Балалардың ғарыш туралы түсініктерін кеңейту
«Ғарыш әлеміне саяхат»
Мектепалды даярлық тобына арналған ұйымдастырылған оқу қызметінің мазмұны: көктем туралы білімді толықтыру, 12 сәуір — Ғарышкерлер күніне орай балалардың ғарыш туралы түсінігін кеңейту және тілдік-танымдық дағдыларын дамыту.
Мақсаты
- Көктем ерекшеліктерін, көктемгі мерекелерді еске түсіре отырып, әңгімелеу дағдысын дамыту.
- Ғарыш туралы түсініктерді кеңейту, қызығушылықты арттыру.
- Сөздік қорды байыту, ойлауға, армандауға баулу.
- Есте сақтау мен зейінді дамыту.
- Батылдыққа, адамгершілікке, ұжыммен бірлесіп әрекет етуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдері
Әңгімелеу, сұрақ-жауап, ойын.
Көрнекілігі
Зымыран суреті, әуе шары, геометриялық пішіндер.
Пәнаралық байланыс
Тіл дамыту, құрастыру.
Алдын ала жұмыс
Ғарышкерлер мерекесіне байланысты тақпақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар жаттату.
Ұйымдастыру кезеңі
Шаттық шеңбері
Қол алысып, кәне біз,
Достасайық бәріміз.
Айтарым бар сендерге,
Тез тұрыңдар шеңберге.
Қандай жақсы бір тұру,
Достарыңмен бір жүру.
Қандай жақсы дос болу,
Қандай жақсы көп болу.
Жетекші сұрақтар
- Бір жылда неше мезгіл бар?
- Бір жылда 4 мезгіл бар.
- Жыл мезгілдерін ата.
- Көктем, жаз, күз, қыс.
- Бір жылда неше ай бар?
- 12 ай бар.
- Қазір қай мезгіл?
- Көктем мезгілі.
- Сәуір айында қандай мереке бар?
- 12 сәуір — Ғарышкерлер мерекесі.
Тосын сәт
Әуе шары ұшып келіп, жерге түседі. Шардың ішіндегі хат оқылады: ғарышкер ағаларымыз балаларға қызықты ойындар мен тапсырмалар жолдапты.
Ғаламшарлар бойынша тапсырмалар
Әр «ғаламшарда» балалардың білімін, тілін және қиялын дамытатын қысқа тапсырмалар орындалады.
I ғаламшар: Білім сұрақтары
1) Қазақтың тұңғыш ғарышкерлері кімдер?
Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов.
2) Қазақстандағы ғарыш айлағы қалай аталады?
Байқоңыр.
II ғаламшар: «Ребустар» тапсырмасы
- Суреттер бойынша ребус шешу.
- «Ғарышкер» сөзіне сөйлем құрастыру.
III ғаламшар: Тақпақтар
Сапарға енді ғажап тым,
Тоқтар тартты алысқа.
Туған ұлы қазақтың
Тұңғыш ұшты ғарышқа!
Тоқтар менен Талғат
Ғарышқа ұшты самғап.
Ел мерейін өсірді,
Көк пен жерді жалғап.
Тоқтар, Талғат және Айдын
Ғарышқа ұшты самғап.
Өлең жазды ақындар
Үшеуіне арнап.
Сырын ашып ғарыштың,
Туған елдің бағына,
Құшағына даламның
Ораламын тағы да.
IV бөлім: «Зымыран — ұшақ» ойыны
Мақсаты: есте сақтау мен зейінді дамыту.
«Зымыран» — қолымызды жоғары көтереміз.
«Ұшақ» — қолымызды екі жаққа созамыз.
Сергіту сәті
Аспан, аспан арайлым,
Саған жиі қараймын.
Сені көзбен шоламын,
Мен ғарышкер боламын.
V ғаламшар: Жұмбақтар
1) Күміс қанат сұңқары
Көкке еркін сүңгиді.
Бұлттан да тым әрі
Кеткен жанды кім дейді?
Жауабы: ғарышкер.
2) Аспанда бір алып құс
Ызғып ұшып барады.
Қарап тұрсаң ғажайып,
Соңында із қалады.
Жауабы: зымыран.
VI ғаламшар: Жаңылтпаш
Ғарышкер ұшты ғарышқа,
Ғарышқа ұшты ғарышкер.
Айтшы, ғарыш алыс па?
VII ғаламшар: Дидактикалық ойын
Геометриялық пішіндерден зымыран құрастыру.
VIII ғаламшар: Сәйкестендіру
Геометриялық пішіндер арқылы зымырандар мен өзге ғаламшарлықтарды сәйкестендіру.
IX ғаламшар: Шығармашылық жұмыс
Зымыран суретін бояп, дайын жұмыстарды тақтаға ілу.
Қорытынды
Балалар, жарайсыңдар! Ғарышкер ағаларымыздың барлық тапсырмасын дұрыс орындадыңдар. Сабаққа белсенді қатысқан балалар белгіленіп, мақтау сөз арқылы көңіл күйлері көтерілді.