Қабан сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядына жататын жануар

Атырау қаласы

Д. Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясы

Бастауыш сынып мұғалімі: Мұхамбетова Ботагөз Жексенғалиқызы

Пән

Дүниетану

Сынып

2-сынып

Сынып жетекшісі

Мұхамбетова Б. Ж.

Сабақтың тақырыбы

Жануарлар әлемінің алуан түрлілігі

Мақсаты

  • Оқушылардың білімін арттыра отырып, жануарлардың көптүрлілігі туралы түсінік қалыптастыру.
  • Жануарлардың топтарға бөліну ерекшеліктерін түсіндіру арқылы білімдерін тереңдету.
  • Логикалық ойлауын дамыту, тапқырлық пен танымдық қабылдауын арттыру.
  • Табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

Әдісі, типі, көрнекілігі

Сабақтың әдісі
Сұрақ-жауап, ойын, электронды оқулық.
Сабақтың типі
Жаңа ұғым беру.
Көрнекілігі
Суреттер, деректі фильм, сызбалар.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Амандасу рәсімі:

Амансың ба, алтын күн!

Амансың ба, көк аспан!

Амансың ба, достарым!

Сендерді көрсем қуанам!

2) Үй тапсырмасын тексеру

  • Өсімдіктердің көбеюі.
  • Өсімдіктерге қажетті заттар.
  • Сызба арқылы үй тапсырмасын бекіту.
  • Сөзжұмбақ арқылы жаңа сабақтың тақырыбын ашу (жануарлар).

Жаңа сабақ: кіріспе

Өсімдіктер сияқты жануарлар да алуан түрлі. Жер бетінде жануарлардың түрлері өте көп. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, олардың шамамен 2 миллионға жуық түрі белгілі.

«Жануар» сөзінің мағынасы

«Жануар» сөзі парсы тіліндегі джан-джанвар тіркесінің екінші бөлігінен шыққан. Бұл ұғым «жануар әлемі», яғни дүние жүзіндегі тірі мақұлықтар деген мағынаны білдіреді.

Жануарлардың негізгі топтары

Құстар

8 600 түрі бар. Ерекшелігі — ұшады.

Балықтар

20 000 түрі бар. Ерекшелігі — жүзеді.

Қосмекенділер

4 000 түрі бар. Ерекшелігі — суда да, құрлықта да тіршілік етеді.

Сүтқоректілер

5 000 түрі бар. Ерекшелігі — төлін сүтімен асырайды.

Жорғалаушылар

8 000 түрі бар. Ерекшелігі — бауырымен жорғалайды.

Жәндіктер

700 000 түрі бар. Табиғаттағы ең көп таралған топтардың бірі.

Оқулықпен жұмыс

Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беру арқылы тақырыпты бекіту.

Аңдар

Жабайы жануарлар мен үй жануарлары болып бөлінеді.

Қоректену ерекшелігі

Көпшілігі шөп пен ағаш жапырағымен қоректенеді. Ал жануарларды аулап, етпен қоректенетіндері жыртқыштар деп аталады.

Танымдық бөлім: жануарлар туралы деректер

Төмендегі мысалдар жануарлардың мекені, қоректенуі, қорғануы және адаммен байланысы туралы түсінікті кеңейтеді.

Ақбөкен

Анықтама

Ақбөкен шөл, шөлейт және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Оның қоныс аударуы көбіне ауа райына байланысты. Ақбөкен — жұптұяқты жануарлардың ішінде өсімтал түрлердің бірі: жылына бір рет төлдейді.

Жаппай төлдеуі мамырдың бірінші жартысында өтеді. Бұл кезеңде күн салқындап, жауын-шашын көбейетіндіктен, қазақ халқы оны «Құралайдың салқыны» деп атайды. Көбіне егізден, кейде үш лақ та туады.

Ақбөкен 80-нен астам өсімдік түрімен қоректенеді. Негізгі жауы — қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны және қарақұс та шабуыл жасауы мүмкін.

Қорғау және адаммен байланысы

Ақбөкен — еті, мүйізі мен тұяғы, терісі үшін ауланған кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда ақбөкенді аулауға тыйым салынған. Мүйізінен дәрілік зат алынатыны, ал тұяғының күлін халық емінде қолданатыны айтылады.

Саршұнақ

Саршұнақ далада да, тауда да мекендейді. Інінен шыққан соң артқы аяқтарына шоқиып тұрып, төңіректе қауіптің бар-жоғын байқайды. Айнала тыныш болса, тұқыммен және шөппен қоректенеді.

Егер маңайда жүгері немесе егістік болса, саршұнақ сол жерге қоныстанып, астықтың дәні мен сабағын жеп, егінге зиян келтіруі мүмкін.

Барыс

Барыс — мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Дене тұрқы шамамен 125–135 см, биіктігі 60 см, құйрығы 90–100 см, салмағы 30–40 кг шамасында. Түсі көкшіл сұр, теңбіл шұбар; жүні ұзын әрі қалың.

Қазақстан мен Орталық Азияның биік тауларында (2000 м-ден жоғары) кездеседі. Көбіне мәңгі қар басқан тасты тік беткейлер мен қияларды мекендейді. Қыста қар қалың түскенде, орманды белдеуге төмендейді.

Негізгі қорегі — тұяқты жануарлар (арқар, тау теке, елік), құстардан ұлар мен кекілікті де ұстайды. Саны азайғандықтан, аулауға тыйым салынған және халықаралық әрі ұлттық Қызыл кітапқа енгізілген.

Қасқыр

Қасқырдың өзге жануарлардан ерекшеленетін қасиеттері көп. Оның мінез-құлқы мен табиғатына байланысты халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған.

Түркі дүниетанымында қасқыр, әсіресе көкбөрі бейнесі киелі ұғымдармен байланыстырылып айтылады. Көкшіл реңді немесе ақ қасқырды киелі жануар деп тану туралы түсініктер де бар.

Қабан

Қабан — сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядына жататын жануар. Қызылорда облысында қамыс-құрақты қопаларда, батпақты жерлерде және өзен аңғарларында жиі кездеседі.

Денесі ірі, мойны жуан, басы сүйір, тұмсығы конус тәрізді. Аяғы мықты, төрт саусағы болады (екеуі жақсы жетілген). Құлағы үлкен, көзі кішкентай, денесін қалың қылшық басады. Аталығының арқасында жалы байқалады.

Қорек талғамайтын жануар: топырақты қазып құрт-құмырсқа, өсімдік тамырлары, ұлулар және ұсақ кеміргіштермен қоректенеді. Топтасып өмір сүреді. Үй шошқасының арғы тегі ретінде айтылады және кәсіпшілік маңызы бар.

Қысқаша дерек

  • Ірі қабандардың ұзындығы шамамен 2 м-ге дейін жетуі мүмкін.
  • Салмағы 300 кг-ға дейін барады.
  • Ересегінің түсі көбіне қоңыр, торайында ақшыл жолақтар болады.

Бекіту және қорытынды

Ойын: «Үй жануарларын тап»

Мұғалім жануарлардың аттарын атайды. Егер үй жануары болса, оқушылар қол шапалақтайды.

Қорытынды сұрақтар

  • Жануарлардың негізгі топтарын ата.
  • Қандай жануарларды шөпқоректілер, қандай жануарларды жыртқыштар дейміз?
  • Қандай талғаусыз қоректілерді білесің?
  • Үй жануарлары мен жабайы аңдар туралы шағын әңгіме құрастыр.

Үйге тапсырма

«Жануарлар әлемі» тақырыбы бойынша шағын кітапша (буклет) жасау.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының толықтығы және тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.