Өздерің еңбектің қай түрлерімен айналысқанды ұнатасьңдар
Еңбек – бәрін жеңбек (өзін-өзі тану)
Мақсаты
Еңбектің адамгершілік құндылық ретіндегі мәні туралы түсінікті кеңейту.
Сабақтың міндеттері
- Еңбектің адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру.
- Еңбек етуге және өнерге қызығушылық пен сүйіспеншілікті арттыру.
- Еңбексүйгіштікке, өнерпаздыққа, өнерді және сұлулықты сүюге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Шығармашылық жұмыс, ребус шешу, бейнеролик көру, сұрақ-жауап, түсіндіру, мақал-мәтел талдау, суретпен жұмыс, «Жүректен жүрекке», сахналау, әңгіме жазу, алтын және күміс медальдармен марапаттау.
Көрнекі құралдар
Фотосуреттер, сюжетті суреттер, «Қайдан келдің, бауырсақ?» өлеңін сахналауға арналған құралдар, презентациялар, түрлі-түсті суреттер, жүрекшелер, топтық жұмысқа арналған материалдар.
Ұйымдастыру кезеңі
Амандасу
Біз әдепті баламыз, Айтқан тілді аламыз. Қонақтарды көргенде: «Сәлеметсіздер ме!» — деп Сәлемдесіп аламыз. Сабаққа жақсы қатысып, Бестік болсын бағамыз.
Мұғалім сөзі: Оқушылар 4 топқа бөлініп отырады. Балалар, бүгінгі сабақта сендерді көргеніме қуаныштымын. Күлімдеген жүздеріңді көріп, сүйсініп тұрмын. Бүгінгі сабағымыз сәтті өтсін деп тілейік.
1) Үй жұмысы
Тапсырма: «Обал мен сауап» тақырыбына сурет салу.
Сұрақ-жауап
- 1-топ: «Обал» деген не?
- 2-топ: Қандай обал істерді жасауға болмайды?
- 3-топ: «Сауап» деген не?
- 4-топ: Қандай сауапты істерді білесің?
2) Бейнеролик көру (өткен сабақпен байланыс)
Тақырып: «Сауап іс және қысқы еңбек». Бейнероликте 2 «А» сыныбының ұлдары қар күреп, аула тазалығына үлес қосады.
Талқылау сұрақтары
- Бейнероликте қандай сауап іс көрдіңдер?
- Сауап іс қалай жүзеге асты?
- Адамға еңбек не үшін қажет?
3) Жаңа тақырып
Тақырыпты ашу
Ребус шешу арқылы бүгінгі тақырып анықталады: «Еңбек – бәрін жеңбек».
Еңбек туралы мақал-мәтелдер
Оқушылар топ болып мақал айтып жарысады:
- Еңбек етсең емерсің.
- Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
- Еңбек ер атандырар.
- Еңбек – бәрін жеңбек.
4) Оқулықпен жұмыс
«Болайықшы осындай» өлеңі
Жақсы бала еңбекшіл — Ер азамат болады. Қиындықты жеңіп кіл, Құшағы гүлге толады. Қайырмасы: Еңбекшіл осындай, Болайықшы, досым-ай. Таза бала мұнтаздай, Сүйсінеді қараған. Ұқыпты деп: «Бұл қандай!» Жақсы көрер бар адам.
Өлең мазмұны арқылы еңбекқорлық, тазалық, ұқыптылық сияқты қасиеттер талданады.
5) Суретпен жұмыс
Тақтадағы суреттерден еңбектің түрлерін анықтаймыз. Әр топ бір сурет бойынша қысқаша әңгіме құрастырады.
