Corel draw бағдарламасы туралы түсінік
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
- Жаңа ұғымдарды енгізіп, негізгі қасиеттерін қалыптастыру.
- Алған білімді жүйелеуге және қорытынды жасауға үйрету.
- Өз жұмысына баға беріп, талдау жасау дағдысын дамыту.
Дамытушылық
- Құбылыстардың қасиеттері мен өзара байланысын ажыратуға үйрету.
- Оқу материалын жоспарлау, теорияны практикада қолдану және есте сақтау қабілетін дамыту.
- Оқуға, жазуға, сызуға, конспект жазуға дағдыландыру.
Тәрбиелік
- Еңбекті құрметтеуге, тапсырманы уақытында әрі сапалы орындауға тәрбиелеу.
- Білімге құштарлықты арттырып, мазмұнын терең түсінуге ынталандыру.
- Құбылыстарға өзіндік баға беру қабілетін қалыптастыру.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды сабаққа жұмылдыру және түгелдеу.
- Сыртқы келбет, дәрісхананың тазалығы, жұмыс орнының реті мен дайындығын тексеру.
- Сабақтың өту барысын түсіндіру.
Қаламыздың 190 жылдығына орай келген қонақтар бүгін колледжімізге келді. Оларды колледждің құрылу тарихы қызықтырады. Сұрақтарға жауап беріп, үй тапсырмасын орындаған оқушылар қонақтарды экскурсия форматында «қыдыртып» отырады.
2) Үй тапсырмасын тексеру және сұрау
Алдыңғы тақырыптарда Photoshop бағдарламасымен танысқанбыз. Бұл бөлімдегі білімді нақтылау үшін сұрақтар қойылады, кейін қысқа тест орындалады.
Тексеру сұрақтары
- Компьютерлік графика бейнелену тәсіліне қарай қалай бөлінеді? Негізгі бағыттары қандай?
- Photoshop қандай кескіндермен жұмыс істейді?
- Photoshop терезесінің құрылымын сипаттаңыз.
- Құралдар панеліндегі негізгі құралдар мен олардың қызметі қандай?
- Түстер жүйесі туралы не білесіз?
Тест форматы
- Тестке бөлінетін уақыт: 5 минут.
- Тексеру кезінде Photoshop туралы қысқа бейнеролик көрсетіледі.
- Нәтиже жарияланып, әр оқушының жинаған ұпайы айтылады.
Келесі аялдама: Н. Бекежанов атындағы драма театр. Театр тарихы туралы қысқаша мәліметті кім айта алады?
3) Жаңа сабақты түсіндіру
Сабақ ауызша баяндау арқылы түсіндіріледі. Мақсат — оқушылардың қызығушылығын оятып, жаңа тақырыпқа бағыттау, сондай-ақ бастапқы түсініктерін анықтау.
Қаралатын мәселелер
- CorelDRAW бағдарламасы туралы түсінік.
- Бас терезе және интерфейс элементтері.
- Құжатты сақтау, ашу және жабу.
- Жаңа құжат құру.
CorelDRAW туралы қысқаша теория
CorelDRAW — әртүрлі деңгейдегі күрделіліктегі графикалық объектілерді құруға арналған бағдарламалар топтамасы. Оған векторлық иллюстрациялар жасауға арналған CorelDRAW, растрлық кескіндерді өңдеуге арналған Corel Photo-Paint, кескінді трассировка жасауға арналған Corel Trace сияқты құрамдастар кіреді.
Бұл сабақта біз топтаманың иллюстрация дайындауға арналған негізгі компоненті — CorelDRAW бағдарламасына назар аударамыз. Бағдарламаны іске қосу үшін Windows мәзірінен CorelDRAW 11 белгішесін таңдаңыз.
Бас терезе және интерфейс элементтері
Мәзір (Menu)
Терезе тақырыбынан кейін орналасады және бағдарламаның негізгі функцияларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Құралдар панелі (Toolbox)
Терезенің сол жағында орналасады. Салу, өңдеу, бояу, мәтін енгізу сияқты әрекеттердің режимін таңдауға арналған.
Басқару панелі (Property/Control bar)
Әдетте мәзірдің астында орналасады. Жиі қолданылатын командалар: ашу, сақтау, жабу, алмасу буфері, масштаб және т.б. Жұмысқа ыңғайлау үшін панельдерді реттеуге болады.
Түстер палитрасы
Оң жақта орналасады. Бұл — түстердің сандық палитрасы: түстерді таңдауға, толықтыруға немесе қажетсізін алып тастауға болады.
Қалып-күй қатары (Status bar)
Төменгі бөлікте орналасады. Таңдалған объект туралы мәліметтерді, курсор координаталарын және құралға қатысты контекстік түсіндірмелерді көрсетеді. Ақпарат көрінісі баптауларға тәуелді.
