Еліме тәуелсіздік келіп жетті, Мың жылдық күрестердің арқасында

Сабақтың тақырыбы

«Атты, міне, азаттықтың ақ таңы!»

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды туған жерін, елін, Отанын сүюге шақыру; қазақ елінің қаһармандарын ұмытпай, оларды үлгі тұтуға баулу; Қазақстан туралы білімдерін кеңейту.
  • Отан үшін отқа түсетін елжанды азамат етіп тәрбиелеу, оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастыру.

Кештің рухы: Тәуелсіздік туралы жыр

І жүргізуші

Тәуелсіздік – елдігім мен ерлігім,

Соған сүйін, сүйсіне алсаң сен бүгін!

Мақтан соған, қуан соған баладай,

Соған арнап жер-жаһанның тер гүлін!

ІІ жүргізуші

Тәуелсіздік – азаттығың мәңгілік,

Соны жырла, соны шырқа ән қылып!

Соны ғана әспеттеуге арналсын,

Барша дәстүр, барша өнеге, бар ғұрып!

Қош келдіңіздер

І жүргізуші

Армысыздар, егемен елдің азат халқы!

ІІ жүргізуші

Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ұстаздар, ата-аналар, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жарқын ұл-қыздар!

Бүгін сіздер 9 «Ә» сынып оқушыларының «Атты, міне, азаттықтың ақ таңы!» атты ашық тәрбие сағатын тамашалауға қош келдіңіздер!

Арнау

Бабалар аманат еткен қазақтың киелі Ұлы даласының ұлы тұлғаларына тағзым ете отырып, бүгінгі кешті табалдырығымызда тұрған Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арнаймыз.

Оқушылардың жыр жолдары

1-оқушы

Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға,

Біз көрдік хас дұшпанның балтасын да.

Еліме тәуелсіздік келіп жетті,

Мың жылдық күрестердің арқасында.

Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,

Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.

Ел үшін мәңгілікке жалғасады,

Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.

2-оқушы

Тойланып мың мереке, ұлыс күні,

Құйылған шаңырақтан ырыс нұры.

Халқымның бақыты үшін аз байлық па,

Тәуелсіз еліміздің тыныштығы.

Ішкі жау балағыңнан тартпасын кеп,

Сыртқы жау пәле-жала жаппасын тек.

Мен әркез ойланамын тәуелсіздік

Қадірін білмегеннен сақтасын деп!

3-оқушы

Шаттық нұры шашылып зеңбіректен,

Шуағын күн төгеді енді көктен.

Шылбыр үзді даланың арғымағы,

Тәуелсіздік жалауын желбіреткен.

Дүбір қосып өзіңдей сәйгүлікке,

Ақ боз аттың алдынан жанды үміт те.

Ту ғып ұстап аңсаған азаттықты,

Қазақстан бет алды мәңгілікке!

4-оқушы

Ел болдық, ерік алдық Астаналы,

Енді кімнен қазағым жасқанады?

Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі

Нұрсұлтанның атымен басталады.

Биік ұста тәуелсіздік жалауын,

Бірлік, достық, бейбітшілік қалауын.

Мерейлі 20 жылың құтты болсын,

Бақ кетпесін әр үйіңнен, қазағым.

Тарихқа тағзым

І жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар! Қазаққа тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Тарих беттеріне үңілсек, талай батырларымыз Отанымызды ат үстінен түспей қорғап, қан кешті. Бір ғана ХІХ ғасырдың өзінде отаршылдыққа қарсы күрескен батырларымыз қаншама! Сырым Датұлы, Есет батыр, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, Желтоқсан оқиғасының ұл-қыздары — бәрі де ел жадындағы ерлік мұрасы.

ІІ жүргізуші

Тәуелсіздікті ту еткен Кенесары көтерілісі кеңес өкіметі кезеңінде «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп бағаланып, Кенесары туралы жазған адамдар қуғын-сүргінге ұшырады. Алайда қазақ халқының соңғы ханы — Кенесары Қасымұлы өз заманының кемеңгері, мемлекет қайраткері, көреген стратег әрі батыр тұлға болды.

І жүргізуші

Ол 10 жыл бойы (1837–1847) әбден қаруланған патша өкіметінің тұрақты әскеріне қарсы күресті. Үш жүздің батырларын соңына ерте білді, ақылымен де, қайратымен де танылды. Тарих қиянатты кешірмейді. Ендеше бүгінгі кеште әділеттің қашанда жеңіске жететініне куә боласыздар.

Көрініс

І көрініс: «Тәуелсіздік туы — хан Кене!»