Бақшада біз балақанбыз Анамызға балапанбыз
БҚО, Орал қаласы • №49 «Ақ ниет» балабақшасы
Айжан Сұлтанқызы Убишева
Бұл мақала 2–3 жас аралығындағы балаларды музыкаға баулудың маңызы мен оны ұйымдастырудың тиімді тәсілдеріне арналған.
Музыкалық іс-әрекеттің ерте жастағы бала үшін мәні
Музыкалық іс-әрекет — баланың музыкалық тәрбиесіндегі ең негізгі кезеңдердің бірі. Баланың музыкалық қабілетін дамыту неғұрлым ерте басталса, нәтиже соғұрлым жемісті болады. Бала өмірінің алғашқы жылдары — оның болашағының іргетасы. Сондықтан осы кезеңнің мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану қажет.
Ерте балалық шақ — уақытты ойынмен «бос өткізу» кезеңі емес. Бұл уақытта бала естігенін, сезінгенін, байқап үйренгенін кейін, есейген шағында өмірде қолдана алады. Ерте жастағы бала әуенді, ырғақты және әуенге сай қимылды өзіне тән ерекшелікпен қабылдайды.
Мақсат — баланы «құтыға су құйғандай» ақпаратпен толтыру емес. Керісінше, 2 жастан 3 жасқа дейін бала өзін тұлға ретінде сезіне бастайды, сондықтан онымен тұлға ретінде қарым-қатынас жасау маңызды. Бұл жаста бала музыканы тек меңгеріп қана қоймай, оған ерекше сезімталдық танытады.
Баланың тыңдау, сезіну және қозғалу мүмкіндігін ашу
Егер баланың естіп көруіне, сезінуіне, байқап көруіне және емін-еркін қозғалуына барлық жағдай жасалса, ол көптеген дағдыларды табиғи түрде меңгере алады. Балалар үлкендермен бірге әннің ырғағы мен мәнерін жеткізіп, қосылып айтады; жеке де, топпен де орындай алады; үлкендердің ырғақты қимылдарын есте сақтап, қайталайды.
Олар музыка тыңдау барысында, мұғалімнің көрсеткенін қайталауда және түрлі ойыншықтарды қарастыру кезінде қызығушылық білдіреді. Бұл қызығушылықты жүйелі түрде қолдау — музыкалық тәрбиенің өзегі.
Есту қабілетін дамыту: бағыттар мен әдістер
Музыканың сипатын тыңдап тану
- Әртүрлі сипаттағы шығармаларды тыңдауға үйрету (ән, полька, марш, вальс және т.б.).
- Алған әсерін музыка сипатына қарай сөзбен және қимылмен жеткізуге жағдай жасау.
- Көңілді әуенге ілесіп отыру, тыңдау мәдениетін қалыптастыру.
Аспап дыбыстарын ажырату
- Домбыра мен сыбызғының, даңғыра мен сырнайдың дыбысын тыңдау арқылы ажырату.
- Қарама-қарсы және аралас дыбыстарды естіп, айырмасын тануға бағыттау.
Дыбыс қасиеттерін дифференциалдау
Биіктігі
жоғары • орташа • төмен
Ұзақтығы
ұзақ • қысқа
Күші
шулы • тыныш
Осы бағытта есту және ажырату жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Ойын арқылы үйрету: нақты мысалдар
Төменде есту қабілетін дамыту мен ырғақты сезінуді қалыптастыруға арналған ойындық тапсырмалар берілген.
«Аю қалай жүреді? Қоян қалай секіреді?»
- «Аю қалай жүреді?» — төменгі регистрде аюдың жүрісін ойнаймын, балалар баяу ырғақпен алақан соғады.
- «Ал қоян қалай секіреді?» — жоғарғы регистрде көңілді әуен ойнаймын, балалар жылдам ырғақпен алақан соғады.
«Жай жаңбыр» және «қатты жаңбыр»
- Жай жауған жаңбырдың ырғағын алақанмен соғып көрсетемін.
