Адамды тартымды етіп көрсететін қасиеттерТүрі ұсқынсыз болса да адамды өзіне еріксіз тартып тұратын кейбір адамды сіз де кездестірген боларсыз

Адамды тартымды етіп көрсететін қасиеттер

Түрі ұсқынсыз болса да, адамды өзіне еріксіз тартып тұратын жандарды сіз де кездестірген боларсыз. Ал кейде керісінше: әп-әдемі қыздар да, көрікті жігіттер де теңін таба алмай ұзақ жүріп қалады. Тіпті кейбір қарапайым жігіттің қасында ерекше сұлу аруды көргенде, таңырқап қалатынымыз рас.

Көпшілік арасында «келбеті келісті адам ғана тартымды болады» деген қалыптасқан түсінік бар. Бірақ тартымдылық тек сыртқы келбетке тірелмейді. Ол — өз-өзіңді ұстау мәдениеті, ішкі сенім, мақсатқа беріктік және адамдармен дұрыс қарым-қатынас құра білу.

Сезімталдық

Тартымды көріну — байсалды болу, өз-өзіңе сену және өзгелерге құрметпен қарай отырып, ықпал ете білу. Сезімтал адам жағдайды нәзік аңғарып, айналасына жылылық сыйлайды.

Мақсаты айқын болу

Адам өз мақсатын нақты айқындағанда ғана күресе біледі және алған бетінен қайтпайды. Айқын мақсат — ішкі тірек, көзқарас пен әрекетке тұтастық береді.

Әзілді түсіне білу

Орынды әзіл — қарым-қатынасты жеңілдететін күш. Әзілді түсінетін адам кез келген ортаның көркі болып, қызықты тұлға ретінде есте қалады. Кейде дәл айтылған қалжың адамның ойын бір сәтте-ақ өзгерте алады.

Икемділік

Бет-әлпет әдемі болғанымен, денені тік ұстамау, жүріс-тұрыстың қопал болуы әсерді әлсіретеді. Ал қимылдың сымбатты болуы — би билегенде де, жай жүргенде де, тіпті сөйлеген мәнерде де — келбетті аша түседі.

Сенімділік

Иығы салбыраған қалып, баяу әрі сенімсіз дауыс, жеке пікірдің болмауы — тартымсыздықтың белгілері. Сенімділік — сыртқы да, ішкі де әсерді күшейтетін ең негізгі тіректердің бірі.

Батылдық

Дүдәмалдық жағымды қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіреді. Еркін әрі батыл болу маңызды: қандай балмұздақ алатыныңыздан бастап, қай елде өмір сүргіңіз келетініне дейін — таңдауды өзіңіз жасауға үйреніңіз.

Ақылы жетік болу және түсіністік

Ақылды адам өмірге дұрыс қорытынды жасай алады. Ең бағалы қасиеттердің бірі — кез келген адамның жағдайын түсіне білу. Түсіністік пен парасат адамды одан әрі тартымды етеді.

Ұсақ детальға мән беру

Сыртқы келбеттегі өте кішкентай детальдің өзі (тіпті бірден байқалмаса да) назар аудартып, ұзаққа есте қалуы мүмкін. Сондықтан ұқыптылыққа және ұсақ-түйекке мән беріңіз.

Қызықты сұхбат құра білу

Мұнда тек ой-өрістің кеңдігі ғана емес, тыңдай білу мәдениеті де маңызды. Үнемі өзіңіз ғана сөйлеп, тек өзіңіз туралы айта беру — әбестік. Әңгімеде тепе-теңдікті сақтай біліңіз.

Ерекше қасиет немесе қылық

Әр адамның бойында өзіндік ерекше қасиет (немесе қылық) болады. Кейбіреулер оны аша алмайды, ал кейбірі оны кемшілік деп қабылдайды. Алайда дәл сол ерекшелік сізді өзгелерден даралап тұрады. Ешкімді қайталамаңыз — өзіңіз болып, өз ерекшелігіңізді сақтаңыз.

Адамның келбеті уақыт өте өзгереді, ал қалыптасқан тұлға — ұзаққа қалады.

Дайындаған: Жайна