Даналық сөз

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пәні

Қазақ тілі (4-сынып)

Тақырыбы

Сөйлемнің бірыңғай мүшелері

Түрі мен типі

Аралас сабақ; жаңа білімді меңгерту

Сабақтың мақсаты

  • Сөйлемде бір сұраққа жауап беріп, бірдей тұлғада айтылатын сөздердің сөйлемнің бірыңғай мүшелері болатынын меңгерту.
  • Байланыстырып сөйлеу дағдысын және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Ақылды, білімді болуға және қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім.
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім.

Балалар, бүгін қазақ тілі сабағына қонақтар қатысып отыр. Қонақтармен амандасып, сабағымызды бастайық.

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге
Құрметпенен біз.

Енді барлығымыз қол ұстасып, жолдасымыздың алақан жылуын сезінейік. Бір-бірімізге қуаныш пен шаттық сыйлайық. Бүгін сабақта зейінді, белсенді болуларыңды тілеймін. Сәттілік!

Бүгінгі сабақта адам өмірі үшін өте қажет нәрсе туралы сөз қозғаймыз. Сендер қалай ойлайсыңдар: адам өмірі үшін не керек?

Барлық жауап құнды. Бүгін әр дұрыс орындалған тапсырма үшін сыйлық ретінде әлемнің әр түкпірінен келген нақыл сөздер беріледі. Оларды зерделеп, ойға түйеміз.

Дәптер жұмысы

Бүгінгі күнді жазу.

Көркем жазу

Шш

2) Дайындық кезеңі: «Миға шабуыл»

  • Сөйлем мүшелері дегеніміз не?
  • Сөйлемнің қандай мүшелерін білесіңдер?
  • Тұрлаулы мүшелерге нелер жатады?
  • Тұрлаусыз мүшелер дегеніміз не?

Даналық сөз (қытай мақалы)

Ақылды болуға жетелейтін үш жол бар: біріншісі — тәжірибе жолы (ең ащы жол), екіншісі — ұқсау жолы (ең жеңіл жол), үшіншісі — ойлау жолы (ең таза жол).

3) Жаңа тақырып: сөйлемнің бірыңғай мүшелері

Мына сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талдайық:

Қараторғай, қарлығаш, үйрек жылы жаққа ұшып кетті.
Біз орманды, өзенді, көлді қорғаймыз.

Талдаудан кейін қорытынды жасаймыз.

Ереже

  • Сөйлемде бір сұраққа жауап беріп, бірдей тұлғада айтылған сөздер бірыңғай мүшелер деп аталады.
  • Бірыңғай мүшелер сөйлемдегі бір ғана мүшемен байланысады.
  • Бірыңғай мүшелердің арасына үтір қойылады.

а) Жаттығу жұмысы

178-жаттығу: бір сөйлемді таңдап, сөйлем мүшелеріне талдаңдар және дәптерге жазыңдар.

Даналық сөз (Махмұт Қашғари)

Ақылмен арыстан да ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың.

ә) «Шатастырмақ» ойыны

Тапсырма: шатасқан сөздерді үлгі бойынша топтастыр, ортақ сөзбен ата және сөйлем құра.

Үйрек Қызылша Қасқыр Баршагүл Аю Бұрыш Картоп Қалампыр Қызанақ Қаз Қарға Түймедақ

Бағдар

Топтастыр: жануарлар, құстар, көкөністер, гүлдер.

Ортақ атау

Әр топты ортақ сөзбен ата.

Сөйлем құрау

Бірыңғай мүшелері бар сөйлем құрастыр.

б) Өлең жолдарынан бірыңғай мүшелерді тап

Нұрымен ақ таңның боялған,
Өлкеміз ұйқыдан оянған.
Күтуде асқар тау, сай, орман,
Жорыққа, сапарға даярлан.

Арыстан, аю, қасқыр, түлкі, борсық,
Сілеусін, жолбарыстар түнде жортып.
Тулаған аққан бұлақ тасқынында
Асаудай ойнақ салар балық шоршып.

Даналық сөз (Лев Толстой)

Даналық білмеуден қорықпайды; күмәнданудан, еңбектен, зерттеуден қорықпайды. Бір ғана нәрседен — «білмейтінімді білемін» деуден қорқады.

в) Суреттермен жұмыс

Суреттерге қарап, бірыңғай мүшелері бар сөйлемдер құрастырыңдар.

Еске салу

Бірыңғай мүшелер бір сұраққа жауап береді, бірдей тұлғада айтылады және араларына үтір қойылады.