6) Мәтінмен жұмыс
«Еңбексіз өмір — сүреңсіз»
Қара пышақ дүкеннен шығып, ас үйге келген соң тыным таппады. Нан турады, пияз аршыды — әйтеуір ас дайындалып, дастарқан жайылса, қолдан түспейтін болды. Ол жалқау еді. Бала кезіндегі «шалқалап жата берсем» деген арманы есіне түсіп, кейде жылап та алатын. Бір күні қара пышақ ауыр еңбектен құтылудың «оңай жолын» тапты. Иесінің көзін ала беріп, еденнің жырығына түсіп кетті. — Болды, — деді ол қуанып. — Енді еңбекті желкемнің шұқыры көрсін! Ай өтті, жыл өтті. Қара пышақ жатқан орнынан қозғалмады. Оның қайда екенін ешкім білмеді. Бір күні: — Әй, туысқан! — деген дауысқа елең ете қалды. Еденнің жарығынан жылтылдаған көз сығалап қарап тұр екен. Қара пышақ оны бірден таныды: баяғы өзімен бірге жасалған сары пышақ. Өзі көңілді, жүзі жарқ-жұрқ етеді. Тіпті сұлуланып кетіпті. — Төмен секір, — деді қара пышақ. — Бірге жатайық. Бізді ешкім білмейді. — Ол жерде не бар? — Жатамыз, ұйықтаймыз, демаламыз. Ой, қандай рақат! — Ал жұмысты кім істейді? — Жұмыс бізсіз де істеле береді... — Рақмет! — деді сары пышақ. — Еңбектен қашқанша, тер төгіп өлгенім артық. Еңбексіз өмір — сүреңсіз. Өзің-ақ жата бер, рақатыңа бата бер. Қара пышақ орнынан тұрайын деп еді, тұра алмады: өне бойын тот басыпты. Бар жері сынып бара жатқандай болды.
Сұрақ-жауап
- Қара пышақ қандай адамға ұқсайды? Ал сары пышақ ше?
- Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
- Өздерің еңбектің қай түрлерімен айналысқанды ұнатасыңдар?
7) Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың зейіні сергітіледі.
8) Шығармашылық жұмыс
1-топ
Қысқы еңбек түрлерін жазу, сурет салу.
2-топ
Көктемгі еңбек түрлерін жазу, сурет салу.
3-топ
Жазғы еңбек түрлерін жазу, сурет салу.
4-топ
Күзгі еңбек түрлерін жазу, сурет салу.
9) Сахналау
Еңбектің адам өміріндегі мәнін рөлдік орындау арқылы түсіндіру үшін сахналау тәсілі қолданылады. Үш оқушы (автор, қуыршақ, бауырсақ) рөлдерінде өлеңді мәнерлеп оқиды.
«Қайдан келдің, бауырсақ?» (Ө. Тұрманжанов)
Дастарқанда шашылып, Жатты аппақ бауырсақ. Бауырсаққа қызығып, Қарап тұрып көзін сап: — Қайдан келдің, бауырсақ? — Деп сұрады қуыршақ. — Дүкеннен келдім, нан сатқан, — Деді оған бауырсақ. — Дүкенге келдің қай жақтан? — Наубайдан келдім нан жапқан. — Наубайға келдің қай жақтан? — Диірменнен келдім ұн тартқан. — Диірменге келдің қай жақтан? — Даладан келдім кең жатқан. Жер-ана — менің көсілген, Диқандар мені өсірген.
Талқылау
- Нан дастарқанға қандай еңбек арқылы келеді?
- Нанның дастарқанға келу жолын ретімен айтып беріңдер.
Оқулықтағы суреттер (дастарқандағы бауырсақ, нан дүкені, наубайшы, диірмен, егіс алқабы) арқылы еңбек тізбегі нақты мысалмен түсіндіріледі.
10) Үй жұмысы
Мұғалім дәптермен жұмысты орындау жолын түсіндіреді.
Тапсырма: «Еңбек — бақыт бастауы» тақырыбында әңгіме жазыңдар.
Қорытындылау
Сабақты қорытындылау кезінде оқушылар негізгі ойды түйіндейді: еңбек — адамды тәрбиелейтін, шыңдайтын, өмірді көркейтетін құндылық.
«Жүректен жүрекке»
Гүл өсірсең терлеп — Мұның аты еңбек. Кесте тіксең зерлеп — Мұның аты еңбек. Домбыра мен биге, Ән мен күйге Күнде қатысып жүрсең — Мұның аты еңбек.
Бағалау
Оқушылардың белсенділігі атап өтіліп, алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.