Танытқан қазағымның қазақтығын, Танытқан қазағымның азаттығын
Ой-толғау • Ана тілі • Тәуелсіздік
Мәңгілік елімнің мәңгілік тілі — Ана тілі
«Ана тілі — бәріміздің анамыз, өйткені ол — ұлтымыздың анасы», — деген Н. Ә. Назарбаевтың сөзі әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Анамның ақ сүтімен бойыма дарыған ана тілім — туған тілім, қазақ тілім.
Негізгі ой
Әр халықтың мәңгі жасауы — оның тілінде. Тіл — халықтың өмірі, тарихы, болашағы.
Тіл маманының міндеті
Тілімнің мәртебесін биік, заңғар шыңға көтеруді мақсат тұтып, арманыма қанат бітірген таңдаумен тіл маманы атандым. Мамандығым — мақтанышым. Әр шәкірттің жүрегіне, рухани жан дүниесіне қазақ тілінің тереңдігін, байлығын ұғындыру — мен үшін тікелей міндет.
Тілдің мәні
Тіл — ұлттың жаны, ұрпақтың аманаты.
Міндет
Оқушы бойына тілге деген шынайы сезімді ояту.
Жүректегі жыр
Қазақ тілім — терең дем алар тынысым,
Қазақ тілім — еркіндігім, теңдігім.
Қазақ тілім — кәусар, мөлдір бұлағым,
Қазақ тілім — мәңгі жасар байлығым.
Мен сияқты әр тіл маманы — ұлтымыздың ертеңі үшін алаңдап, қазақ тілін әр қазақтың санасына сіңіруді мұрат еткен ізгі жандар. Кеше өткен ұлы даналарымыз Абай, Ахмет, Мұхтар заманында тіл үшін күрес — ел тәуелсіздігі үшін күреспен тең болғаны бекер емес.
Көпұлтты елдегі ортақ құрмет
Бүгінде дүниеде тәуелсіз Қазақ елі, әлемде егемен Қазақстан бар. Көпұлтты, тату, ынтымағы жарасқан халқымыздың әрқайсысының өз ана тілі бар. Солай бола тұра, әр ұлт өкілі мемлекеттік тіл — қазақ тілін құрметтеп, қазақша сөйлеп, дидарласуға ұмтылады.
Қазақ тілінің қадірін дәріптеген жандардың қатарында қазақша айтысып, сөздің қаймағын келтірген айтыскер анамыз Надежда Лушникова, қазақша әндерді керемет шырқайтын Татьяна есімді өнерпаздар, қазақ тілінің тағдырына шын жанашырлық танытқан Асылы Оманова секілді азаматтарды ерекше құрметпен атауға болады.
Сөздің салмағы
Туған тілімнің әр сөзі терең мағынаға ие; тілдің құдіреті де — осында. Күнделікті өмірде адамның айтқан сөзіне мән берсең, біреудің дөрекі бір ауыз сөзі жаныңды жаралап, жүрекке қаяу түсіреді. Ал кей жандардың шын көңілден шыққан жылы сөзі көңіліңді көтеріп, марқайтып жібереді.
Қазақ тілінің құдіреті — адамның сөзінен де, ісінен де оның жан дүниесі мен ішкі әлемі айқын көрінетінінде. Сондықтан әр сөзімізге абай болғанымыз жөн. Сені биікке шығаратын да, тірідей орға жығатын да — тіл.
Тіліміздің қолдану аясын кеңейту — әр перзенттің борышы. Қазақ халқының қызы болып дүниеге келгеніме мақтанамын: мен өз халқымның қаны мен жанынан жаралған тұлғамын. Борышым — қазақ тілінің тағдыры, бүгіні мен болашағы.
Қазақ тілі — құдірет
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын.
Танытқан қазағымның қайсарлығын,
Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім.
Адалдық, мейірбандық, ақкөңілдік, жайдарлық — мінезімнің өзегі. Ал ар-ұятым, намысым, күш-жігерімнің тірегі — тілім. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің мәртебесі. Қазақ тілінің Отаны — Қазақстан, тәуелсіз Қазақстан.
Тәуелсіздік және тіл
Тәуелсіздік — тарихтың мәңгі өмір сүруіне берілген еркін тыныс. Еліміздің тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығы — әр азаматтың парасатты пайымы мен санасына байланысты. Қазақстанның қазақша өркендейтініне сенемін.
Арманым
Жастарды, өскелең ұрпақты тіл мәдениетіне, көркем сөйлеуге тәрбиелеу; олардың бойына тілге деген шынайы сезімді ояту — орындалар арманым.
Сеніммен мейірімді анамды ұқтым,
Сеніммен мейірімді даламды ұқтым,
Сеніммен жолын кесіп арамдықтың,
Шыңына көтерілдім адамдықтың.
Елдік мұрат
Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толар тұста, Қазақстан көз алдымызда жаңа бағытпен, жаңа жолмен өсіп, дамып келеді. Тәуелсіздік халқымызға оңайлықпен келген жоқ: талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткердік. Мың өліп, мың тірілдік. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына кейінгі ұрпақ — біз жеттік.
Ел болдық, ерік алдық Астаналы,
Енді кімнен қазағым жасқанады.
«Тәуелсіздік» атауы ең алдымен Нұрсұлтан есімімен аталады» деген ой да ел жадында.
Еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болып, мәңгілік тіліміз өркендеп, қанатын кеңге жайған мемлекет болып, ашық аспан аясында бір шаңырақ астында ұрпағының ынтымағы жарасқан ел болып бақытты ғұмыр кешсек — одан асқан ырыс бар ма?!
Бейбітшілік тілегі
Аспанымыз ашық болып,
Ақ көгершін самғасын.
Барша халық тілейтіні —
Бейбіт күні сақталсын.
Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар — ол Тәуелсіз Қазақстан. «Мәңгілік ел етуді мұрат қылдық», — деген сенім ел жүрегіне қуат береді. Бейбітшілік пен тұрақтылықта Мәңгілік ел болайық, ағайын!
Салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтайтын, көптің көкейіне үміт отын ана тілінде жағатын, елжанды, патриот, рухани дүниесі бай тұлғаларымыз көп болсын!
Автор
Ақжайық ауданы Жаңабұлақ орта жалпы білім беретін мектебі КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Утешкалиева Жайнагүл Орынбасарқызы