Біржасушалы және көпжасушалы балдырларға сипаттама
Сабақтың тақырыбы
§ 32. Балдырлар: біржасушалы және көпжасушалы балдырларға сипаттама (Биология, 6-сынып).
Сабақтың мақсаты
Балдырлар, олардың әртүрлілігі, біржасушалы және көпжасушалы балдырлардың тіршілік әрекеті туралы түсінік қалыптастыру.
Білімділігі
Оқушылардың білім-біліктілігін сұрақтар арқылы анықтау.
Дамытушылығы
Қосымша материалдарды пайдалануға дағдыландыру, сөздік қорын және ой-өрісін дамыту.
Тәрбиелігі
Табиғатты сүюге, оның байлығын және берекелі тіршілігін қорғауға тәрбиелеу.
Сабақтың типі
Жаңа сабақ
Сабақтың түрі
Білімді жүйелеу
Сабақтың әдісі
Ауызша түсіндіру, сұрақ-жауап, топпен жұмыс
Көрнекілігі және пәнаралық байланыс
Көрнекілігі
Оқулық, плакаттар, карточкалар
Байланыстылығы
География, медицина, химия
Сабақтың барысы
- I Ұйымдастыру бөлімі
- II Үй тапсырмасын еске түсіру және тексеру
- III Жаңа сабақ
Ой қозғау
Теңізде өсіп тұрған ол бір орман,
Жел соқса теңіз үшін болған қорған.
Ризоидтары арқылы бекінеді,
Ертеден халық бұдан йод алған.
Бұл не? — Балдыр.
Балдырларға жалпы сипаттама
Балдырлар — төменгі сатыдағы өсімдіктер. Олар біржасушалы және көпжасушалы болып келеді. Көпжасушалы балдырлардың денесі таллом деп аталады.
Балдыр жасушасы көбіне бір ядролы. Цитоплазмада органоидтар мен вакуоль болады, ал түстері әртүрлі хроматофорлар кездеседі.
Көбею жолдары
- Өсімді жолмен
- Жыныссыз жолмен (споралар, зооспоралар арқылы)
- Жынысты жолмен (гаметалардың қосылуы арқылы)
Біржасушалы балдырлар
Хламидомонада
Тіршілік ету ортасы
Көбіне тоқтау суларда тіршілік етеді.
Құрылысы
Жасуша қабырғасы жасунықтан (целлюлозадан) тұрады. Астау тәрізді хроматофоры, екі талшығы, жиырылғыш вакуолі және қызыл көзшесі болады.
Тыныс алуы
Оттегімен тыныс алады.
Көбеюі
Жыныссыз және жынысты жолмен көбейеді. Жыныссыз көбеюде жасуша 2-ге, 4-ке, 16-ға, 32-ге бөлініп, зооспоралар түзеді.
Жынысты көбею кезінде цитоплазма бірнеше бөлікке бөлініп, гаметалар түзіледі. Гаметалардың қосылуынан зигота пайда болады; ол тыныштық кезеңінен кейін зооспора түзе алады.
Ескерту: хламидомонада мысалында жыныстық үдерісті 1875 жылы орыс альгологы Н. Н. Горожанкин дәлелдеген.
Хлорелла
Хлореллада екі талшық та, қызыл көзше де болмайды. Хроматофоры жазық, астау тәрізді. Негізінен жыныссыз көбейіп, споралар түзеді.
Хлорелла және ғарыштағы тәжірибелер
- Хлорелла суда өседі, сондықтан су қажет болуы ғарыш кемесінің салмағын арттырады.
- Өсіру ыдысы міндетті түрде герметикалық болуы керек.
- Күніне үш мезгіл тамаққа 100 г хлорелла қосып бергенде, 1 аптадан соң адамдар мазасыздана бастаған: адамның асқорыту жүйесі хлорелланың жасунықты қабықшасын толық қорыта алмаған.
Жапонияда хлорелладан нәруыз бен витаминдер алу жолға қойылған.
Хлорококк
Хлорококк топырақта және ағаш діңдерінде өседі. Құрылысы хламидомонадаға ұқсас. Ол топырақ түзу үдерісіне қатысады.
Фитопланктон және фитобентос
Біржасушалы балдырлардың көпшілігі фитопланктонды құрайды. Ал ағын суларда тіршілік ететін көпжасушалы жасыл балдырлар (мысалы, спирогира, улотрикс) фитобентос құрамына жиі кіреді.
Сондай-ақ диатомды балдырлардың біржасушалы түрлері кең таралған.
Көпжасушалы балдырлар
Спирогира
Спирогира — көпжасушалы жасыл балдыр. Тұщы су қоймаларында, кейде теңіз суларында да кездеседі. Түр саны шамамен 13 мың деп беріледі.
Ерекшелігі: таспа пішінді хроматофоры орамалы (спираль) тәрізді. Өсімді және жынысты жолмен көбейеді.
Улотрикс
Улотрикс — жіп тәрізді жасыл балдыр. Хроматофоры жалпақ білезік тәрізді болып келеді.
Көбеюі: жынысты және жыныссыз жолмен жүзеге асады.
Қызыл және қоңыр балдырлар
Көпжасушалы қызыл және қоңыр балдырлар негізінен теңіздерде өседі. Тағам өнеркәсібінде пайдаланылатын ламинария сияқты өкілдер су түбіне ризоидтары арқылы бекінеді.
Балдырлар медицинада және әртүрлі өнеркәсіп салаларында да кеңінен қолданылады.