Тәуелсіздік тірегім, елім деп соққан жүрегім
Сабақтың тақырыбы
Тәуелсіздік тірегім, елім деп соққан жүрегім!
Мақсаты
Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарасын қалыптастыру; елін, жерін, Отанын сүюге баулу; егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар, патриоттық қуаты мол жастарды тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Интеллектуалдық ашық тәрбие сағаты.
Өтетін орны
«Атамекен» аймағы, Қазақстан картасы, МКҚК этно-материалдық кешені.
Көрнекілігі
Қазақстан Республикасының рәміздері, оқушылар салған суреттер, слайдтар, шығармашылық жұмыстар.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
16 желтоқсан — Алты Алаштың айбынын айғақтаған, ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымыз жаңа белеске көтерілген Тәуелсіздік күні.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 22 жыл толғаны — тарих үшін де, ұрпақ санасы үшін де айрықша белес.
Дәйексөз
«Бақыт — бағасын білгеннің басында ғана тұрады».
— Нұрсұлтан Назарбаев
Данагөй бабаларымыз халықтың өмірі мемлекеттің өмір сүруінің мән-мағынасына айналғанда ғана адамдар рухани тірекке табан тірейді деп бекер айтпаған.
Тәуелсіздік — азап пен төзімнің, сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған халық шыдамының өтеуі. Ол — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы.
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның құдіретті күші — ел бірлігі мен ұлттар татулығында. Сан түрлі кедергілер мен ауыр сындарға қарамастан, тәуелсіздігіміздің әрбір қадамы жүрегімізді толқытып, кеудемізге қуаныш ұялатады. Мұндай шынайы сезімді туған Отанының патриоты, оның еркін азаматы ғана терең сезіне алады.
Тарихын қастерлейтін ұрпақ — сіздер. Олай болса, бүгінгі сынақтан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін.
Сабақ барысы
1) Топқа бөліну
Оқушылар барыс, бүркіт, жылқы бейнеленген суреттерді таңдап, сол арқылы үш топқа бөлінеді.
2) «Сурет құпиясы»
Слайдтағы құпия сөздің көмегімен тәрбие сағатының тақырыбы анықталады.
3) Бейнебаян
Ұзақтығы: 1 минут
Тақырыпқа кіріспе ретінде қысқа бейнематериал көрсетіледі.
Интеллектуалдық ойын: «Шардағы сұрақ»
Шарларды атып, ішіндегі сұрақтарға жауап береміз. Егер шар жарылмаса, кезек келесі топқа өтеді. Дұрыс жауап берген сайын қоржындарыңыз жұлдызшамен толықтырылады.
Сұрақтар
- Әнұранның авторлары кімдер?
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне қай жылы 10 жыл толды?
- Тарихтағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (жоңғар шапқыншылығы) қай жылдары болды?
- Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы не білесің?
- «Кіші Октябрь» саясатының зардабы қандай болды?
- Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс қай жылы болды?
- Музыкалық сұрақ: әуені арқылы әнді тауып, бір шумағын орындау.
- «Үш кемеңгер дүлділім, сақтаған ел бірлігін» — үш биді ата.
- «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар…» — жалғастыр.
- «Бақыт — бағасын білгеннің басында ғана тұрады» — кімнің сөзі?
4) «Көшбасшы тұлғалар»
Тәуелсіздік жолында «елім, жерім» деп жүрегі соққан көшбасшыларды еске түсіріп, флипчартқа жазамыз. Әр топ өз жазған тұлғаларын дауыстап оқиды.
Бағалау
- Ең көп жазған топ — 3 жұлдызша
- Келесі топ — 2 жұлдызша
- Келесі топ — 1 жұлдызша
5) «Болашаққа қадам…»
Топтық шығармашылық жұмыс:
- 1-топ — саздан мүсіндеу.
- 2-топ — бояу, қарындаш, қағаз арқылы сурет салу.
- 3-топ — түрлі-түсті қағаздан коллаж жасау.
Музыкалық үзіліс
Сәуірбаева Әсемнің орындауында «Туған жер» әні.
6) «Мен қандай көшбасшымын?»
Бүгінгі сабақты қорытындылайық: жұлдызшаларыңызды санаңыздар.
Мойындарыңызда ілінген кейіпкерлер — қазақ болмысына жақын бүркіт, барыс, жылқы. Бұл бейнелерді қайдан кездестірдіңіздер?
Сіздер оларды өздеріңіз таңдадыңыздар, демек соларға тән мінез-құлықтың бір бөлігі өз бойларыңызда да бар. Солай емес пе?
Тапсырма
«Менің тәуелсіз еліме тілегім» тақырыбында қысқа ой-толғау құрастырыңыз.
7) Қорытынды
Мойындарыңыздағы суреттің артқы жағына қандай көшбасшы екеніңізді және тәуелсіз елімізге тілегіңізді жазыңыз.
Ортаға шығып, шеңберге тұрамыз. Соңында барлық оқушы хормен:
«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол — тәуелсіз Қазақстан!»