Алтын адам сармат

Қазақстан тарихы · 6-сынып

Сарматтардың шаруашылығы мен тұрмысы

Бұл материал сарматтардың мал шаруашылығы, егіншілігі, материалдық мәдениеті және Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштері туралы жүйелі мәлімет беруге бағытталған.

Мақсаты

  • Мал шаруашылығы мен егіншіліктің ерекшеліктерін түсіндіру.
  • Сарматтардың материалдық мәдениетін нақты деректер арқылы талдау.
  • Қазақстан жеріндегі сармат ескерткіштері туралы білім қалыптастыру.

Күтілетін нәтиже

  • Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің шаруашылығы мен тұрмысын салыстырады.
  • Тарихи деректерді талдап, қорытынды жасай алады.
  • Өздігінен білім алу дағдыларын дамытады.

Негізгі идеялар

Ынтымақтастық

Топтық жұмыс арқылы бірін-бірі оқыту мәдениетін қалыптастыру.

Өмірмен байланыс

Тапсырмаларды орындауда оқушының күнделікті тәжірибесіне сүйену.

Өздігінен оқу

Зерттеу, талдау, дәлелдеу дағдыларын жүйелі дамыту.

Әдіс-тәсілдер

Диалогтік оқыту Сыни ойлау Айналмалы бекет Ыстық орындық Семантикалық карта Топтастыру Бес жол өлең

Дереккөздер мен ресурстар

  • «Ежелгі Қазақстан тарихы» оқулығы.
  • Интернет материалдары: сармат ескерткіштері туралы деректер.
  • «Қазақстанның тас дәуірі». Алматы, 2008.
  • Мұғалімге арналған нұсқаулық (үшінші деңгей).

Негізгі сұрақтар (ізденіске бағыт)

  1. 1.Сарматтар Қазақстанның қай аймақтарын мекендеді? Картадан көрсет.
  2. 2.Савроматтар мен сарматтардың байланысы қандай?
  3. 3.Сарматтар туралы жазған тарихшыларды ата.
  4. 4.Сармат қоғамындағы әлеуметтік-тұрмыстық теңсіздікті қандай деректер дәлелдейді?
  5. 5.Әскери демократияның мәні неде?
  6. 6.Сармат бірлестігінің құрамына қандай тайпалар енді?
  7. 7.Сармат қоғамының негізгі сатыларын ата.
  8. 8.Сарматтарда әйелдердің қоғамдағы рөлі қандай болды?
  9. 9.Сарматтар кімдер? Олардың тарихын оқудың маңызы неде?

«Көпір» тапсырмасы

Балама тест (Иә / Жоқ)

Қайталау + тексеру
  1. 1. Аршакидтер әулеті билігінің негізін салған сармат тайпасы — сақ-массагеттер.

  2. 2. Гиркан — сармат дәуіріндегі Каспий теңізінің атауы.

  3. 3. Тарихшы Диодордың айтуынша, савроматтар биік таулардың бауырында тұрған агипейлермен көрші болған.

  4. 4. Қазақстанда сарматтар қоныстанған негізгі аймақ — Оңтүстік Қазақстан.

  5. 5. Аландар б.з.б. 248–247 жылдары Парфияны басып алған сармат тайпасы болды.

  6. 6. Сарматтар скиф тіліне жақын тілде сөйлеген.

  7. 7. Б.з.б. VIII ғ. – б.з. V ғ. — сармат тайпаларының өмір сүрген мерзімі.

  8. 8. Каспий жағалауында өмір сүрген сармат тайпасы — иседондар.

  9. 9. «Сармат» атауы көне дәуір авторларының еңбектерінде б.з.б. IV ғасырдан бастап кездеседі.

  10. 10. Сарматтардың қоғамдық басқару құрылымы — әскери демократия.

Мағынаны тану: «Мұражай залдары» әдісі

Алдын ала берілген тапсырмалар бойынша озат оқушылар мұражай залдарының таныстырушысы рөлін атқарады. Залға кірмес бұрын 5-сыныпта өткен негізгі ұғымдарды еске түсіреміз: тарих, этнография, археология.

1-зал · «Тарих – өшпес мұра»

Негізгі мазмұн: мал шаруашылығы, егіншілік.

2-зал · «Этнография»

Негізгі мазмұн: сарматтардың материалдық мәдениеті.

3-зал · «Археология»

Негізгі мазмұн: археологиялық ескерткіштер (сармат қорымдары).

Аралтөбе: сарматтар дәуірінің айрықша ескерткіші

Түсіну

Аралтөбе — сарматтар дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш. Ол Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай, Ақмешіт ғибадатханасының оңтүстік-батысында, Құлшаната бейітіне жақын орналасқан.

Ескерткішті 1989 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі З. Самашев) ашқан. 1999 жылғы алғашқы зерттеу кезінде үш зират қазылды: бұрын тоналған екі зираттан мәйіт қаңқалары мен шыны моншақтар, жебе және қанжар сынықтары табылды, ал үшінші зират тоналмаған күйінде сақталған.

Тоналмаған зираттан табылған негізгі олжалар

  • Жүзден аса жебесі бар қорамсақ.
  • Қыш құмыра.
  • Темір қылыш.

