Денсаулық - бақытты болудың алғы шарты

Өмір — адамға табиғатпен берілген ең қымбат қазына. Адамның ұзақ, мәнді әрі сәнді өмір сүруінің негізі — денсаулық. Денсаулық — жоғалса, қайта қалпына келтіруі қиын, орны толмас асыл байлық.

Қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі — адам денсаулығын сақтау.

Денсаулыққа қауіп төндіретін факторлар

Адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға соғыс, ашаршылық, экологиялық ахуал және адам ағзасын улайтын зиянды әрекеттер жатады. Соның ішінде ағзаны улайтын зиянды әрекеттерге шылым шегу, ішімдік ішу, нашақорлық, есірткі қолдану және өзге де тәуелділіктер кіреді.

Темекі

Тыныс алу жүйесін әлсіретіп, тәуелділік қалыптастырады.

Ішімдік

Жүйке жүйесіне әсер етіп, өмір сапасын төмендетеді.

Есірткі

Психика мен ағзаны зақымдап, ауыр тәуелділікке әкеледі.

Басқа тәуелділіктер

Мінез-құлық пен күнделікті тәртіпті бұзады.

Халқымыздың «Денсаулық — зор байлық», «Дені саудың — жаны сау» деуі бекер емес.

Жасөспірім — талшыбық секілді иілгіш: қандай ортаға түссе, соған бейімделгіш келеді. Өкінішке қарай, ХХІ ғасырға адамзатпен бірге нашақорлық, ішімдік, темекі, есірткі секілді зиянды әдеттер де қатар қадам басты. Көптеген жазықсыз жандар осының құрбаны болып, түрлі дертке шалдықты.

Салауатты өмір салты — жеке жауапкершілік

Сондықтан елімізде салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Әр адам өз денсаулығын сақтауға және ғұмырын ұзартуға жауапты.

Денсаулықты нығайту нені талап етеді?

  • Нақты өмірлік ұстаным мен тәртіп;
  • Үзіліссіз, тұрақты дағды қалыптастыру;
  • Уақытты тиімді өткізу, белсенді болу;
  • Дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден бас тарту.

Денсаулық — бақытты болудың алғы шарты. Адамдар кездескенде алдымен бір-бірінің жағдайын сұрап, денсаулық тілейді. Бұл — адам бақытының бастауы.

Ішімдік ішу, есірткі қолдану және темекі шегу адамның бос уақытын тиімді өткізуіне, белсенділігіне, дұрыс тамақтануына және жалпы салауатты өмір салтына кері әсер етеді.

Зиянды әдеттер көптеген аурулардың пайда болуына ықпал етіп, адам денсаулығына орасан зиян келтіреді. Бүгінде елімізде балалар мен жастар арасында ішімдік ішу, темекі шегу және есірткі қолданудың артуы — аса өзекті мәселе.

Есірткі туралы түсінік: мағынасы және қауіптілігі

Терминнің шығу тегі

«Наркотик» деген ұғымды сезгіштіктің жоғалуына алып келетін заттарды сипаттау үшін алғаш грек емшісі Гиппократ қолданғаны айтылады. Кейін дәрігер Клавдий Гален де бұл атауды пайдаланып, әртүрлі өсімдіктердің қасиеттерін зерттеген.

Грек тіліндегі narke сөзі «ұйқы» мағынасын береді. Осы түбір ағылшын тіліндегі narcotic сөзіне айналып, «ұйықтататын», «жансыздандыратын», «сезімсіздендіретін» ұғымдарын білдіреді.

Жалпы алғанда, есірткі заттары деп жансыздандыру әсері бар заттарды айтамыз. Дегенмен, күнделікті қолданыста кейбір стимуляторлар да есірткі ретінде қабылданады, өйткені олардың құрамында мастандыратын, ашуландыратын, тыныштандыратын немесе сергітетін әсері бар компоненттер кездеседі.

Есірткі — адамның көңіл күйін, сана-сезімін және мінез-құлқын бұзатын қауіпті әрі тыйым салынған химиялық зат. Ол адамды құмарлыққа тәуелді етіп, есірткісіз өмір сүре алмайтын күйге түсіреді.

Негізгі түрлері

  • Апиын
  • Кокаин
  • Көкнәр
  • Марихуана
  • Ғашиш
  • Басқа түрлері

Бұл заттардың барлығы адам ағзасы мен психикасына әсер етіп, зақым келтіреді. Сана-сезімі уланған адамның мінез-құлқы күрт өзгеруі мүмкін: бұрын момын, тұйық, шыншыл болған адам өтірік айтуға бейімделіп, ашушаң болып, төбелеске дайын тұруы ықтимал.

Тәуелділіктің байқалуы

Нашақорлықтың кейбір белгілері адамның күйіне, қолданған затына және мөлшеріне қарай әртүрлі көрінеді. Кей жағдайда есірткі қабылдағаннан кейін мұрыннан су ағу секілді белгілер байқалуы мүмкін.

Кең тараған түрлердің бірі: героин

Есірткінің кең тараған түрлерінің бірі — героин. Ол көбіне ақ ұнтақ түрінде кездеседі және адам санасын тез улайды. Алғаш рет қолданғанда ләззат сезімі болуы мүмкін, алайда ағза жылдам тәуелді болып, адам оны қайта-қайта іздеуге мәжбүр болады.

Қолданбаған кезде ұйқы бұзылып, буын-буын сырқырауы ықтимал. Уақыт өте келе адам оны ләззат үшін емес, тек ауырсынуды басу үшін іздейтін деңгейге жетеді.

Автор: Шәлтікова Аружан, 8-сынып оқушысы

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ш. Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп

Жетекші: Дегенбаева Жаңагүл