- Қатты жауған жаңбырдың ырғағын аяқпен топылдату арқылы көрсетемін.
- Балалар көрсетілген ырғақты қайталайды.
Барабан және қоңырау арқылы қимылды түрлендіру
Барабан дыбысына — жай қадамдап жүру, қоңырау дыбысына — қос аяқтап секіру ұсынылады. Осылайша бала дыбыс сигналын қимылмен сәйкестендіруді үйренеді.
Музыкамен қозғалу: негізгі және би қимылдары
Музыкамен бірге негізгі қозғалыстарды (жүру, жүгіру) орындауға үйрете отырып, би қимылдарын да біртіндеп меңгертемін: шапалақтау, қол қимылдары, маршпен жүру, орнында айналу, аяқпен тарсылдату сияқты әрекеттерді әуенмен үйлестіру.
Сонымен бірге көркем-ойындық бейнелерге тән қимылдарды музыкамен бере білуге үйретемін: қонжықтың келуі, көжек пен шегірткенің секіруі, қуыршақтың билеуі, көбелек пен инеліктің ұшуы.
Негізгі мақсат: өнердің бірнеше саласымен таныстыру
2–3 жас аралығындағы балаларды әдемі әуенмен қатар театр өнерімен, әдебиетпен, халық ауыз әдебиетімен таныстыру — жұмыстың маңызды бағыты.
Ән үйрету: қимылды іс-әрекет арқылы меңгерту
Бірінші кіші топ бүлдіршіндерінің музыкалық қабілетін дамытуда жас ерекшелігіне сай әндерді үйрету барысында қимылды іс-әрекет кеңінен қолданылады. Мысалы: «Балақан», «Топ, топ, балақан», «Қуыршақтар», «Балақан да алақан», «Шар», «Күз келді», «Сылдырмақ», «Ойыншықтар».
Мысал: «Күз келді» әнін қимылмен орындау
Балалар зал ішінде шашыраңқы орналасады. Саз жетекшісі мен тәрбиешілер әннің сөзін айтады. Балалар қайталануы жеңіл буындарға қосылып, әнді қимылмен беруге тырысады.
1-шумақ
Құлақ салып тыңдаңдар, Қонаққа бізге күз келді. Күз көңілсіз ән салып, Көздің жасын төгеді.
1-шумақта балалар қолдарын беліне қояды.
Қайырма
Тырс-тырс-тырс...
Қолдарымен тамшы ұстап тұрғандай болып, қолдарын алма-кезек алға созады.
2-бөлім
Қолшатырды алайық, Жаңбырда қыдырайық. Балаларға көңілді, Жау, жаңбыр, жау-жау.
Бір қолы белде, екінші қолымен қолшатыр ұстағандай болып зал ішінде айналып жүреді.
Қорытынды
Ля-ля-ля...
Қайырмада балалар бір орында тұрып алақан соғады.
Мысал: «Топ, топ, балақан» әні
1-шумақта балалар қолдарын беліне қойып, теңселіп тұрады және әннің жеңіл буындарына қосылады. Қайырмада аяқ топылдатып, алақан соғып, қолдарын алға созады (шақырғандай қимыл жасайды).
Мәтіні
Біз балалар бақшасында Би билеп ән саламыз. Тәрбиеші апайлардың Айтқан тілін аламыз. Топ, топ, балақан, Шапалақта алақан. Бақшада біз балақанбыз, Анамызға балапанбыз. Кел, келіңдер би билейік, Әсем әнді үйренейік.
Бұл жастағы бүлдіршіндер әннің жеңіл буындарын тез іліп алып, ән мазмұнын қимыл арқылы бейнелей алады.
Қорытынды
Музыкалық іс-әрекет — баланың музыкалық тәрбиесінің ең негізгі кезеңі. Нәтижесінде, іс-әрекеттің басқа түрлерімен салыстырғанда, бала анағұрлым күшті музыкалық әсер алады; музыканы қабылдауы мен ойлауы жүйелі түрде дамиды.