Ана тәрбиесі қызға, әке тәрбиесі ұлға үлгі

4-сынып

Тақырыбы: Үлгілі отбасы

Мақсаты: өнегелі ұл, тәрбиелі қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарды үлгі ету, насихаттау.

Кіріспе сөз

1-жүргізуші

Қазақ халқының данышпан ақыны Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен бөлінер, баяғыдай көрінер» деген нақыл сөз қалдырған.

Ата – тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Ата-ананы қадірлеу, олардың ақ сүтін ақтауға ұмтылу — әр перзенттің парызы. Замана толқыны тарих теңізінің жағалауына жақсы тәрбиенің баға жетпес меруерт-маржанын қалдырып келеді.

2-жүргізуші

Халқымыз: «Балаң жақсы болсын десең, баласы жақсымен көрші бол» дейді. Сондай-ақ: «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан бала артық; сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген өсиет сөз бар.

Біз — атадан балаға мұра болып қалған тәрбиені ардақтаған дана халықтың ұрпағымыз. Баланы мәпелеп өсіріп, өнегелі тәрбие беруді мақсат еткен асыл дәстүрді жалғастыру — ортақ міндет.

1-жүргізуші

Ендеше, бүгінгі «Үлгілі отбасы» атты сабағымызға қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Бүгінгі сабаққа қонақ болып отырған таңдаулы, үлгілі отбасылармен таныс болайық.

  • Жолдыбаевтар отбасы
  • Кадековтар отбасы
  • Кахановтар отбасы
  • Жакуповтар отбасы

Тәрбие сағатының жоспары

1-бөлім: «Баланың ойы»

«Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы. Танимысың сен мені? Мен — үлгілі ата-ана баласы…» деген ойға сүйене отырып, оқушылар жанұясы туралы шығармаларын оқиды:

  • Ақбота
  • Әлім
  • Бауыржан
  • Айсұлтан

Әндер

  • «Анашым-әкем»
  • «Бала тілегі»

2-бөлім: «Балам туралы»

«Атаң болса анаңмен — алтыннан соққан қорғаның… Ақылды қыз, ақылды ұл — сөнбес сенің шырағың» дегендей, бұл бөлімде ата-аналар баласының ерекшелігін әңгімелейді.

Әндер

  • «Әкем» (Алдабергенова А.)
  • «Анашым» (Шарапов А.)

3-бөлім: «Үлгі алыңыз»

«Ата жолын қуатын, әже жолын қуатын… Бойында бар қуаты — аман болсын баламыз» деген тілекпен тәрбиеге қатысты ситуациялық сұрақтар қойылады.

1-сұрақ

Қыз бала тәрбиесінің ерекшелігі

Жауап береді: Жолдыбаевтар отбасы

2-сұрақ

Ұлыңыз тентектік жасаса, жазалайсыз ба?

Жауап береді: Кадековтар отбасы

3-сұрақ

Көп балалы отбасындағы тәрбие ерекшелігі

Жауап береді: Кахановтар отбасы

4-сұрақ

Бала бойынан ерекше дарын байқасаңыз, қалай дамытасыз?

Жауап береді: Жакуповтар отбасы

Көрініс: «Ата өсиеті»

Тәрбиелік мәні терең диалог

Жігіт

Ассалаумағалейкум, ата!

Қарт

Амансың ба, балам? Бақытты болу оңай ма?

Жігіт

Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында.

Қарт

Жоқ, балам. Ақыл басыңда болса, бақыт жаныңда болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты болам десең, ақылдылықты үйрен немесе ақылды қызға үйлен.

Жігіт

Дұрыс айтасыз, ата!

Қарт

Балам, үйде кім, елде кім қадірлі?

Жігіт

Үйде ана, елде бастық қадірлі.

Қарт

Жоқ, балам. Үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. «Бала — үйдің патшасы», «Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар» деген халқым.

Қарт

Балам, үйдегі алтын қазық кім?

Жігіт

Ата, үйдегі алтын қазық — бала.

Қарт

Жоқ, балам. Үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, аға — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі — көзінде, ықыласы — көңілінде, ақылы — сөзінде болады, балам.

Жігіт

Қандай ғибратты сөздер, ата!

Қарт

Балам, достықты нығайтатын не?

Жігіт

Достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.

Қарт

Дұрыс, балам. Сен айтқан қасиеттер достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын: шын достық — ақылдыға тән. Өмірде дос болуды ойласаң, мына сөздерді шын көңілмен айтуға үйрен: «Сәлеметсіз бе?», «Кешіріңіз», «Рахмет», «Сау болыңыз», «Сәлем айтыңыз», «Рұқсат па?» Сәлемдесуді білген адам кешіре де біледі. Жөн сөз көңілді өсіреді, жөнсіз сөз үмітіңді өшіреді.

Жігіт

Рахмет, ата! Сіздің ғибратты сөздеріңізді жадымда сақтаймын.

Барлығы: Иә, барлығымыз да сақтаймыз.

Би

«Қонжықтар» — қыздардың орындауында

Қорытынды сөз

Бүгінгі кеш осымен аяқталды. Өнерін аяп қалды демеңіздер. Келесі кездескенше сау болыңыздар — уақыт та біршама таяп қалды.

Келгендеріңізге рахмет!