Әкенің ізгі қасиеттері
Отбасы — алтын діңгек
Бұл тәрбие сағаты отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, бала бойына сүйіспеншілік пен жылылық ұялатуға бағытталған. Әке мен ананы құрметтеп, адал да парасатты ұл мен қыз болып қалыптасуға, сондай-ақ қоғамға жат қылықтардан сақтануға үндейді.
Мақсаты
- Сүйіспеншілік пен жылылық сезімін қалыптастыру.
- Ата-ананы құрметтеуге, адалдық пен парасаттылыққа тәрбиелеу.
- Жақсы тәрбиені нәтижелі етуге үйрету, жат қылықтардан сақтандыру.
Көрнекілігі
- Ата-ана туралы ұлағатты сөздер.
- Шарлар, слайдтар, фотосуреттер.
Әдісі
- Ой бөлісу.
- Топтық жұмыс.
- Пікір алмасу.
Тәрбие сағатының барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Қонақтармен сәлемдесу.
- Оқушылардың орналасуын қадағалау.
2) Кіріспе сөз және түсініктеме
Мұғалімнің кіріспесі отбасы ұғымының қадірін арттырып, ата-ананың орнының айрықша екенін еске салады. Қазақта: «Ана — сая болар бағың болса, Әке — асқар тауың» дейді.
Бір күн бар жылатар күн, жұбатар күн,
Бір күн бар мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
«Әке» деген сезімді ұмытар кім?!
Ана — жарық сыйлаған жан екенсің,
Ана — шуақ шашатын таң екенсің.
«Ана — өмір, ана — бақыт, ана — жүрек»,
Деп соққан жүрегімнің әні екенсің.
Бүгін Отбасы мерекесіне арналған акция аясында «Отбасы — алтын діңгек» атты шағын шарамызға қош келдіңіздер! Ендеше, ұлылардан қалған ұлағатты сөздерге құлақ түрейік.
3) «Ұлылардан қалған ұлы сөздер»
- Мұхаммед Пайғамбар: «Әуелі анаңды сыйла, сосын анаңды сыйла және тағы да анаңды сыйла!»
- Кемал Кеніш: «Үйіміздің шуақты нұры — аяулы ана болса, асқар тауы, ақылшы тірегі — әке.»
- Дулат Бабатайұлы: «Ата-ана ақылы — қазылған қара кенмен тең.»
- Махмұд Қашқари: «Атасынан ақыл алса — тентек ұл да жөнделер.»
- Виктор Гюго: «Нәзіктік атаулының жиынтығы — ананың алақаны, сондықтан ол сәби үшін жылы ұя.»
- Қадыр Мырза Әли: «Қазақ әйелі — бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең ізгі жан иесі.»
- Ғабит Мүсірепов: «Ана — бар тілегін перзентінің жолына, бақытына арнаған әлемдегі ең мейірбан жан.»
- Ғабиден Мұстафин: «Балаға сіңірген ата-ананың еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды. Ол — өле-өлгенше суынбайтын, сарқылмайтын махаббат.»
Хор
«Ана туралы жыр» (сынып оқушылары орындайды).
4) Оқушылар пікірі: әдеп пен құрмет туралы
Ұл-қыз ата-анасын және үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтем десе, ең алдымен әдепті болуы керек. Ісін адал әрі тыңғылықты атқарған бала ата-ананың үмітін ақтайды.
Ата-ананы сыйлау — бала кезде өзіңді қалай бағып-қағса, қартайғанда оларды да солай аялап, құрметтеу.
Ата-ананың көңілін қалдырма, жүрегіне қайғы түсірме.
Ата-анасын ұмытқан бала — опасыздықтың ең ауырына барады; мейірімсіздікке жол береді.
Ата-ананың қадірін білмеген адам халықтың да қадірін терең түсінбейді.
Түн ұйқысын төрт бөлген, бесік тербеткен ананың ақ мейірімін бағаламау — үлкен қателік.
Кейбір балалар ата-анасына қарсы сөйлеп, айтқанын тыңдамай жатады. Мұндай қылықтан аулақ болайық. Әке — тірегің, қамқоршың, асқар тауың. Ана — жарық дүниеге әкелген жан.
Қорытынды сөз
1-жүргізуші
Келе ғой, ботақаным, өзіме деп,
Анам кеп сипағанда шашымды жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол кездегі,
Әкемнің маңдайымнан өпкен кезі-ай.
2-жүргізуші
Тұрғандай ана сөзі тербеп мені,
Өмірім өнеріммен өрнектелді.
Тілейді әр ізіме ақ жол менің,
Әрқашан әке үні жебеп мені.
Құрметті ата-аналар, оқушылар! Сыныбымыздың атынан әр шаңыраққа амандық пен береке тілейміз. Қыздарыңыз қызғалдақтай құлпырып, ұлдарыңыз ізгі армандарыңызды жүзеге асыра берсін.
Бүгінгі тәрбие сағаты осымен аяқталды. Келген қадамдарыңызға гүл бітсін! Келесі кездескенше сау болыңыздар!