Жұмыс аймағы және бет (Page)
Экранның негізгі бөлігі иллюстрация құруға арналған. Баспаға тек жұмыс бетінде орналасқан объектілер ғана шығады. Ал беттен тыс аймақ — элементтерді уақытша сақтауға арналған кеңістік.
Айналдыру жолақтары және навигатор
Жұмыс үстелі көрінетін аймақтан үлкен болады. Айналдыру жолақтары арқылы жасырын бөлікті қарайсыз. Көлденең айналдыру жолағының сол жағындағы навигатор құжатқа бет қосуға және беттер арасында ауысуға мүмкіндік береді.
Сызғыштар (Rulers)
Құжат терезесінің жоғарғы және сол жақ бөлігінде орналасады. Объектілердің координаталарын өлшеуге және дәл орналастыруға көмектеседі.
Кеңес: батырма атауын жылдам білу
Егер саймандар тақтасынан қажетті батырманы табу қиын болса, курсорды батырма үстіне апарып, 1–2 секунд қозғалтпай ұстап тұрыңыз — қысқаша көмекші түсіндірме пайда болады.
Құжатпен жұмыс: құру, ашу, сақтау, жабу
Жаңа құжат құру
CorelDRAW іске қосылғанда құжат терезесі ашылады. Егер бағдарлама дайын файлмен ашылмаса, ол жаңа құжат болып есептеледі. Жұмыс барысында жаңа құжат керек болса, File → New командасын таңдаңыз.
Құжатты ашу және жабу
Құжатты ашу үшін CorelDRAW файлын тышқанмен шертуге немесе құралдар панелінен Open командасын таңдауға болады. Ашылған диалогта файлдар тізімі және алдын ала көру (Preview) аймағы көрсетіледі.
Құжатты сақтау
Құжатты сақтау құралдар панеліндегі Save командасы арқылы орындалады. Егер құжат бұрын сақталмаған болса, Save Drawing диалогтық терезесі ашылып, файл атауы мен сақтау орны таңдалады.
Саяхаттың келесі нүктесі: А. Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі. Енді оқушылар осы мәдениет ошағы туралы қандай мәлімет айта алады?
4) Бекіту тапсырмалары
Тапсырма №1
CorelDRAW бағдарламасы туралы қысқаша түсінік құрастырыңыз: мақсаты, мүмкіндіктері, қай салада қолданылатыны.
Тапсырма №2
Терезе элементтерін жазып шығыңыз (презентациядағы 12-слайдқа сүйене отырып).
Сергіту сәті
Ребус шешу (13-слайд). Жауабы: аспаптар тақтасы.
Тапсырма №3
Сәйкестік тест (14-слайд).
Қонақтармен бірге Мәңгілік алау алаңына келдік. Әрі қарай жылжу үшін қосымша тапсырмалар орындалады: Венн диаграммасы, кроссворд және сөзжұмбақтар.
Кроссворд
Тігінен
- Қол манипуляторы.
- Ақпаратты сақтайтын құрылғы.
- Монитор экранындағы бір нүкте.
- Ақпаратты енгізу құрылғысы.
- Гректердің ежелгі есеп құралы.
Көлденеңінен
- Иілгіш дискілермен жұмыс жасауға арналған құрылғы.
- Компьютердің «миы».
- Компьютер жадына графикалық ақпаратты енгізу құрылғысы.
- Басылым құрылғысы.
- Компьютердің жеке құрылғыларын байланыстыратын негізгі магистраль.
- Қатқыл диск.
Жауаптары
1. Трекбол
2. Жад
3. Пиксель
4. Дискжетек
5. Пернетақта
6. Абак
7. Процессор
8. Сканер
9. Принтер
10. Шина
11. Винчестер
Соңғы аялдама: вокзал. Мұнда қонақтардан қаламыз туралы пікірлерін сұрап, шығарып саламыз.
5) Қорытынды және бағалау
- Сабақ мазмұны бойынша негізгі ұғымдар қайталанады.
- Оқушылардың жұмысы бағаланып, қысқа кері байланыс беріледі.
6) Үй тапсырмасы
CorelDRAW бағдарламасында қарапайым объектілердің суретін салып, олардың негізгі қасиеттерімен (өлшемі, түсі, контуры, орналасуы) танысу.
Қолданылған әдебиеттер
- А. Е. Сағымбаева. Компьютерлік графика. Алматы, 2007.
- Н. Т. Ермеков. Компьютерлік графика. Алматы, 2008.
- П. А. Минько. Обработка фотографии в Photoshop. Мәскеу, 2007.