техниканы меңгерудің, мәдениет пен экономиканы дамытудың тілі ретінде толық мағынасында орнығып келеді.
3-оқушы: Ана тілі — бар білімнің қайнары,
Аталардың өсиеті — пайдалы.
Алақаны мейірімді анаңның,
Ұстазыңның жарқын жүзі — жайдары.
Ана тілім — тастамайтын әліппем,
Болғаным жоқ әріптерін танып мен.
Өз тілімді жақсы көру арқылы,
Достасамын басқа барлық халықпен.
4-оқушы: Ана тілің — біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің — біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
5-оқушы: Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде мың-мың ыстық қаным бар.
Туған тілде әнім менен сәнім бар,
Туған тілім — жүрек үнім, наныңдар!
Нанбасаңдар,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
6-оқушы: Халық өз тілін ең ардақты құндылық деп біледі, оны ерекше сүйеді. Қырғыз ақыны Сарноғаевтың сөзімен айтсақ: «Ана тілін сүймеген адам, халқын сүйіп те жарытпайды».
7-оқушы: Тілді жасаушы — халықтың өзі, сондықтан тіл халыққа қызмет етеді. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ. Қазақ тілі — бай да икемді, дамыған тіл. Бұл пікірдің шындығын кезінде кемеңгер Абай да дәлелдеген.
8-оқушы: Қазақ тілінің байлығы — қазақ ұлтының байлығы. Осы қазынаны бағалай білсек, Қазақстан кез келген елмен терезесі тең, іргелі мемлекет ретінде нығая түседі.
9-оқушы: Ең бірінші бақытым — тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
10-оқушы: Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
11-оқушы: Сол тілімнен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілімнен әдетті мен жаттадым.
Ең бірінші сол тілімнен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным.
Оқу, білім, тіл, өнер туралы мақал-мәтелдер
1) Білім кілті — тіл.
2) Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
3) Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.
4) Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.
5) Тіл — көңілдің кілті.
Қорытынды ой
Сынып сағатымызды ұлы тұлғалардың ана тілі туралы нақыл сөзімен түйіндейік:
Тіл — қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры.