Балет Лебединое озеро

Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Қазалы аудандық балалар әуез мектебі

Оқытушы: Дарибаева Айгуль Таласовна

Сабақтың тақырыбы

П. И. Чайковскийдің өмірі мен шығармашылығы

Сабақтың түрі

Лекция-қайталау

Сабақтың типі

Білімді бекіту, қорытындылау

Сабақтың әдістері

Көрнекі құралдар, сұрақ-жауап

Эпиграф

Табиғат дүниесіндегі сұлулықтың ғажабы – аспан шырақтарында, ал жердегі дыбыс сұлулығы – ән мен күй сазында.

Әбунәсір Әл-Фараби

Кіріспе

Музыка — нәзік те сырлы әуені арқылы адамның ішкі әлемін ашып, сезімнің терең қабаттарына әсер ететін өнер. Ол — өмірдің ажырамас бөлігі. Музыка өнерінің ұлы туындылары мәңгілік сұлулығымен тыңдаушыны баурап, уақытпен бірге тозбайтын құндылыққа айналады.

Музыканың танымдық рөлі де ерекше: ол әдебиет, поэзия және тарих жөніндегі білімімізді тереңдетуге көмектеседі. П. И. Чайковский өз хаттарының бірінде музыканы поэзиямен салыстыра отырып, көңіл күйдің мыңдаған құбылмалы реңкін жеткізуде музыканың мүмкіндігі әлдеқайда қуатты әрі нәзік екенін атап өткен.

Музыкалық тіл арқылы біз:

  • табиғат көріністерін және жыл мезгілдерінің мінезін,
  • адамның мінез-құлқын, қуанышы мен қайғысын,
  • әртүрлі кейіпкерлердің әрекетін сөзсіз-ақ жеткізе аламыз.

Шынайы музыка жүрекке жылы сезім ұялатады, өйткені ол адамның көңіл күйін, әсерлі сезімі мен ой-пікірін қоршаған әлемнің сан алуан құбылыстарымен байланыстыра бейнелейді. Музыка адамзат қоғамының таң сәрісінен бері өмірмен бірге дамып, бүгінде де, болашақта да үлкен мәнге ие бола бермек.

П. И. Чайковский: өмірі мен шығармашылық жолы

Дүниеге келгені

1840 ж. 7 мамыр

Воткинск, Ресей империясы

Қайтыс болғаны

1893 ж. 6 қараша (53 жас)

Санкт-Петербург

Мәртебесі

Орыстың кемеңгер композиторы

Орындаушы, дирижер

П. И. Чайковский — Ресейде кәсіби музыкалық білім алған алғашқы буын өкілдерінің бірі. 1865 жылы Петербург консерваториясын аяқтап, бір жылдан соң Мәскеу консерваториясында дәріс берді.

Ол тек композитор ғана емес, орындаушы әрі дирижер ретінде де танылды. Чайковскийдің шығармашылық мұрасы аса ауқымды: 10 опера, 6 симфония, фортепианоға арналған циклдер «Жыл мезгілдері», «Балалар альбомы», 100-ге жуық романс, сондай-ақ әлемдік сахнада үздіксіз қойылатын балеттері бар.

Ең танымал балеттері:

  • «Аққу көлі»
  • «Ұйқыдағы ару»
  • «Щелкунчик»

Өмірінің соңғы жылдарында ол Бесінші және Алтыншы симфонияларын, сондай-ақ «Иоланта» операсын жазды.

Балет әлемі: ұғымдар мен негізгі түсініктер

Балет дегеніміз не?

Балет (итал. тілінен аударғанда «би») — театр сахнасында қойылатын көркемөнер жанры. Оның идеялық және эмоциялық мазмұны бидің пластикалық қимылдары мен симфониялық оркестрге арналған музыка арқылы ашылады.

Балет — би мен музыканың біртұтас үйлесімі. Артистер ертегіні, оқиғаны, мінезді сөз қолданбай-ақ қимыл арқылы бейнелейді.

Сөзсіз көркемдеу құралдары

Пантомима
Сөзсіз, мимика және дене қимылы арқылы оқиғаны жеткізу. Пантомимасыз балет толыққанды қойылмайды.
Либретто және либретист
Либретто — балеттің сценарийі мен мазмұны. Оны жазатын адам — либретист. Либреттосыз балет қойылмайды.
Балетмейстер
Балет қойылымын сахналап, бидің композициясын жасайтын маман.

Чайковскийдің балеттері

«Аққу көлі»

Композитор бұл балетті 1875–1876 жылдары жазды. Шығармада екі «ертегі-аққу» бейнесі бар: дуаланған ханшайым Одетта және зұлым сиқыршының қызы — Одиллия (қара аққу).

Балет 4 бөлімнен тұрады:

  1. I бөлім

    Зигфрид ханзаданың сарайында достары жиналады. Ертеңгі балда ханзада қалыңдық таңдауы тиіс. Жалғыз қалған сәтте ол мұңға батады. Кенет ұшып бара жатқан аққуларды көріп, олардың соңынан еруге бел буады.

  2. II бөлім

    Аққулар — дуаланған қыздар. Олардың патшайымы — сұлу Одетта. Ханзада махаббатын білдіріп, оған мәңгілік адалдық антын береді.

  3. III бөлім

    Сарайдағы би кешіне зұлым сиқыршы фон Ротбарт Одеттаға ұқсас қызы — Одиллияны ертіп келеді. Ханзада алданғанын сезбей, Одиллиямен билеп, оны қалыңдығым деп жариялайды. Сол сәтте терезеден Одеттаның бейнесі көрінеді.

  4. IV бөлім

    Дауыл көтеріледі. Ханзада сиқыршымен күресіп, оны жеңеді.

Тыңдалымға ұсыныс

«Кішкентай аққулар биі» (балеттен үзінді)

«Аққу көлі» бүгінгі күні әлемнің көптеген сахналарында тұрақты қойылып келеді.

«Ұйқыдағы ару»

Бұл балеттің негізіне француз жазушысы Шарль Перро ертегісі алынған. Оқиға желісі Флорестан XIV патшаның ертегілік сарайында өрбиді. Балет пролог және 3 бөлімнен тұрады.

Либретто авторы

Иван Александрович Всеволожский

Балетмейстер

Мариус Петипа

Қысқаша мазмұны

Король қызын шоқындыру рәсіміне қонақтар шақырады. Алайда мерекені ұйымдастырушы зұлым пері Карабосты шақыруды ұмытады. Ашуланған Карабос Аврораға қарғыс айтады: ол он алтыға толғанда ұршықтан қолын жарақаттап, мәңгілік ұйқыға кетеді. Мейірімді Сирени пері қарғысты жұмсартып, Аврораның ұйқысы жүз жылға созылатынын айтады. Уақыты келгенде сұлу ханзада Дезире оны оятады.

Жүз жыл өткен соң, аң аулап жүрген Дезире ханзада Сирени перінің көмегімен Аврораны оятып, Карабостың сиқырлы күшін жояды. Тойға ертегі әлемінің кейіпкерлері жиналып, қуанышты мереке басталады.

Тыңдалымға ұсыныс

Вальс («Ұйқыдағы ару» балетінен үзінді)

Бұл балеттің музыкасы салтанатқа, мейрамдық көңіл күйге толы: композитор ертегі кейіпкерлері арқылы ішкі сұлулық пен шынайы сезімді әуенмен бедерлейді.

«Щелкунчик»

Бұл шығарма Жаңа жыл мерекесінің атмосферасымен сабақтас. Ертегінің авторы — неміс жазушысы Эрнст Теодор Гофман. Либреттосын балетмейстер Мариус Петипа жазған.

Қысқаша мазмұны

Оқиға Германияда өтеді. Зильбергаус үйінде жаңа жыл мерекесіне дайындық қызады. Қонаққа ойыншықтардың кәрі шебері Дроссельмейер келеді. Ол балаларға ұсқынсыз кішкентай Щелкунчик — жаңғақ шағатын қысқыш сыйлайды. Мари есімді қыз оны бірден ұнатады.

Түнде Мари түс көреді: тышқандар әскерімен егеуқұйрық патшасы Щелкунчикке шабуыл жасайды. Күш тең емес сәтте Мари батылдық танытып, туфлиін егеуқұйрық патшасына лақтырады. Жеңістен кейін Щелкунчик сұлу ханзадаға айналып, Мариды сиқырлы елге алып кетеді. Драже перінің патшалығында мерекелік думан басталады.

Тыңдалымға ұсыныс

«Вальс цветов» («Щелкунчик» балетінен үзінді)

Балет музыкасын кім орындайды?

Балеттегі музыканы әдетте симфониялық оркестр орындайды. Ол әртүрлі тектес аспаптардан құралады: ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар тобы. Оркестр құрамында жиырмадан астам аспап болуы мүмкін.

Фортепианолық циклдер

«Балалар альбомы» (Детский альбом)

П. И. Чайковский балаларға арналған шығармалар жазған алғашқы композиторлардың бірі. 1878 жылы көктемде ол шетелден Украинаға оралып, апасы Александра Ильинична Давыдованың үйінде болады. Бос уақытында жиені Володямен көп уақыт өткізіп, осы фортепианолық циклді соған арнап жазады.

Жинақ туралы

  • 24 пьесадан тұрады.
  • Әр пьесаның атауы мен мазмұны балалар әлеміне жақын бейнелерді ашады.
  • Кейбір пьесалар би жанрына, кейбірі табиғатқа, ойынға, ертегіге құрылған.

Тыңдалымға ұсынылатын пьесалар

«Игра в лошадки», «Мама», «Болезнь куклы», «Похороны куклы», «Новая кукла», «Старинная французская песенка», «Комаринская», «Неаполитанская песня».

«Жыл мезгілдері» (Времена года)

Бұл циклде композитор табиғатқа деген ерекше сүйіспеншілігін білдіреді. Ол туған жердің көріністерінен — көк аспаннан, құстар үнінен, гүл шоқтарынан, жыл мезгілдерінің алмасуынан — шабыт алып, сол әсерді музыка тілімен жеткізуге ұмтылды.

«Жыл мезгілдері» — фортепианоға арналған, жылдың әр айына арналған он екі пьесадан тұратын жинақ. Әр шығарма айдың өзіне тән мінезін атауы мен музыкалық бояуы арқылы суреттейді.

12 ай — 12 музыкалық сурет

Қаңтар

«У камелька»

Ақпан

«Масленица»

Наурыз

«Песнь жаворонка»

Сәуір

«Подснежник»

Мамыр

«Белые ночи»

Маусым

«Баркарола»

Шілде

«Песнь косаря»

Тамыз

«Жатва»

Қыркүйек

«Охота»

Қазан

«Осенняя песнь»

Қараша

«На тройке»

Желтоқсан

«Святки»

Қорытынды

П. И. Чайковский музыкасының өзегінде ең алдымен адам және оның тағдыры, бостандық пен бақытқа ұмтылысы жырланады. Оның шығармалары лирикаға бай, мазмұны терең, тыңдаушыны еріксіз баурап алады. Әуені есте тез сақталып, жүрекке қонады.

Сол себепті Чайковский музыкасы бүгін де әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленіп, шынайы құрметке ие болып келеді.