Бес жерде бес - жиырма бес
Сабақтың тақырыбы
Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша.
Сабақтың мақсаты
- а) Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаның қолданылу жолдарын түсіндіру.
- ә) Түрлі әдістер арқылы оқушылардың тапқырлығын, жылдамдығын, есте сақтау қабілетін арттыру; сөйлеу тілін жетілдіру және шешендікке баулу.
- б) Сабақ барысында оқушыларды сауаттылыққа баулу.
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сабақтың түрі
- Дәстүрлі сабақ
- Сабақтың әдістері
- Сұрақ-жауап, тіл дамыту, түсіндіру, талдау
- Көрнекіліктер
- Плакат, кеспе қағаздар, қосымша материалдар
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет, орыс тілі
Сабақтың барысы
Сабақ құрылымы кезең-кезеңімен ұйымдастырылады: кіріспе жұмыс, үй тапсырмасын тексеру, жаңа материалды меңгерту, жаттығу, бекіту және қорытындылау.
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Оқу құралдарын тексеру, сыныптың тазалығына назар аудару.
- Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Үйге берілген тапсырма тексеріліп, оқушылардың орындау сапасына назар аударылады.
III. Үй тапсырмасын бекіту
Өткен тақырыптың қаншалықты меңгерілгенін анықтау үшін бірнеше сұрақ қойылады.
Жаңа сабақ: бастауыштан кейін сызықша қойылатын жағдайлар
Бастауыш пен баяндауыштың қай сөз табынан болғанына және интонация арқылы байланысуына қарай, төмендегі жағдайларда бастауыштан кейін сызықша қойылады.
1) Бастауыш та, баяндауыш та атау тұлғалы зат есім болса
Екеуінің арасына сызықша қойылады.
Астық — біздің байлығымыз.
Күдіренов Айтым — аға шопан.
Ерлік — бүгінгі өмір талабы.
2) Бастауыш сілтеу есімдігі немесе жіктеу есімдігінің III жағы болып, баяндауыш зат есім болса
Бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Бұл — үлкен қуаныш.
Ол — қазір звено бастығы.
3) Бастауыш заттанған сын есім, сан есім, есімше болып, баяндауыш зат есім болса
Бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Қыздардың үлкені — Майра, кішісі — Сайра.
Үш — тақ сан.
Ұзын белдің бойында биік таудай мұнартқан — Қарағанды.
4) Бастауыш тұйық етістіктен болып, баяндауыш зат есім болса (немесе керісінше)
Екі мүше арасына сызықша қойылады.
Менің ұмтылған тілегім — қалайда пайдалы адам болып шығу.
Қой бағу — қиын кәсіп.
5) Бастауыш та, баяндауыш та сан есім болса
Араларына сызықша қойылады.
Бес жерде бес — жиырма бес.
6) Бастауышты анықтауышпен шатастырмау үшін
Сілтеу есімдігі мен жіктеу есімдігінің III жағынан болған бастауыштарды, сондай-ақ зат есім, сын есім, есімшеден болған бастауыштарды көршілес тұрған зат есімнің анықтауышы деп шатастырмау үшін, бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Бұл — жазушының байқағыштығын көрсетеді.
Жақсы — ісімен жақсы.
Көрмес — түйені де көрмес.
7) Сан есімнен болған бастауышты күрделі сан есімнен ажырату үшін
Сан есімнен болған бастауышты күрделі сан есімнен болған мүшеден ажырату үшін, бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Жүз — жиырма беске бөлінеді.
Жүз жиырма — беске бөлінеді.
Жаттығумен жұмыс
41-жаттығу
Көшіріп жазыңдар да, бастауыштан кейін тиісті жерлерге сызықша қойыңдар.
Село үлкен.
Бұл — Марқакөл ауданының орталығы.
Алтай жайылымдары биыл ерекше.
Ең бағалысы — қызыл балық.
Тақтамен жұмыс
Тақтаға жазылған бірнеше сөйлемге синтаксистік және морфологиялық талдау жасалады.
42–43-жаттығулар
- 42-жаттығу: сөйлем түріне қарай талдап, бастауыштан кейін қойылған сызықшаның себебін түсіндіру.
- 43-жаттығу: көшіріп жазып, сөйлем мүшелеріне талдау жасау.
Білімді бекіту
Өтілген тақырып бойынша сұрақтар қойылады. Түсінбеген тұстарға қосымша түсіндіру беріледі.
- Тұрлаулы мүше дегеніміз не?
- Бастауыш дегеніміз не?
- Баяндауыш дегеніміз не?
- Мысал келтір.
- Сөйлем құра.
Оқушыға бағыт
Жауап бергенде сөйлемнің бастауышы мен баяндауышын нақты көрсетіп, сызықшаның қойылу себебін қысқаша дәлелдеңдер.
Үйге тапсырма
44-жаттығу: өлеңнен жасырын тұрған бастауышты баяндауыш арқылы тауып, жазу.
Бағалау
Оқушылар үй тапсырмасын орындау сапасына және жаңа сабаққа белсенді қатысуына қарай бағаланады.