Оқушылардың Әліппеден игерген білімдерін ата - аналарға, көрермендерге көрсету
Сынып: 1
Тақырыбы: Қош бол, құтты Әліппем!
Мақсаты: Әліппені аяқтауды салтанатты түрде атап өту. Оқушылардың Әліппеден игерген білімдерін ата-аналарға және көрермендерге көрсету. Оқушылардың алған білімдерін тиянақтау, әр оқушының іс-әрекеті арқылы икемділігі мен қабілетін танытып, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу. Әліппеге байланысты өлең-тақпақтарды мәнерлеп оқуға үйрету.
Көрнекіліктер: әріптер, шарлар, мақал-мәтелдер, слайдтар.
Салтанатты кеш барысы
Нұрбек
Армысыздар, құрметті қонақтар! Бүгін біз үшін шексіз қуаныш. Себебі алғаш сауатымызды ашқан жақын досымыз — Әліппемен қоштасамыз.
Мұғалім
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы,
Жас балаға нұр шашқан —
Қандай кітап тіл ашқан?
Оқушылар: Әліппе!
Әсет
Жақсы білім — көрімдік,
Болсын сізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік —
Қане, ортаға салайық.
Бақытжан
Өтті оқу — сан сабақ,
Бүгін — үлкен салтанат.
Басқа оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Нұрбол
Қош бол, құтты Әліппе,
Тіл тұсауын кестің сен.
Аяулы анам болып сен,
Айыбымды кештің сен.
Әсем
Әліппем менің, Әліппем,
Сені қолға алып мен
Мектептің есігін аштым,
Ертеңгі сәуле жарығын көргендеймін.
Алихан
Әліппе деген — алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол —
Тырмысып бақ намысқа.
Алим
Бар кітапқа бас болған
Әліппе — ғылым ағасы.
Әліппеден басталған —
Даналықтың данасы.
Меруерт
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.