Өлеңмен танысу
Сабақ туралы мәлімет
Орны
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақтасты ауылы
«Ақтасты орта мектебі»
Пән
Қазақ тілі мен әдебиеті
Мұғалім
Бекмұратова Дина Мәлікқызы
Тақырып
Сәкен Сейфуллин — «Ақсақ киік»
Мақсат 1
С. Сейфуллиннің ақындық қуатын таныту, «Ақсақ киік» өлеңін талдап, идеялық мәнін ашу.
Мақсат 2
Мәнерлеп оқу дағдысын жетілдіру, өз ойын анық жеткізуге дағдыландыру.
Мақсат 3
Сұлулықты көріп-бағалай білу, сүйіспеншілік пен аяу сезімін тәрбиелеу; экологиялық тәрбие беру.
Сабақтың түрі
Жаңа білімді игерту
Әдіс-тәсілдер
Баяндау, сұрақ-жауап, тест
Көрнекіліктер
С. Сейфуллиннің портреті, мультимедиа кабинеті, шығармалар жинағы
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сынып оқушыларын түгендеу.
- Сынып тазалығын тексеру.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
II. Мақсатпен таныстыру
Күн тәртібі таныстырылып, жаңа тақырып хабарланады.
III. Жаңа сабақ
1-бөлім: С. Сейфуллин туралы қысқаша мәлімет
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысындағы Нілді деген жерде дүниеге келген. Жастайынан ән айтып, өлең шығарып, өнерге құштар болды. Сонымен бірге қоғамдық-саяси өмірге де ерте араласты.
Қырлары
Ақын, әнші, жазушы, қоғам қайраткері, күйші
Білімі
- 1908–1913: Ақмола, приходская школа
- 1913–1916: Омбы, мұғалімдер семинариясы
Өлең жинақтары
- «Өткен күндер»
- «Асау тұлпар»
- «Экспресс»
- «Тұрмыс толқынында»
Поэмалары
- «Аққудың айрылысуы»
- «Көкшетау»
- «Қызыл от»
Проза және драматургия
Романдары
- «Қыр балалары»
- «Жер қазғандар»
- «Тар жол, тайғақ кешу»
Драма
«Бақыт жолында»
Қызметі
Жазушылар одағында, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналында редактор болып еңбек еткен.
2-бөлім: Өлеңмен танысу
«Ақсақ киік» өлеңі мәнерлеп оқылады. Оқушылардың оқу мәнері, дауыс ырғағы, кідіріс пен екпін қоюы назарға алынады.
3-бөлім: Бетпақдала — киіктер мекені
Бетпақдала — қураған шөл, қысы-жазы елсіз кеңістік. Бұл өңірде өзен-көл де, көк ала бетегелі бел де сирек. Бетпақтың көлденеңін ел «сегіз көшіп» әрең өткен дейді. Мұндай қуаң далада құлан мен киік қана шөлге төзім танытып, өсіп-өніп тіршілік етеді. Меңіреу даладан көбіне ызылдаған желдің үні ғана естіледі.
Киіктің сипаты: адам баласындай мөлдіреген қап-қара көз, желпілдеген әдемі танау — бәрі де оны өзгеше сұлу етіп көрсетеді. Ол — «аңның періштесі», басқа аңға теңдессіз жаратылыс.
Жаралы киік: пайда үшін мүйізін сатып, киік ататын адамдардың бірі осы киікке де көз салады. Бетпақдалада келе жатқан киікке оқ тиіп, пана іздеп, жан сауғалап сандалады. Ақ денесі қанға боялып, әлсін-әлсін жығылып, қаны жерге тамып, қинала береді. Жапанда көмектесер жан жоқ: мөлдіреген екі көзі көмек сұрағандай жәутеңдеп, әлі кетіп, сорлы киік құлайды.
Ой түйін: кейде адамдардың бойынан аяныш сезімі жоғалып бара жатқандай әсер қалады. Табиғаттың еркелері — аң-құсқа, соның ішінде киік, аққу, бөкен секілді әсем жаратылысқа қиянат жасау — жауыздықтың белгісі. Табиғатты қорғап, қастерлейік; бір жәндікке болса да зиян тигізбейік. Сұлулықты көре білейік, бағалай білейік.
IV. Білімді бекіту: сатылай кешенді талдау
Авторы: С. Сейфуллин
Тақырыбы: сұлулықты түсіну және қорғау
Жанры: поэзия (өлең)
Идеясы: табиғатты қорғау, жауыздықты әшкерелеу
Шумақ: 17
Тармақ: 68
Бунақ: 3
Буын саны: 11
Ұйқас түрі: а, а, б, а — қара өлең ұйқасы
Мысал (буынға бөлу): Ар-қаның бет-пақ де-ген да-ла-сы бар
Эпитеттер
сұлу аң, жазасыз жан, қу баялыш, қара жусан, көгала бетегелі бел, шөбі сұйық, таңы аппақ, көзі мөлдір, қара, әдемі танау, байғұс бөкен, ақсақ киік, шыбын жан, қызыл қан, қоңылтақ жел
Теңеулер
қазақтың малдарындай, жас балаша
Түсіндірме сөздік
- шөбі сұйық — шөбі аз
- саяқ — жеке, дара
- меңіреу — тып-тыныш, үнсіз
Тәрбиелік мәні: өлең табиғат сұлулығын суреттей отырып, әдемілікті түсінуге, сүюге және қорғауға тәрбиелейді.
V. Сабақты қорыту
Қорытынды бөлімде «Жез киік» тақырыбы бойынша ой жинақталады.
VI. Үй тапсырмасы
- Өлеңді мәнерлеп оқу.
- «Кей адам киік сатып, кәсіп қылған...» тақырыбында шағын шығарма жазу.
VII. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, мәнерлеп оқуы, талдау жұмысына белсенді араласуы және жауаптарының нақтылығы бойынша бағаланады.