Гүл атауларын ата

Сыныптан тыс шара

Бұл шара көктем мерекелерімен астасқан Аналар күніне арналады. Негізгі ой — дүниедегі ізгіліктің бастауы күннің нұры мен ананың мейірімі екенін ұғындыру, ұлттық салт-дәстүрді қастерлейтін тәрбиелі, өнерлі ұрпақ өсіру және ата-ана мен мектеп байланысын нығайту.

Тақырыбы

«Кішкентай арулар»

Түрі

Сайыс

Мақсаты

  • Ананың мейірімі мен жақсылықтың құндылығын түсіндіру.
  • Ұлттық салт-дәстүрді қастерлеуге баулу.
  • Оқушылардың өнері мен талабын дамыту.
  • Ата-ана мен мектептің ынтымақтастығын арттыру.

Көрнекілігі

Шарлар, нақыл сөздер, гүл шоқтары, бағалау жетондары.

Кіріспе

Наурыз — жаңару мен мейірімнің мерекесі. Көктемнің алғашқы жаршысы бәйшешек қалың қарды жарып шығады. Сол сияқты аналардың да жүрегі нәзік болғанымен, төзімі берік, мейірімі кең.

Жүргізуші: «Құрметті асыл аналар, қадірлі ұстаздар! Көктемгі гүлдей құлпырып, мерекелеріңіз құтты болсын!»

«Наурыз күні — Ана күні, әлем күні.
Әлемді тебірентер ана үні.
Анасыз жан туған жоқ жер бетінде,
Ұғып ал, бөбектерім, сендер мұны.»

Сайыстың ашылуы

Сайыс басталар алдында әділқазылар алқасы таныстырылады. Қатысушыларды қошеметпен қарсы алып, ортаға шақырамыз.

Талғат:
«Уа, халайық, назар салайық:
Аруларымыз ортада — көзайымын алайық.
Қайсы күйші, кім биші — талабына қарайық,
Кімдер зерек, кім тапқыр — таланттарын табайық.
Көктем тойына арналған сайысты бастайық!»

Ортаға аруларды шақырамыз. «Қыз сыны» әуені орындалады.

I кезең — Таныстыру

Сахналық таныстыру

Кішкентай арулар өздерін әдеппен, ізетпен таныстырады: есімі, сыныбы, қызығушылығы, өнері мен арманы.

«Қорықпастан сахнаға келіп жетті,
Әдеппен, ізетпен танысуға…»

II кезең — Шебер қолдар

Қолөнер тапсырмасы

Қыздар гүл шоқтарын желімдеп құрастырады. Нәтиже ұқыптылық, талғам және уақытты тиімді пайдалану бойынша бағаланады.

Музыкалық үзіліс

Ер балалар аналарға арналған әндерін орындайды.

Ән: «Ақ мамам»

Әділ:
«Ұйытқысы жанұяның — берекеміз.
Аналар, құтты болсын мерекеңіз!
Әрқашан аман болсын асыл аналар,
Алаңсыз бақытты өмір біз кешеміз.»

III кезең — Алғыр болсаң, тауып көр

Салт-дәстүр және білім

Плакаттағы гүлдердің бірін таңдап, артына жазылған сұраққа жауап береді. Мақсат — ұлттық құндылықтар туралы білімін көрсету.

Сұрақтар

  1. 1.Қазақтың ұлттық тағамдарын ата.
  2. 2.Қазақтың ұлттық ойындарын ата.
  3. 3.Наурыз көже қалай дайындалады?
  4. 4.Құстың атауымен қойылған адам есімдерін ата.
  5. 5.Қандай салт-дәстүрлерді білесің?
  6. 6.Гүл атауларын ата.
  7. 7.Қыз баланың ұлттық киімдерін ата.
  8. 8.Сүттен жасалатын тағамдарды ата.
  9. 9.Төрт түлік туралы не білесің?
  10. 10.Қасиетті сандар туралы не білесің?

Аллаберген:
«Мәпелейсің мені, анам, қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп дем алам құшағыңда қысылмай.»

Әділ:
«Аналарды сүйеміз, ақылын ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап, әдеппен бас иеміз.
Баланы әже қуантсын, ұзақ жасап жүріңіз!»

IV кезең — Мәнерлеп оқу

Өнер және сөз мәдениеті

Қыздарға арнап жыр жазбаған ақын жоқ, ән шығармаған сазгер жоқ. Бұл кезеңде кішкентай арулар ана туралы тақпақтарын мәнерлеп оқиды.

Ақылбек:
«Достықты біз ойлаймыз, бірге күліп ойнаймыз.
Мерекеде қыздарға достық жырын арнаймыз.»

Ән: «Апам үшін күнде мен»

Алмаз:
«Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.»

V кезең — «Менің анам — аспазшы» (үй тапсырмасы)

Дәм таныстыру

«Ас — адамның арқауы». Қатысушылар анасы екеуі дайындаған тағамын таныстырып, жасалу жолын қысқаша түсіндіреді.

Еркін:
«Той тойлап дала мен қалаларым,
Мерекең құтты болсын, аналарым.
Құттықтап жатыр міне балаларың —
Қаракөз қыз, абзал ана мерекесін.»

Ақылбек:
«Асыл анам, анашым — айтар әнім,
Аймалаумен бейнеңді жай табамын.
Тірі жүрсем өмірде ақ сүтіңді
Үлбіреген жыр-гүлмен қайтарамын.»

Аналарға арналған ойын

Қонақтармен шағын ойын ұйымдастырылады: мейірім, ықылас және отбасы құндылықтарына арналған жылы сұрақтар мен тапсырмалар.

VI кезең — Өнер сайысы

Ән · би · көрініс

Көркемөнер — баптауды қажет ететін нәзік қабілет. Бұл кезеңде арулар өз өнерлерін (ән, би, күй, көрініс) көрсетеді.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» — сайыс мәресіне де жақындап қалдық.

Нұржау:
«Қыз емес қыздың аты — қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі сәнін.

Ананың әрбір сөзі — ой талабы,
Жүректің тереңінде ән боп қалады.
Өсеміз елін сүйген ұландар боп,
Ардақты ана еңбегі ақталады.»

Әжелерге арналған сайыс

Тыйым сөздер және жиі қолданылатын мақал-мәтелдер бойынша шағын сайыс өткізіледі.

Музыкалық үзіліс

Ән: «Әже»

Әділқазылар шешімі және марапаттау

Қатысушылардың өнері мен белсенділігіне сай әділқазылар қорытынды жасап, марапаттау рәсімі өтеді.

Ринат:
«Сіздерден өскен балалар — батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен, құрметті ұстаздар, аналар!
Бойларыңда от барын байқадым, жүректерде шоқ барын байқадым.
Сол шоқты өшірмей, жалындатып, шарықтаңдар әрдайым!»

Қорытынды сөз

Осымен Аналар мерекесіне арналған «Кішкентай арулар» сайысымыз аяқталды. Мерекелеріңіз құтты болсын!