Бұл ескерткіштің ғылыми маңызы ерекше: сармат дәуірінің (б.з.б. IV ғ. – б.з. II ғ.) көптеген қорымдарында әдетте семсер мен қанжарлар кездесетін, ал қылыштың кең таралуы көбіне Еуропада — аландар кезеңімен (IV–V ғғ.), Азияда — көне түркі тайпаларының әскери ісінің дамуымен байланыстырылады. Аралтөбедегі олжа қылыштың пайда болу мерзімі бұдан да ертерек екенін көрсетіп, оны көне Атырау өңірінде өмір сүрген сармат тектес қауымдар тарихымен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Үшінші зиратта сармат қоғамында жоғары лауазым иесі болған, қолбасылық пен абыздықты қатар атқарған адам, оның жұбайы және екі жылқысы бірге жерленгені анықталды. Жерленген адамдардың киімі асыл бұйымдармен, көркем әшекейлермен безендірілген. Қару-жарақпен қатар абыздың асатаяғы да болған.

Музейлік құндылық

Қайта қалпына келтірілген «алтын киімді» сармат көсемінің мүсіні 2000 жылы экспозицияға қойылып, музейдің ең құнды жәдігерлерінің біріне айналды.

Практика: қолдану тапсырмалары

Қолдану

1) Семантикалық карта

Оқиғаларды тиісті нысандармен сәйкестендіріңіз: Бесоба, Аралтөбе, Сынтас, Жайық, Бәйте.

Тұжырым Сәйкестендіру
1 Сармат ескерткіштері арасындағы жақсы зерттелген қорым
2 Абыз-әйелдері жерленген қорым
3 Сармат көсемі — «екінші алтын адам»
4 Мінажат жасау үшін салынған ғибадатхана
5 Сарматтар мекендеген теңіз жағалауы
6 1999 жылы зерттелген қорған

2) Сөйлемді толықтыр

Обаларда __________ жасалған ыдыстар да кездеседі, бірақ бұл ыдыстарды олар өздері жасамаған, __________ елдерінен алдырған. Сарматтарда __________ және __________ тұрмыспен қатар __________ та дамыды. Ескерткіштердің көпшілігі __________, __________, __________ өзендерінің бойында орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, __________ отқа табыну рәсімі болған.

Жауабы

шыныдан; шығыс; көшпелі; жартылай көшпелі; отырықшылық; Жайық; Елек; Жем; дай-массагеттерде.

3) Венн диаграммасы (салыстыру)

«Алтын адам» (сақ)

  • 1969 жылы Есік қаласындағы Есік обасынан табылды.
  • Мерзімі: б.з.б. V–IV ғғ.
  • Археолог: К. Ақышев.

Ұқсастығы

  • Үстем тап өкілі.
  • «Алтын адам» мәртебесі.
  • Баға жетпес тарихи мұра.
  • Қазақ мәдениетінің дамығанын дәлелдейді.
  • Ұлттық мақтаныш.

«Алтын адам» (сармат)

  • 1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданынан табылды.
  • Мерзімі: б.з.б. II ғ.
  • Археолог: З. Самашев.

4) «Бес жол өлең» (талдау)

Оқулықтағы сармат көсемінің суретіне қарап, өлкетану мұражайында көрген жәдігерді елестете отырып, бес жол өлең құрастырыңыз.

Құрылымы

  • Зат есім: Сармат
  • Сын есім: керемет, жеңімпаз
  • Сан есім: б.з.б. II ғ.
  • Етістік: ел басқарған
  • Синоним: көсем

Нәтиже

Жұмыс соңында әр топ өз өлеңін оқып, мәтіндегі негізгі ойды дәлелдеумен қорғайды.

Ой шақыру: тарихи мұраны дәріптеу

Жинақтау

Атырау облысының Құлсары қаласында «Алтын адам» ескерткіші ашылды. Ескерткіштің биіктігі — 5 метр. Мүсінін сомдаған — Серік Мәтениязов.

«Аралтөбе» қорымынан табылған Алтын адам — көшпенділер тарихы мен мәдениетінің тым әріден басталатынын дәлелдейтін, сонау дәуірден-ақ біздің өлкеде өркениетті қоғам болғанын айқындайтын белгі. Осындай құндылықты дәріптеу жастардың өз елінің тарихын тереңірек тануына, елжандылық пен ұлттық рухани мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ойға ой қосу

Әкім пікіріне қандай ой қосар едіңіз?

  1. 1.Әр өңір өз жерінен табылған тарихи жәдігерлерді жас ұрпаққа жүйелі насихаттауы қажет. Ескерткіш жанындағы анықтамалық бірнеше тілде берілсе, келушілер үшін де, туристер үшін де әсері артады.
  2. 2.Тарихы мол туған өлкені мақтан ету — оны сақтау жауапкершілігімен ұштасуы тиіс. Тарихи мұраны көздің қарашығындай қорғауға әрқайсысымыз үлес қоса аламыз.

Тілдік және мәдени байланыс

«Жәдігер» сөзінің орыс тіліндегі баламасы — экспонат. Осы ұғым арқылы әлемдік көрмелердің мәнін түсіндіруге болады: ЭКСПО — халықтардың түрлі саладағы жетістіктері мен құнды нысандарын таныстыратын халықаралық алаң.

Бағалау және рефлексия

Баға беру

Бағалау

Қай топ жоғары ұпай жинаса, сол топ «білім шыңына» бірінші жетіп, «5» бағасын алады.

Рефлексия сұрақтары

  1. 1.Сабақтағы көңіл-күйім қандай болды?
  2. 2.Бүгінгі сабақтан нені үйрендім?
  3. 3.Маған не ұнады?
  4. 4.Маған не ұнамады?

Үй тапсырмасы

  • «Сарматтардың шаруашылығы мен тұрмысы» тақырыбының соңындағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беру және тест тапсырмаларын орындау.
  • «Сармат көсемінің қазақ тарихындағы маңызы» тақырыбына эссе жазу.