Матаны кергішке керу

Сабақтың тақырыбы

Кесте тігістерін тігу.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Халық қолөнерінің бір саласы — кестелеу өнері туралы ұғым қалыптастыру; көркем тігістерді таныстыру; білімді кеңейту.

Дамытушылық

Кесте тігістерін орындаудың әдіс-тәсілдерін меңгерту; қол икемділігін дамыту.

Тәрбиелік

Қолөнерді үйрету арқылы атадан қалған салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың типі
Аралас сабақ.
Сабақтың түрі
Сарамандық.
Сабақтың әдістері
Зерттеу, түсіндірмелі, сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс
Математика, бейнелеу өнері, сызу.

Көрнекіліктер

  • Дайын бұйымдар
  • Слайдтар
  • Нұсқау карталары

Құрал-жабдықтар

  • Ине
  • Қайшы
  • Кергіш
  • Жіп
  • Оймақ
  • Түйреуіш
  • Маталар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушыларды түгелдеу.
  2. 2 Оқу құралдарының дайындығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын бағалау

Қайталау сұрақтары:

  1. Изонить дегеніміз не?
  2. Жіппен бейнелеу өнері қандай бұйымдарды безендіру үшін қолданылады?
  3. Жіппен бейнелеу кезінде қандай құрал-жабдықтарды пайдаланамыз?
  4. Бұрыштарды және дөңгелектерді қалай толтырамыз?
  5. Бұрыштарды тіккенде, беткі жағында жіптер қалай тартылады, ал теріс жағында қандай сызықтар көрінеді?

III. Үй тапсырмасын қорытындылау

Қайталау сұрақтары бойынша жауаптар талданып, негізгі ұғымдар бекітіледі.

IV. Жаңа материалды меңгерту

1) Кестелеу өнері туралы

Кестелеу — ертеден келе жатқан халық өнері. «Өнері таусылмас қазына, жұтамас байлық» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Қазақ қолөнері өзінің төлтума болмысымен, көркемдік мән-мағынасымен ғасырлар талғамынан өтіп, асыл мұраға айналды. Сол қазынаның бір саласы — кесте өнері.

Бұрын халқымыз күнделікті тұтынатын көптеген бұйымдарын кестемен әшекейлеп, безендірген. Мысалы, ұлттық киімдер, бас киімдер, сондай-ақ түрлі сувенир бұйымдар кестелеуге өте қолайлы.

2) Кесте түрлері

Біз кесте шығыс халықтары арасында, әсіресе қазақ пен қырғыз халқында жоғары деңгейде дамыған. Біз кесте — кергішке керілген арнайы мата бетіне түсірілген ою-өрнек не бейнені сызық бойымен кестелеп, қармақ бізді матадан өткізіп, жіпті іліп-шалып алу арқылы қайталанатын ұсақ тігістер жиынтығы.

Біз кесте

Матаға сызылған ою-өрнекті сызық бойымен кестелеп, кейін ішкі бөлігін түрлі түсті жіптермен толтыру.

Баспа кесте

Матаның ашық жерін қалдырмай (немесе өте аз қалдырып), тұтас кестеленген шымқай кесте.

Әредік кесте

Матаның әр жері бөлек-бөлек әшекейленіп, өрнектер жеке салынады. Тақия, балақ, өңір, жаға, етек, әйелдердің тымағы сияқты бұйым бөліктеріне тігіледі.

Оюластырып кестелеу

Маталарды бөлек кестелеп, оюластырып жапсыру. Бір матаның бетіне екінші матадан тігілген фигура салынып, шет жақтары әртүрлі кесте тігістерімен тігіледі.

Маржандап, моншақтап кестелеу

Әйелдер бас киімдеріне, тақияға, сәукелеге, өңірге, қолдорбаға, қамзолға және сән-салтанатты киімдерге маржан мен моншақ қолдану арқылы кестелеу.

3) Кесте тігуге қажетті негізгі құрал-жабдықтар

  • Инелер
  • Дөңгелек және төртбұрышты кергіштер
  • Қайшы
  • Оймақ
  • Түйреуіштер
  • Жіптер және маталар

V. Сарамандық жұмыс

Қауіпсіздік ережелері

  • Инені ауызға салма.
  • Тот басқан инемен жұмыс істеуге болмайды.
  • Инені кез келген жерге қадама.
  • Қайшыны жолдасыңа үшкір жағымен берме.
  • Жолдасың қайшымен жұмыс істеп жатқанда, көңілін бөлме.
  • Қайшының ұшын жоғары көтерме.

Нұсқау картасы: жұмыстың орындалу реті

Кезең Жұмыстың орындалу реті Керекті заттар
1 Матаны кергішке керу Кергіш, мата
2 Матаға өрнекті салу Мата, қарындаш
3 Сызылған өрнекті сызық бойымен кестелеу Ине, жіп
4 Ішкі бөлігін әртүрлі түсті жіптермен толтыру Жіптер
5 Жұмысты аяқтау және ұқыпты өңдеу Қайшы

Тігіс түрлері және кезеңдер

1-кезең: «Тышқан ізі» тігісі

Бұл тігіс көлемді, біркелкі ілмектердің шынжыр секілді бір-біріне тіркесе орындалуымен ерекшеленеді. Жіпті бекітіп, матаның оң жағына шығарамыз. Жіпті ілмек тәрізді созып, сол қолдың басбармағымен басып тұрып, инені алғаш шаншыған жерден дәлдеп төмен қарай, яғни матаның теріс бетіне қарай шаншимыз.

2-кезең: Шалып торлау түрлері

Өрнек сызықтарын айқындауға және жиекті бекітуге қолданылатын шалып торлау тәсілдерін орындау.

3-кезең: «Таңдай тігісі» (қабырға кесте)

«Таңдай тігісі» әдісімен тігілген қабырға кестені орындау, тігіс қадамын біркелкі сақтау.

4-кезең: Жіп салып тігу

Негізгі жіпті бағыттап салып, үстінен бекіту тігістерімен орнықтыру арқылы бедер беру.

5-кезең: Айқас тігісі

Айқас тігісімен тігу кезінде тор көздердің өлшемін бірдей сақтап, тігістер бағытын бірізді орындау.

VI. Сабақты бекіту

Мақал-мәтелдерді толықтырыңыз:

1. Жеті рет өлшеп — бір рет піш.

2. Көз қорқақ — қол батыр.

3. Өнер көзі — халықта.

4. Ата көрген — оқ жонар, шеше көрген — тон пішер.

5. Қыз көркем — кестесімен көркем.

6. Кестенің сыры — түрінде, кілемнің сыры — түгінде.

VII. Бағалау

Оқушылардың жұмысы тігістің дәлдігі, ұқыптылығы, қауіпсіздік ережелерін сақтау және уақытты тиімді пайдалану бойынша бағаланады.

VIII. Үйге тапсырма

Кесте тігістерін тігу тақырыбын қайталау және келесі сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындау.